ЖАЛҒАН ПАЙҒАМБАРЛАРДЫҢ ТАҒДЫРЫ

13 ақпан 2023 3966 0
Оқу режимі

Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде былай деп айтады:

          «Менің үмметімдегі адамдар мүшріктерге (көп құдайшылдарға) қосылмайынша және үмметімнің бір бөлігі пұттарға табынбайынша, үмметімнен өзін пайғамбармын деп атайтын отыз өтірікші шықпайынша, Қиямет Күні болмайды. Расында, мен ең соңғы пайғамбармын, менен кейін ешқандай пайғамбар болмайды».

          Бұл хадисте айтылған жалған пайғамбарлар Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында да, ол қайтыс болғаннан кейін де болды. Тіпті қазіргі уақытта да өзін «пайғамбармын» деп атап, жалған сөздерімен қарапайым халықты алдап, қоғам ішіне іріткі салып жүргендер де бар.

Әсуад ибн Абсан

          Жалған пайғамбарлар екі дүние сардары Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзі тірісінде-ақ шыға бастады. Солардың алғашқысы – Әсуад ибн Абсан еді.

          Әсуад сиқырмен айналысып қана қоймай, шешендігінің арқасында адамдарды баурап алды. Ол көптеген йемендік тайпаларды жеңіп, оларды бағындырды. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағайындаған сол аймақтың Шахр есімді әкімін өлтіріп, әйелін тұтқындап, күштеп әйелдікке алады. Алайда, 4 ай өткеннен кейін Шахрдың әйелінің қолынан қаза тауып, өзі де, ілімі де ұмытылады.

Мусәйлемә әл-Кәззаб

          Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзін «оған тең пайғамбар» деп тануды талап еткен тағы бір адам, Бәни Ханифа атты тайпадан шыққан Мусәйләмә әл-Кәззаб болды. Ол өзінің пайғамбарлыққа қатысы бар екенін айтып, Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хат жазады. Бұдан бөлек, ол һижра жыл санауы бойынша оныншы жылы Медина қаласына барып, Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзін мұрагері етіп тағайындауын талап етеді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бас тартып, оны өтірікші деп атайды.

          Осы жағдайдан кейін де Мусәйләмә тәубесіне келмей, адамдарға өзінің пайғамбар екенін дәлелдеуге тырысады. Өз бетінше өлең жазып, ғажайыптар көрсете аламын десе де, бұл әрекеттерінен түк шықпайды.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қайтыс болғаннан кейін, әділетті халифа Әбу Бәкірдің (р.а.) сөздеріне қарамастан, кейбір адамдар Мусәйләмә әл-Кәззабтың маңына жиналады. Ақыр соңында, мұсылмандар мен Мусәйләмә әскерінің арасында соғыс болып, жалған пайғамбар осы шайқаста қайтыс болады.

Сәжах Харис ибн Сууәйд (әйел)

Мусәйләмә әл-Кәззабпен бір уақытта Бәни Тәмим тайпасынан шыққан

Сәжах Харис ибн Сууәйд есімді әйел өзін пайғамбармын деп жариялайды. Мусәйләмә оның тайпасының күшінен қорқып, Сәжахқа сыйлықтар жіберіп, кездесуге шақырады. Кездесу барысында олар келісімге келіп, некелерін қияды. Осы сәттен Сәжах Мусәйләмә әл-Кәззабтың «пайғамбарлығын» мойындайды.

          Мусәйләмәнің тірі кезінде Сәжах оның жанында болып, ол қайтыс болғаннан кейін іс-әрекеттеріне өкініп, тәубеге келіп, мұсылмандыққа бет бұрды деген деректер бар.

Туләйха ибн Хууәйлид әл-Әсәди

Халифа Әбу Бәкірдің (р.а.) уақытында Туләйха ибн Хууәйлид әл-Әсәди есімді адам өзіне Жәбірейіл періштенің аян түсіріп жүргенін мәлімдейді.

Бірде шөлден өтіп бара жатқан кезде су қоры таусылып, әл-Асади өзінің қасындағыларға бірнеше шақырымнан кейін бұлаққа кездесетінін айтып, болжамы дұрыс шығады. Бұл оқиғадан кейін Туләйха өз тайпасында танымал адамға айналып, көптеген адамдар оның табиғаттан тыс қабілетіне сене бастайды.

Тайпаластарының қолдауына ие болған Туләйха Әбу Бәкірге (р.а.) қарсы бас көтереді. Мұсылмандардың әміршісі оған қарсы Халид ибн Уәлид (р.а.) бастаған әскерді аттандырады. Шайқас басында Туләйха қашып кетеді.

Ол өзінің қорқақтығын «аян алуым» керек еді деп ақтайды. Біраз уақыттан кейін жақтастары келіп, одан аян туралы бірнеше рет сұрайды. Туләйха жауап бере алмағаннан кейін, тайпаластары оны жалған пайғамбар деп жариялайды.

Нәтижесінде, бүлікшілер шайқас даласын тастап кетеді. Туләйха Шам жеріне қашады. Уақыт өте келе ол Арабияға оралып, күнәларына өкініп, мұсылман атанады.

Имам Табари: «Пайғамбарлардың соңы» («Ахзаб» сүресі, 40-аят)– деген аяттың мағынасын: «Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбардың келуімен пайғамбарлықтың есігі жабылды, бұдан былай қияметке дейін пайғамбар келмейді», - деп түсіндірген. Бірде Алла Елшісі  былай деген: 

إِنَّ مَثَلِي وَمَثَلَ الأَنْبِيَاءِ مِنْ قَبْلِي كَمَثَلِ رَجُلٍ بَنَى بَيْتًا فَأَحْسَنَهُ وَأَكْمَلَهُ ، إِلا مَوْضِعَ لَبِنَةٍ مِنْ زَاوِيَةٍ مِنْ زَوَايَاهُ

فَجَعَلَ النَّاسُ يَطُوفُونَ وَيَعْجَبُونَ لَهُ وَيَقُولُونَ : هَلا وُضِعَتْ هَذِهِ اللَّبِنَةُ ؟ قَالَ : فَأَنَا اللَّبِنَةُ ، وَأَنَا خَاتَمُ النَّبِيِّينَ

«Менен бұрын келген пайғамбарлардың мысалы әдемілеп, сәндеп үй соққан кісі секілді, бірақ үйдің бұрышынан бір кірпіштің орнын бос қалдырған екен. Көпшілік бұл үйді айналып, әдемілігін көріп, таңырқайды, бірақ: «Мына кірпіштің орны неге бос тұр» деп таңданады. Міне, мына мен сол кірпішпін, мен соңғы елшімін», - деген. Басқа сөзінде: «Мен соңғымын, менен кейін пайғамбар келмейді»,- деген (Бухари).

Өзін пайғамбармын деп жариялайтын жалғаншылар қазір де кездесіп жатады. Тіпті, біздің елімізде де бар. Мұндай күпірліктен сақтану үшін біз дініміз – Ислам, кітабымыз – Құран, пайғамбарымыз – Мұхаммед екенін әрдайым есімізден шығармай, сан ғасырлар бойы ата-бабамыз ұстанып келе жатқан хақ жолмен жүруіміз керек.

Жандос Сейдахметұлы

«Ар-Рахман» мешітінің бас имамы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру