«ДЕОБАНДИЛІК МЕКТЕП ТАРИХЫ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНДЕГІ ДІНИ-САЯСИ КӨРІНІСТЕРІ»

19 тамыз 2024 1467 0
Оқу режимі

1857 жылы болған Сипахи (Сипай) көтерілісінен кейін мұсылмандар Ағылшын-Үндістан билігінің қысымына ұшырады. Осы қиыншылықтан құтылудың жолы ретінде кейбір ислам ғалымдары білімге басымдық беру керек деп санап мешітте осы істі бастады. Кейін Мұхаммед Қасым, Рашид Ахметтер Үндістанның Диобәнд (ол кезде кіші бір елді мекен) деген жерінде Дарул-Улум Диобәндиді (Диобәнд Ғылым орталығын) құрды. Ол кезде Делиде тәфсир-хадис, Лекнәуда фиқһ, Хайдарабадта кәләм-пәлсапа басымдықта оқытылатын еді. Диобәнд дарул-улуму осы үшеуін жүйелеп бірге беруге тырысты. Әртүрлі діндер мен нанымдардың кең таралған сол кездегі Үндістан шарттарында Диобәнд ғалымдары исламды бөтен элементтерден тазартуға баса көңіл аударды. Индуизмге негізделген дәстүрлер мен нанымдарға барынша төзімсіздік танытты.

 Дарул-улумда дәрістер Урду тілінде оқытылды. 18-ғасырда Молла Низамеддин тарапынан қойылған методологияға негізделіп діни білімге басымдық берілетін. Бастабында пәлсапа, логика (мантық) сияқты дәрістер болғанымен кейін алынып тасталды. Оқу мерзімі алғашында он жылдық болып, кейін алты жылдыққа түсті. Дәріс беретін ұстаздар құрамында сопылық жолдағы, тариқат ұстанушылар басымдықта болуы да басты ерекшеліктерінің бірі еді. Әсіресе Нақшибәндилықтың басымдығы мен шайх-мүрид қатынастары да орын алған еді. Кейіннен Османлыға қолдау көрсету, Үндістанның тәуелсіздігі жолында да Диобәндилықтардың рөлі жоғары болды. Диобәнд мектебінің күшеюіне ықпал еткен ең басты оқиғалардың бірі Ауғаныстандағы жағдайлар болды. Кеңес одағының кіруімен негізінен Ағылшындық батысқа қарсы қалыптасқан Диобәнд мектебі өкілдері енді Ауғанстандағы жиһадтың маңызды екендігін алдыға шығарды. Пәкістандағы медреселер Пәкістан үкіметінің қамқорлығында болды.

Ал діни медреселердің қаржылық шығындары Араб елдеріне тиесілі болды. Қару жарақпен АҚШ және Ағылшын қамтамасыз етті. Осы кезде Диобәнд мектебі салафилық көзқарастың Уахабилік тармағымен тығыз байланысқа түсе бастады.  Жиһадта Пәкістан медреселерінде оқыған Ауғандықтар басымдықта болды. Олар Пәкістанның қауіпсіздік көмитеті ISI-нің қолдауына ие болды. Яғни, діни біліммен қатар әскери дайындықтан жүргізілді. Идеологияда Диобәндилік пен салафилық көзқарастар басымдыққа ие болды. Бұл соғыстың барлық кезеңдерін қамтыды. Жеңіске қол жеткізген соң мужахидтер билікте келісімге келе алмаған соң Молла Омардың лидерлігінде Диобәнд шәкірттері (талиб) саяси-әскери басымдықты құрап, Ауғанстанда бәсекелестікте алдыға шықты. Ұзақ жылдарғы соғыстан қалжыраған Ауғанстан халқы қоғамдық жүйені қалыптастыратын бір тұлға немесе топ іздегендіктен Талибанды қолдауға көшті. Талибан үкіметі құрылғаннан кейін Молла Мұхаммед Омар халифаттың жүйесін Әһлүл-Хал уәл-Ақд теориясына негіздеді. Құрайштан болмағандығы себебін Ибн Тәймияның пәтуаларына сүйене отырып шешкен Молла Омар Халифат атауын да Ибн Тәймияның Уәлиул-Әмір ұғымына негіздеп Әмірлікке (Эмират) алмастырды [1].

Негізгі ең ірі ғалымы – Мужжад Шах Уалиулла. Қазіргі таңда Деобанд қозғалысы: Ауғанстан, Пәкістан, Бангладеш, Оңтүстік Африка елдерінде кеңінен тараған. 1947 жылы Пәкістанның Үндістаннан бөлінуінен кейін Деобанди мектебі сол жерде етек жая бастады. Қазіргі таңда Пәкістандағы халықтың 20-25% өздерін осы мектептің өкіліне жатқызады. Деобандтың фиқһ іліміне келетін болсақ, олар төрт мектептің біреуін ұстану қажет деп есептейді. Төрт мазһабтың біреуін ұстану арқылы эклектикаға жол берілмейді және адасу болмайды деген қорытынды жасайды. Олар өздерін Ханафи мектебіне жатқызады. Деобанд мектебіндегі шәкірттер Ханафи мектебінің классикалық кітаптарын оқиды. Негізінде Деобанд мектебінің тікелей пайда болуына себепші Аһли-Хадис мектебі еді. Олардың идеологиясы бойынша, егер адам бір ғалымның немесе бір мазһаб мектебін ұстанса, нағыз адасушылықта деп есептеген. Яғни, оларды көзі бар соқырға теңеген. Деобанд ғалымдары осы Аһли хадиске қарсы көптеген кітаптар жазған. Атап айтқанда Деобандилер: «Ханафи мазһабы Құран мен хадиске толық сәйкес келеді»-деп, негізгі идеологияларын қорғау үшін көптеген ғылыми еңбектер қалдырған. Соның нәтижесінде, Деобанди медресесі әлемдік аренада хадисты оқыту ерекшелігімен танылды. Олардың оқыту жүйесінде Шәйх әл-Хадис, яғни Сахих Бухариды үлкен құрметпен негізге алады. Сонымен қоса, Құран, Ислам тарихы сынды бағыттарды ең алғашқы орынға қояды. Исламның тәпсірден бастап, араб тілі, саяси реформалардың дамуына үлкен, орасан үлестерін қосқаны сөзсіз.

Деобанд қозғалысының негізгі жалғастырушы ұйымдардың бірі – Таблиғи жамағат  осы Пәкістан елінде кеңінен етек жайған. Талибан секілді Қазақстан Республикасында тыйым салынған ұйымдардың бірі болып табылады. Негізін қалаушы – Үндістанның Кандахла төңірегінде туылған Мухаммед Илияс. Алғаш діни сауатын сол ауылда ашқан. Ұстазы – Рашид Ахмад Канкухи. Ұстазынан он жылдай дәріс алады. Содан соң медреседе өз білімін жетілдіріп, «Мазарихуль-Улум» атты медреседе ұстаздық қызметін атқарады. Уақыт өте ұстаздықты тастап, 1926 жылы «Таблиғи жамағат» атты ұйымның негізін қалайды. Орталығы – Дели қаласы. Пәкістанда үлкен орталықтары бар. Яғни, Карачи және Лахор қалаларында.Таблиғ сөзі араб тілінің «ат-Таблиғ» сөзінен шыққан. Жеткізу, хабар беру, тарату мағынасын береді. Таблиғ сипаты негізі тек пайғамбарларға тиесілі. Қазіргі таблиғшылар, өз атауларын осы сипатқа сүйеніп айтады. Талибан мен Таблиғ жамағаттың ең негізгі айырмашылығы – Таблиғ жамағаты, ғылым мен білімге мән бермейді. Яғни, Құран жаттауға зейін аудармайды. Фиқһ, ақида, хадис ілімдерін терең меңгеруден толықтай бас тартады [3]. Білім ізденуде өздерінің санаулы әдебиеттерімен шектеліп қала береді. Сонымен қоса, Құран аяттары мен хадис-шәріптерді тиісті түрде түсіндірмейді. Дінге шақыру барысында 3 күн, 40 күн, 4 айға дейін жолға шығып дағуат жүргізуге болады деп есептейді. Бұдан шығатын қорытынды, Таблиғ пен Талибан бір мектептен шыққанымен Исламды түсінуде аздаған ерекшеліктер бар.

