АСТАНА ҚАЛАСЫНДА «ҚҰРАН – САРҚЫЛМАС ҚАЗЫНА» САЙЫСЫ ӨТТІ (ФОТО)
Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Әл-Фәттаһ» мешітінде Құран Кәрімнің 30-парасы бойынша «Құран – сарқылмас қазына» атты сайыс өтті.
Шараға Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов, ҚМДБ Құран секторының меңгерушісі Ахметов Серік қари, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Садырханов Жұманазар қари, «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің ұстазы Нұриддин қари Әбдісаматұлы және басқа да дін қызметкерлері мен мешіт жамағаты қатысты.
Іс-шара басында «Әзірет Сұлтан» мешітінің азаншысы Мұсабек қари Еркінбек әуезді үнімен қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқып, көпшілікпен дұға жасалды. Сайысқа елорда мешіттерінен іріктелген 19 шәкірт қатысып, білімдері мен өнерлерін ортаға салды. Қатысушылар Құран аяттарын жатқа және мәнерлеп оқу бойынша сынға түсті. Әділқазылар алқасы оқылымның тазалығына, тәжуид ережелерінің сақталуына және мәнерлілікке ерекше назар аударды.
Сайыс нәтижесінде үздік деп танылған шәкірттерге арнайы дипломдар мен қомақты сыйлықтар табысталып, барлық қатысушыларға ынталандыру мақсатында алғыс хат берілді. Атап айтсақ, жеңімпаздар мен оларға берілген жүлде қоры төмендегіше:
I орын – Хайрулла Абылай (Республикалық Бас мешіт), Ұмра қажылығы;
II орын – Әділет Маратұлы («Әбу Насыр Әл-Фараби» мешіті), 200 000 ₸;
III орын – Жасұлан Айдосұлы («Сәдуақас қажы Ғылмани» мешіті), 100 000 ₸;
Сондай-ақ, сайысты ұйымдастыруда демеушілік жасаған қайырымды жандарға өкілдік атынан арнайы алғыс білдірілді. Жүлдегерлерді марапаттау рәсімінде әділқазылар алқасы жастарға Құранның маңыздылығы мен оны оқудың сауабы туралы насихат айтып, бұдан кейін де Құранға деген ықылас пен білімдерін жетілдіру қажет екенін тілге тиек етті.
Суреттерді толығырақ «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыз!
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі