ҚАЗАҚТЫҢ БҮГІНГІ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЛЕГІ
Қазақты ұлт, мәдениет және мемлекет ретінде біріктіретін құндылықтар легі бар. Бұл құндылықтар ғасырлар бойы қазақ халқының ұлттық ерекшелігін, дүниетанымын, болмысын және бірлігін нығайтып келеді.
Бірінші, тілі және әдебиеті бар ұлтпыз. Қазақ тілі – ұлттық тұтастық пен ортақ сананың өзегі. Ол халықтың ой-өрісі мен мәдениетін бейнелеп, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты қамтамасыз етеді. Қазақтың бай әдебиеті (жырлар, дастандар, мақал-мәтелдерді айтпағанның өзінде) ұлы ақын-жазушыларының мұрасында тұр. Қазақ (Иасауиден бастап Абай, Мұхтар мұралары)ұлттық санасының негізі екендігі анық.
Екінші, дін және руханияты бар ел қалайша құндылықсыз қалады. Ислам діні, әсіресе оның сунниттік бағытындағы ханафи мәзһабы, сопылық, ихсан ар ілімі, қазақ халқының рухани, философиялық және мәдени негізін құрайды.
Ислам құндылықтары – бауырмалдық, адалдық, қайырымдылық тб – қазақтың күнделікті дүниетанымы мен өміріндегі ізгілік көздері.
Үшінші,әдет-ғұрып, салт дәстүрлері. Қазақтың дәстүрлерінің бәрі ұлтты біріктіруші платформалар. Адамзатсүйгіштік, Қонақжайлық қалпынан кешегі Сталиндік репрессияда да – қазақ ұлты айрылмады. қазақ халқының мейірімділігі мен адамгершілігін немістер мен шешендер жыр қылып айтып жүр.
Төртінші, қазақ ұлты тарихы, тамыры бар, отаны, моласы мен әруағы бар және батырлық дәстүрі сақталған ғарыш, болмыс!
Қазақ тарихындағы ұлы тұлғаларымыздың өзі мемлекеттілік пен егемендікке ұмтылысты бейнелейді. Батырлық эпостар мен тарихи жырлар қазақ рухын асқақтатып, бір мақсатқа біпіктірген.
Бесінші, туған Жер, отан, табиғат жайлауымыз бар. Қазақ даласы – қазақ ұлтының кеңістігі әрі болмысы. Жерге отанға деген сүйіспеншілік, оны қорғау – қазақ ұлтының басты құндылығы.
Алтыншы, Фарабише айтқанда, Ұлттық музыка ритмдері мен толқындары бар өнерлі халық. Домбыра мен қобыздың үні, қазақтың дәстүрлі әндері мен күйлері – ұлт руханиятының айнасы. Өзінің сәулеті, қолөнері, ұлттық бірлігін нақтылайды.
Жетінші, бірлік пен ынтымағы болмаса, ел бола ма? Қазақ халқының негізгі құндылығы:«Бірлік бар жерде – тірлік бар»!
Сегізінші, Мемлекеті бар! 1991 жылы Қазақстан егемен ел болды! “Егемен болмай, ел болмас” дегенді де аталарымыз айтып кеткен. Егемендік ең басты құндылық.
Осы құндылықтар қазақтың мәдениетін, мемлекеттігін және ұлттық бірегейлігі мен тұтастығын сақтауда негізгі рөл атқарады. Мәселе соларды әрдайым ұрпақтан ұрпаққа бере білуде жатыр… Осы құндылықтарға деген құрмет пен сүйіспеншілік елдігіміздің кепілі!