АҚЫЛ НЫҒМЕТІ

11 шілде 2024 787 0
Оқу режимі

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا فَقْرَ أَشَدُّ مِنَ الْجَهْلِ وَلَا مَالَ أَعْوَدُ مِنَ الْعَقْلِ. (ض)

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: “Надандықтан өткен кедейлік, ақылдан артық байлық жоқ”. (Қузағи, Мүснәд уш-шиһаб)

Ақыл – рухтың күші; адам онымен білімге жетеді, жақсы мен жаманды айырып, болмыстың ақиқатын сезе алады. Ақыл адамның илаһи үнді ұғып, көптеген ақиқатты аңғаруына қажет, аса құнды байлық. Сол себепті Ислам діні адамның табиғатын, ақылын жоғары бағалайды. Тин сүресінің 4-ші аятында (мағынасы) “Сөз жоқ, Біз адамды ең әдемі бейнеде жараттық” деп баяндалады. Бір хадисте:

Адамның адамшылығы ақылында (яғни өмірін ретке келтіріп, дүние мен ақырет бақытына ақылмен жетпек), ақылы жоқтың діні де жоқ” дейді. Aқыл табиғи нұр, жүрек соның арқасында хақ пен қатені айырады. 

Мұнымен қатар, ақыл кез келген жерде толық жетекші де емес. Ақыл Алла Тағаланың ризашылығына сай амалдардың қандай нәрселер екенін анықтай алмайды. Адам көптеген жайға міндетті екенін білгенмен, бұл міндеттердің нелер екенін өздігінен біле алмайды. Сол себепті Алла Тағала тарапынан адамзатқа ақылды одан да нұрландыра түсуші дін берген. Адамдар тек соның арқасында міндеттерін толық ұғына білген.

Демек, адамға түрлі міндеттер жүктеуші оның өз ақылы емес. Ақылды да, ақыл иесін де жаратқан Алла Тағала. Алла Тағаланың бұйрығы мен тыйымдарын адамдарға жеткізу міндеті жүктелген тұлға болса – ардақты Пайғамбарымыз. Расында міндеттің түпкі негізі, тірегі дін; уаһи және пайғамбарлар. Міне, пенденің міндеті осындай ұлы негізге сүйенетіндіктен,  илаһи болмысқа ие.

Тағы бір қоса кетер нәрсе – міндеттің шынайы түп негізі дін болғанмен, одан ақылдың құны түспейтіні анық. Өйткені адамның жауапкершілігі ақылға байланысты. Ақылдан мақрұм жандарға ешбір міндет жүктелмейді. Адамдар Алла Тағала тарапынан өздеріне жүктелген міндеттің ақиқатын, ұлықтығын ақылдарымен түсінген. 

Пікірлер Кіру