ҚИЯНАТЫҢ ТУРАЛЫ ЕШКІМГЕ АЙТУШЫ БОЛМА!

16 мамыр 2024 2547 0
Оқу режимі

Түйесімен шөл далада келе жатқан жолаушы адам далада сусыз қалып, шөліркеп  жатқан бір кісіге тап болады. Әлгі кісі Алла разылығы үшін су сұрайды. Жолаушы һәм қайырымды кісі түйеден түсіп, шөліркеп жатқан кісіге су береді. Сол уақытта суын ішіп, күш қайратын бойына жиған адам жәрдем берген кісіні итеріп жіберіп, түйеге секіріп мініп қаша жөнелген екен. Түйесінен айрылған жолаушы кісі орнынан тұрып, қашып бара жатқан ұрының артынан бар дауысымен айғайлай бастайды.

– Жарайды, түйені менен алып, қашып бара жатырсың, бірақ сенен бір өтінішім бар. Бұл жасаған қиянатың туралы ешкімге айтушы болма, деген екен. Мына сөзді естіген ұры бұған таңқалып, алыстан тоқтаған күйі себебін сұрағанда, әлгі жолаушы жан,

– Жасаған бұл қиянатыңды айтсаң елге жайылып, айдалада шын мұқтаж болған жандарға қорыққаннан ешкім жәрдем бермеуі мүмкін. Сондықтан зымырап жатқан өмірде жасалған жақсылыққа жамандығыңмен жауап берсеңде, шынайы көмекке зәру жандарға жақсылық жасау өз жалғасын табуы керек, деген екен.

Иә, шындығында өзгенің жаман әрекетіне кешіріммен қарау да жақсылықтың нышаны. Өйткені, кінәлі адамды тек кешіріп қана қоймай, оған жақсылық жасау кісінің көңілін жаулап, жақсылыққа деген махаббатын оятары сөзсіз.

«Жамандыққа жақсылықпен жауап беру тек сабырлы адамға тән қасиет. Бұл әрекет адамға көптеген несібе әкеледі. Егер бойыңда сайтани тұрғыдағы жағымсыз қылықтар бой көрсете бастаса, дереу Аллаға жалбарын. Өйткені, Жаратушы ие барлық дауысты естиді, болған әрбір істі бәрінен де жақсы біледі» (Фуссилат сүресі, 35-36 аяттар).

Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру