СЕНІМ ЖӘНЕ «КӨСЕМДІК ДЕРТ» (пәлсапалық-эссе)

25 қыркүйек 2024 168 0
Оқу режимі

Адамдағы сенімнің ең жоғарғысы Жаратушыға арналған сенім яки имани сенім. 

Бірақ адамзат баяғыдан бері өздері ат қойып алған көптеген құдайларға әлі сенумен келеді. Тіпті, перғауын өзін Құдаймын деп жариялады, адамдарды өлтіріп, тірілте аламын деп, екі тұтқынның бірін өлтіруге бұйрық беріп, бірін босатып жібереді. Сонда оған келген Пайғамбар «Шығыстан шығатын Күнді батыстан шығара аласың ба?» дегенде, ол үнсіз қалды. 

Дәл сондай, Жаратушының хақ дінін әкелген Исаны және оның анасы Мариямды құдай деп санайтындарға да, балшық пен тастан жасап алған құдайларына мал сойып құрбан беріп, олардан игілік сұрайтын Мекке тұрғындарына да «Осы құдай деп атағандарың Көктер мен Жерді жарата ала ма?» дегенде ешбірі жауап бере алмайды. Адамзатқа Құран арқылы келген ақырғы хақ дін осының бәрін керемет дәлелдермен қанша айтса да, қазіргі адамдар да қаншама дінге яки өз-өзінің құдайына табынатын қырсықтығын қояр емес. 

Баяғыдан келе жатқан «Неге бұлай?» деген жауапқа Құранның өзі де қаншама кемел жауаптар берген, өзінің жақсы көргенін құдай санайтын эгоистік, өзімнің жеке құдайым бар дейтін топтық құрғақ намыс және өзінің тар көзқарасынан өзгені ұққысы келмейтін ойламсыздық... осының бәрі Жалғыз Жаратушының бар екенін табиғи түйсікпен сезе тұра, Оны саналы түрде ұға алмайды, ұққысы келмейді.

Өйткені, Жалғыз Жаратушыны тану дегеніміз, Оған таза көңілмен мойынсұнып, білім арқылы ғана жететін жалғыз жол. Жалғыз Жаратушыны «Бар» деп айтқандар «А» қарпін ғана білетін сауатсыз адам, ал «Жоқ» дейтіндер, тіпті, өзінің адамдық қабілетінің қайдан келгенін білмейтін ойламсыз мақұлық деген сөз. Былайша айтқанда адамдар бір Құдайды танымағандықтан, танығысы келмегендіктен өзінің тар санасына жақын, көзіне көрінетін көп құдайшылдыққа ұшырайды.

Сондықтан, саналы адам Бір Құдайдың Құран арқылы хабарланған мынандай негізгі сипатарын үйрену шарт. Мұны Алла Тағаланы танудың әліппесі деуге болады. Алла Тағаланың болмыс сипаты алтау: 

БАР, бүкіл барлық соны білдіреді; Бар болуының бастауы жоқ ӘУЕЛГІ; Бар болуының ақыры жоқ МӘҢГІ; Серік, сыңар, қосағы жоқ ЖАЛҒЫЗ-ДАРА; пішін, бейнеге сыймайтын ҰҚСАССЫЗ; Ештеңеге тәуелсіз мұңсыз, мінсіз МҰҚТАЖСЫЗ
Ақыл-есі толық, дұрыс ойлай алатын кім болса да, бұл аталған сипаттардың ешбірі айнала дүние мен шексіз әлемдегі үлкен-кіші жаратылған болмыстарға сай келмейтінін түсіне алады. Түсіне алмайтындар болса, мен бәрін білем дейтін, Материяны яки Көктер деп аталған шексіз ғарышты, Ай мен Күнді тағы басқаның құдай санайтын атеистер мен соған ұқсас сенімдегілер. 

Құранда хабарланған Алла Тағаланың қарекет сипаты сегіз:

 ЖАНДЫ, бірақ жаратылғандардың жанына ұқсастығы жоқ;

 ІЛІМ иесі, бүкіл шақты, бар тарапты қамтыған теңдессіз ілімге ие;

СӨЙЛЕУШІ, жаратылыстағыдай сөз, дыбыс, қалам, тілге қытыссыз;

КӨРУШІ, алыс-жақын, үлкен-кіші, жарық-қараңғыға тәуелсіз бәрін бір сәтте көретін;

 ЕСТУШІ, алыс-жақын, айқын-көмес, әлсіз-қуатты бәрін бір сәтте естуші;

ЖАРАТУШЫ, мүлде жоқтан бар етуші;

 ҚАЛАЙТЫН-ТІЛЕЙТІН әлемді жаратуды, адамды жаратуды басқа бүкіл жанды-жансыз құбылыстың бәрін жаратуды қалады;

 ҚҰДІРЕТ-КҮШТІҢ ИЕСІ шексіз әлемді басқарып-бақылаушы, сәл қателік жібермейтін мүлтіксіз игеруші, адамдардың іс-әрекетін, жанды-жансыз алапат күштердің бәрін бағыттаушы; 

Міне, осы аталған он төрт сипаттың әр бірі мына жаратылған дүниедегі сансыз құбылыс ретінде көрініс береді. Оны Құранда Алланың «Көркем есімдері» деп атайды, Құранда 99 есім аталады. Жалпы Исламда 1001 есімді адамзат өзінің шектеулі ақылымен түсіне, ұға алады делінген. 

Оны ғылым ретінде қолданып мына дүниені таниды. Шексіз ғарышты телескоппен бақылап, өте нәзік затты электрондық микроскоппен көре алады. Осылай өте алыс және айналаны зерттеу арқылы абсолют ақиқатты ашады. Қазір адамзат пән ғылымы етіп үйреніп, қасиеттерін игеріп, игілікке қолданып жатқан ғылымның бастау-көзі осы. Исламда мұны Аллатану ілімі яки Мағрифатуллаға жетудің алғашқы қадамы деп біледі. Бұл абсолют ақиқатқа жетудің бастамасы ғана. 

Мұны имани-сенімге келмеген адамдар бірден-бір ақиқат осы деп, ойлайды. Ал, Аллатану ілімінің ТЫЛСЫМ АҚИҚАТЫ яки нағыз ақиқат осы. Құранда аталған: «Уахи, аян хабарлар», «Періштелер», «Жын қауымы», «Шайтандар әлемі», «Бұрынғы қауымдардың басынан кешкен ғажап оқиғалар, жүректі жаратын ащы дауыс, аспаннан жазалау тастарының жаууы», «Теңіздің адамдарға жол ашып жарылуы», «Тастан жаралып түйенің шығуы, әбәбил құстарының Қағбаны жаулаушыларға тас жаудыруы», «Ақырғы пайғамбардың көкке сапары», «Қиямет-қайым оқиғасы», «Адамзаттың түгел қайта тірілуі», «Махшар алаңына жиналып, Жалғыз Жаратушының алдында сұраққа тартылуы», ең соңында адамзат мәңгілік дүние «Жаннат» пен «Жаханнамға» тұрақтауы...

Әйтсе де, имани-сенімге келмеген, Бір Алланы танымаған өзін-өзі асқан ғалым санайтындар, Абсолют ақиқатты игеріп таныса да оның түп Иесін түсінбегендіктен яки тылсым ақиқатты ұқпағандықтан шексіз әлемнің қалай пайда болғанына санасы жетпей әлі басын қатыруда, басқа дүниеден тіршілік іздеп қаңғыруда. 

Онымен қоймай, сонша кемел жаратылған өзінің ғажайып дене-мүшесі мен триллион гегабайттық ми-компьютерін өзінен-өзі эвоюциямен пайда болды, деп алжасуда. Одан да сорақысы, адамзат яки басқа кемел пішінді жанды жаратылыс, баяғы миллиард жыл бұрын, теңіздің бір бұрышында қараптан-қарап қоймалжың заттар жиналып әлгіні найзағай соғып өзара әрекеттесуден оқыстан пайда болды, деумен келеді. Жаратушыны жоққа шығарудың «ғылыми» түрі.

Міне, жалпы осы таным бойынша адамзат қауымының СЕНІМ дәрежесін яки имани-сенімін анықтауға болады: 

Ең жоғарғы сенімге ие адамдар, бүкіл пайғамбарлар;

 екінші қатарда Пайғамбарларға ерген олардың адал дос­тары;

үшінші қатарда Пайғамбарлар әкелген дін мен ақырғы Пайғамбар Құран арқылы жеткізген хақ дінді кейінгілерге үйретуші Исламның жанкешті ғалымдары;

төртінші орында осы хақ діннің бүкіл бұйрықтарын жан-тәнімен беріле орындау­шы тақуа мұсылмандар;

бесінші орында хақ діннің қағидаларын, яғни Иманның алты сенімі мен бес парызын орындайтын қарапайым мұсылмандар;

алтыншы орында имани қағидаларды шала-шарпы білетін әрі жүрдім-бардым орындайтын әлсіз мұсылман қауымы;

жетінші орында Исламның қағидаларынан ештеңе білмейтін, бес парызды орындамайтын «Иә, Құдай бар ғой, Пайғамбар жарықтық жақсы ғой» деген ең төменгі түсініктегі өзін «мұсылманмын» деп атайтын, Исламға тіке қарсы келмейтін тобыр-көпшілік. 

Енді, сегізінші орында қандай адамдар тұрады десек, Исламға қарсы, Хақ дінді қабылдамай оған дұшпандық жасайтын, Пайғамбарды жамандайтын топтар;

Хақ діннің бұзылған тармақтарын ұстанатын қауымдар; Хақ дінді өзінің көзқарасымен бұрмалап ұстанатын көптеген ағым-топтар;

 бұл дүниелік пайданы мақсат еткен әртүрлі сектада жүргендер; ұлтшылдық көзқарасын дінмен байланыс­тыратын тәңіршіл дейтін топтар; ақырет дүниесін мүлде жоққа шығаратын, Жаратушыны танымайтын атеист-материалист ғалымдар тобы; ең соңында өзінің шолақ дүниетанымы мен тар көзқарасынан шыға алмаған санасы төмен топтар.

Мұнда аталғандарды сау ақылмен зейін қойып ұғатын адам, өзінің қандай сенімде екенін біле алады, бұл химиялық кесте секілді, сенім-кестесі дейміз.

Міне, енді тақырыпта қойылған «Көсемдік дерт» деген сөздің мәнісін осы сенім сатылары арқылы жақсы түсіне аламыз. 
«Көсемдік дерт» дегеніміз, «менің ашқан ғылыми жаңалығым, менің дана бастауыммен, менің болашаққа деген сара жолыммен, біздің партиямыздың дана саясатымен, менікі ғана дұрыс, мен айттым болды...» дейтін жеке адамдар мен топтардың өзімшіл ұстанымы.

Дүниені, қоғамды, ғылымды, ортаны, ұжымды, ағайын-туысты, отбасын өз талғамы, өзінің жақсы көретін жағдайымен ғана өлшейтіндер, бәрін сол бойынша болсын дейтін сананың көрінісі. 
Имани-сенімнің ең биігіне жеткен пайғамбарлар «көсемдік дерттен» қорғалған. Олар, Жалғыз Жаратушының өзіне келген бұйрығын жеткізуші, соны мүлтіксіз орындаушы, өз пікірін сонымен бақылаушы. 

