ҚОЖА ХАФИЗДЕН (Шәкәрімнің аудармасы)

26 желтоқсан 2024 519 0
Оқу режимі

* * *
Анық ерге жолдас бол,
Нұқ кемесiн ол бiлсе.
Бiр тамшыдай көрмес ол,
Топан суы кез келсе.
Жатар жерi әркiмнiң
Топырақ болса бiр уыс,
Не қылады үйлерiн
Көкке жеткен көп қуыс.
Шық, отырма бұл үйде,
Разы болма нанына.
Бұл қара ыдыс түбiнде,
Тас қонақтың жанына.
Қанғамдағы айымсың,
Мiндiң Мысыр тағына.
Ендi отырмақ саған мiн,
Шық зынданнан бағыма.
Жұпар шашқан тұлымың
Бiр-бiрiне өрiлген.
Жете алмады бiлiмiм,
Неге нұрлы көрiнген.
Қуаныш қыл рахатта,
Қайғысыз бол, iш шарап.
Құранды оқып, ел аулап,
Тұзақ құрма сен бiрақ.


* * *
Егер сүйiктi ол бала
Көңiлiмдi алса мен үшiн,
Самарқан мен Бұқара,
Бердiм қара мең үшiн.
Қалған қымызды әкел сен,
Бер, аяқшы, кесемен.
Гүлдi жемiс, талды өзен
Табылмайды бейiстен.
Шала асықпыз жағалап,
Жар көңiлi бiр бөлек.
Қастауыш, иiс, мең, далап
Нұрлы жүзге не керек.
Мастық, қымыз әм сөйлес,
Дүние сырын сөз қылма.
Ол тұңғиық жан бiлмес,
Сыр да ашылмас мың жылда.
Жүсiптегi сұлу жүз,
Күндей нұрын жайғызған.
Зылиқаны бiлемiз,
Ар-ұяттан тайғызған.
Мiнiмдi айттың, разы, бiл,
Мен сондайды ұнайым.
Тәттi ерiнге ащы тiл
Жарасады әрдайым.
Насихатты, кел, есiт,
Кәрi ғалым айтса зар.
Естi, бақты жас жiгiт
Оны жаннан дос тұтар.
Меруерт тiздiң жыр сөзiн,
Жақсы оқышы жақын кеп.
Аспан шашсын жұлдызын:
"Бәрекелдi, батыр", - деп.


* * *
Мәжiлiсiнде досыңның
Қиын аман қалмағың.
Әр не қылып отырсың,
Жел өлшейдi салмағын.
Тәттi мiнез, жылы сөз -
Онан ешкiм құтылмас.
Зерек құсты, ашық көз
Бұғалықпен тұтылмас.
Не себептен, бiлмедiм,
Дос иiсi оның жоқ.
Қара көздi, бойы сым,
Ай жүздiге сенiм жоқ.
Сұлу-ақсың нұры мол
Мiн қоятын кiсi жоқ.
Бiрақ бетiң мiнi сол -
Уағда, мейiрiм түсi жоқ.
Көп мал, бағың, досың тұр.
Арың үшiн бiр ойлан.
Не күн көрiп, неғып жүр,
Бақытсыз, доссыз ғарып жан.
Таңда шолпан ән салып,
Сөзiме қобыз күйлесе.
Көкте Ғайса қозғалып,
Әнiммен қоса билесе.


* * *
Кешегi басшы пiрiмiз
Мешiттен кеттi кабакқа.
Мүридтер, қалай жүремiз,
Түсемiз қандай сабаққа.
Пiрдiң бетi қарайды
Есек қора жағына.

Бiздiкi неге жарайды,
Құбылаға бақсақ тағы да.
Жар шашына байланып,
Рахатымды бiлсе ақыл,
Дуана болып айналып,
Кетер едi-ау көп мақұл.
Көптiң аңын тор құрып,
Түсiрiп едiм тұзаққа,
Шашыңды жайып, мас қылып,
Айрылдым аңнан ұзаққа.
Нұрлы жүзiң есiркеп,
Ашты бiзге анық сыр.
Жазылмайды сол себеп,
Жазуымда - басқа жыр.
Тас көңiлге берер ме,
Әсер атқан оғымыз.
Ұйықтатпаған сөнер ме,
Жүректегi ыстық шоғымыз.
Кекiлiңдi жел қозғап,
Жарық күнiм болды түн.
Зарлағанда сенi ойлап,
Бар пайдам сол, сөзiм шын.
Бiздiң улы оқ, бiлiңiз,
Көктi көктеп өтпесiн.
Жаныңа рахым қылыңыз.
Сiзге тиiп кетпесiн.

ШӘКӘРІМ

 

 

Пікірлер Кіру