ҚАЗАҚСТАНДА 1 ҚАҢТАРДАН БАСТАП ПАСПОРТ МЕН ЖЕКЕ КУӘЛІК ЖАСАТУ ҚЫМБАТТАЙДЫ

26 желтоқсан 2024 516 0
Оқу режимі

Келесі жылы айлық есептік көрсеткіш 3 932 теңгеге дейін өседі. Сол үшін мемлекеттік құжаттарды дайындау құны да көбейеді. 

Төлқұжат жасату құны:

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап паспорттағы бет санына байланысты баж құны өзгереді:

24 парақ – 4 АЕК, яғни 15 728 теңге (16 жасқа дейінгі балалар үшін);

Қолданыстағы 36 парақ төлқұжат құны 8 АЕК яғни, 31 456 теңгеге өседі.    

48 парақ – 12 АЕК, яғни 47 184 теңге (ересектерге) болады. 

Төлқұжат өтінім берген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде дайындалады. Бірақ қазақстандықтар қосымша ақы төлеп, төлқұжатты тезірек алуына болады. 

Жеке куәлік жасату құны:

Тұрғындар жеке куәлік жасату үшін 0,2 АЕК немесе 786,4 теңге төлеуі керек. Бірақ жеке куәлігін жоғалтып, бір жыл ішінде екі реттен артық жасатса, 1 АЕК немесе 3 932 теңге төлеуге тура келеді.

Төлем электронды үкіметтің төлем шлюзі, екінші деңгейлі банктер арқылы немесе QR-код бойынша жүзеге асырылады.

Құжаттарды кімдер тегін ала алады?

Айта кетейік, кейбір азаматтар құжаттарды тегін ала алады. Салық кодексінің 622-бабына сәйкес мемлекеттік баждан мына тізімдегілер босатылады:

Кеңес Одағының батырлары, Социалистік еңбек ерлері;

үш дәрежелі Даңқ орденінің және үш дәрежелі Еңбек Даңқы, "Алтын Қыран", "Отан" ордендерімен наградталған, "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болғандар;

"Батыр Ана" атағына ие болған, "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқаларын алған көпбалалы аналар;

ҰОС ардагерлері, оларға теңестірілгендер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;

Мүгедектігі бар адамдар, бала жасынан мүгедектігі бар адамның, мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі;

Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде тұратын қарттар, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар;

Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккендер.

Осы санаттағылар растайтын құжатты көрсетуге тиіс.

Жеке басты куәландыратын құжат (Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерінде ресімделген Қазақстан Республикасы азаматының паспорттарын қоспағанда) алуға өтінім берілген күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде беріледі. 

Жеке тұлғаның қалауы бойынша жеке басты куәландыратын құжаттар ресімдеген күннен бастап:

Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында – 1 жұмыс күніне дейін, облыс орталықтарында – 3 жұмыс күніне дейін;

Қазақстан Республикасы азаматының төлөқжаты, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі, шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында – 3 жұмыс күніне дейін, облыс орталықтарында 5 жұмыс күніне дейін, 

Облыстардың аудандарында және қалаларында 7 жұмыс күніне дейін жеделдетілген тәртіппен беріледі.

Айта кетсек, 2025 жылы неке қию туралы куәліктің құны да 1 АЕК немесе 3 932 теңге болады.

Бірақ ажырасуға өтініш беру екі есе қымбатқа түседі, яғни –  2 АЕК немесе 7 864 теңге.

Туу туралы куәлік тегін беріледі. Бірақ жоғалтып алып немесе басқа да жағдайлармен қайта жасатқан жағдайда 0,5 АЕК немесе 1 966 теңгені төлеу керек болады. 

 

Пікірлер Кіру