Оларға ерген адал достары яки сахабалар да «көсемдік дерттен» сау болады, пайғамбарының айтқанымен, жолымен ғана жүргендер. 
Исламның жанкешті ғалымдары да «көсемдік дерттен» аман болуға тырысатын санасы аса алғыр дана адамдар; тақуа мұсылмандар «көсемдік дерттен» өзін шариғат бойынша шамасынша қорғайды аракідік «көсемдік дертке» шарасыз ұшырайды;

 қарапайым мұсылмандар айнала өмірдің сан-алуан жағдайынан «көсемдік дерттен» аман қала алмайды; ал, әлсіз мұсылман қауымы мен тобыр-көпшілік дегеніміз, үнемі бұл дерттің құрсауында жүреді. 

Бұл имани-сенімнің жеті тобына қамтылғандардың бесінші сапқа дейінгілері бұл уақытша сынақ дүниесінде Алла Тағаланың бұйырған тура жолымен жүретіндер болғандықтан, қиыншылық жолықса сабыр сақтап, байлық-бақыт басына келсе, қанағат етіп өмір сүретіндер. Өйткені, олар бұл дүниегі машақаттармен өзінің иманы сыналып, мәңгі ақырет дүниесінде Жаннатқа таңдалуда екенін түсінгендер, содан үміт еткендер. Расында, бұл топтағылар Құранда жаннаттықтар деп сүйіншіленеді. 

Ал, алтыншы, жетінші топқа саналған әлсіз мұсылман дегендер, бұл дүниеде адасушы топтарға қарай ауытқуы өте ықтимал әрі бұл дүниедегі машақаттарды жеңе алмай жетілу жолында артта қалуы көп кезігетіні Құранда қатты ескертілген. Әрі осы топтағылар хақ дінге бір кіріп, бір шығатын, сегізінші топтағылардың алдау-арбауына оңай ұшырайтын, сөйтіп ақырет дүниесіне дайындығы ең аз осылар екені Құран мен хадистерде молынан баяндалған. 

Ал, сегізінші топ деп атаған Исламға қарсы әрі өз-өзі жеке сенім-секталарға кіріп алғандар мен атеистер «көсемдік дерттің» нағыз қоздырушылары. Әрі осы рухани дертті пандемия, эпидемия дәрежесінде адамзатқа жайып, қаншама қауымды тура жолдан адастырып, мына дүниенің мың-сан ширымен басын айналдырады. Бұл топтағылар алдағы мәңгі ақырет дүниесіне барғанда азап әлемі жаһаннамға бағыттаушылар екенін Құран аяттарында қаншама рет ескертеді. 

Мысалы, атеист-материалистердің дүние өзінен-өзі жаралды, жандылар да оқыстан, қолайлы жағдайдан өздігінен пайда болды, адам да солардың сатылап дамуы мен күрес-талас эволюцияның миллондаған уақыттағы нәтижесі, дейін жалған теория соңғы үш-төрт ғасырдан бері орта мектеп оқулықтарынан орын алып, қазір ең соңғы ғылыми ізденістердің бағыты болып өз үстемдігін әлі жүргіуде. 

Ал, осы жалған теориядан бастау алатын қоғамдық ғылым дәрежесіне көтерілген ғылыми коммунизм қағидасы адамдарды бай-кедей деген тапқа бөліп, оның соңғы нәтижесі тап күресі деген қанды төңкеріске жалғасып алапат қырғын-апатқа ұласқан адамзат қоғамында сұмдық тәжірибе жасалды, оның зардабы әлі жүз жыл бойы жалғасуда.

Осындай қоғамдық орасан өзгеріс-бүліншілік жасау арқылы өкімет басқаруға келген асқан мансапқор жеке тұлғалар ауқымды диктаторлық билік дейтін ешкімнің бақылауына жол бермейтін үстемдікпен қоғамды қатерлі катаклизмге ұшыратуда. Қоғамдағы жеке адамдардың тағдырын ойыншық етуде, осы билігін ұзақ жылар сақтау үшін Большевиктік, Коммунистік, Арилік, Ардын Хувьсгалт Нам (моңғолия) және жеке елдерде осыған ұқсас партиялық топ құрып, мафиялық күш-қуатқа ие болды. Осы қоғамдық көріністер мен құбылыстарды Құранда Мұса пайғамбарға қарсы шыққан Перғауын үстемдігі, Ибраһимді отқа лақтырған Намруд, Қағбаны құлатуды мақсат еткен Әбіраха, Ғад, Самуд, Хижр секілді тағы қаншама қауымдардың билеушілері бойынша көптеген мысалдармен дәлелденген.

Құран шеңберінде анықталған осы, сегіз топқа бөлінген сенім-наным яки имани-сенімнен ешкім тыс қала алмайды. Ақыл-есі толық, біршама дұрыс ойлай алатын кім болса да, өзінің қай топта екенін өзі де анықтай алады. 

Сонда, бұрынғы болған, қазіргі болып жатқан және келешекте болжанған адамзаттың басынан өтіп жатқан қайшылықтар мен қоғамдық, экологиялық апаттардың бәрі де осы «көсемдік дерттен» туындайтынын көре алады. 

Олай десек, біздің көп айтып армандып, шама шарқымызша күресіп, болса екен деп жүрген «демократиямыздың» негізін салғандар Пайғамбарлар екенін байқаймыз. Қазіргі, өзін демократиялы елміз деп жүрген елдердегі ашық сайлау, әділ сот, адал еңбек, әлеуметтік көмекті өрістету, қақсыз адам өлтіру мен алаяқтық және ұрлық пен парақорлықты тыю... бәрі де Ислам әкелген құндылықтар. Әйтседе, осы елдерде Исламның қоғамдық тыныштық пен ізгілікті сақтауға арналған өте маңызды ұстанымдары пайызды пайдаланбау, параны ауыздықтау, зинаны болдырмау, сауда-саттықтағы тазалық, ата-ананы аялау, жетім-жесірлікке көмек мәселелері ескерілмеуде. 

Сөз соңында, Жалғыз Жаратушыдан пайғамбарлар арқылы келген осындай Ислам пәрмендері неге орындалмайды, ендеше!? деген сұрақ болуы сөзсіз. Иә, Құранда оған да толыққанды жауап берілді, әрбір адамды сананың биігіне жеткізу, кемел қасиетке ие болдыру үшін Алла Тағала адамға өзіндік таңдау еркін берді, осы таңдау құқын пайдалану арқылы адам не жетіледі, не төмендейді. Міне, бұл сондықтан сынақ дүниесі деп аталады әрі мына болып жатқан сан-сапалақ көріністер мен құбылыстар соның айғағы.
Өйткені, жер бетінде өмір сүріп келе жатқан бүкіл адамзат, сырты адам қалпында болғанмен сана деңгейі әртүрлі. Өте қысқаша атасақ: сәбилік сана, тобырлық-көпшілік сана, кәсіптік сана, ғылыми яки логикалық сана, имани сана, әулиелік сана және пайғамбарлық сана деген жеті деңгейге бөлінеді. 

Құранда бұл сана деңгейлері де толық сараланған, яғни Алла Тағала адамды әртүрлі дәрежеде жараттым, дейді. Бұл қоғам болып тұрудың шарты, бірі жұмысшы бірі басшы, дегендей. (Жәндіктер мен жануарлар дүниесінде де сондай, аралар мен құмырысқалар қоғамдасады, айғыр үйірлеседі...) Қандай дәрежелі боп тууы адамның Алладан бұйырған тағдыры ал, ал осы Жаратушы бұйырған тағдырын бұл дүниеде дұрыс, теріс жолға салуы, бағыттаушысы адамның өзі. 

Сондықтан да, Ақырет дүниесінде адамдар сұраққа тартылып, өзінің бүкіл іс-әрекетін тексертіп, әділдікті көретін болады. Бұл дүниенің, Жер деген ғажайып мекеннің жаралуы тек осы мақсатта екені Құранда анық та түсінікті етіп айтылған.

 

Абай МАУҚАРАҰЛЫ, публицист, философ

 

Пікірлер Кіру