Батыстың және де барлық мұсылмандардың көзқарасы бойынша, Тәліптер әйелдерді қоғамнан бөлек тұлға ретінде қарастырғаны үшін өз аттарына кір келтірді. Соған қарамастан, Тәліптер, Ауғанстанның оңтүстігіне кірген кезде, оларды үлкен қошеметпен қарсы алған еді [4]. Дегенменде, шетел ауғандары Талибанды өткен билікке қарағанда өте сәтті саяси қозғалыс деп есептеген. Сол жылы, Бамиандағы, Будда мүсінің бұзу арқылы, көп азаматтардың сенімінен айырылған еді.

Ақиқатында, әр адамның басына, «неге мұндай саяси-діни қозғалыстар пайда болады?»- деген сұрақ туындайды. Оның жауабы, сол кездегі жағдайға көңіл толмау, яки қанағаттанбау. Дін аясында билікті жүргіземіз деген мемлекеттерде көбінесе көп шектеуге тап болады. Қатаң түрде тәртіпке бағынуға үгіттеп, киімдерге шектеу қоя бастайды. Сол кездегі, Тәліптердің басты қорқынышы, барлық әлемді жаулай бастаған секуляризация еді. Олардың тәртіптері мен заңдарын жоққа шығарады деген үрейдің өршуі. Бұл барлық, Ислам мемлекеттердің қорқынышы болды десек болады. Батыс - білім саласында, техника саласында олардан оза бастағаннан бері, бұл қорқыныш бар [4].

Тәліптердің билікке келуінде екі мәселе айтылады. Біріншісі сыртқы күштердің ықпалы болса екіншісі ішкі шарттар. Негізінен Ауғанстандары Тәліптердің бірнеше діни тармақтарға бөлініп кеткендігін бірі білсе бірі білмейді. Алдыңғы исламшылдар да бірыңғай қалыпта болған жоқ. Хакканилер тобы да Ауғанстандағы көп ұйымдардың бірі. Ол кезінде кеңес әскеріне қарсы соғысқан Хизбу-Исламидің бөлшегі еді. Кейін аталмыш ұйымнан бөлінген Жәләладдин Хаккани тарапынан 1990 жылдары құрылды.

Ал Жалаладдин Хаккани мужаһиттер тарапынан құрылған  алғашқы үкіметте әділет министрі болған. Алайда олардан да бөлініп кейін Тәліптердің үкіметіне қолдау көрсетті. Тәліптер билікті жоғалтқан соң АҚШ, НАТО және ресми Ауғастанға қарсы қарулы қарсылық көрсетті. Негізгі бекіністері солтүстік Уәзірстанда орналасқан бұл ұйымның Тәліптермен байланысы нығая түскендігін көруге болады.

Кейінірек бұл ұйымның тізгіні Жалаладдин Хакканидің ұлы Сиражуддин Хакканиге өткендігі айтылады. Бұл ұйым әсіресе Бен Ладен өлтірілгеннен кейін шабуылын үдете бастаған. Оқиғадан кейін іле-шала АҚШ-тың Баграм бекінісінен шабуыл жасаған. Бұл топқа Пәкістан қолдау көрсетіп отыр деп саналады. Тіпті Ақш пен Пәкістан арасындағы  басты проблема осы ұйым болып табылады.

2011 жылдың маусым айында Кабул халықаралық қонақ үйіне жасалған шабуылды, 2011 жылдың қыркүйегінде Кабулдағы АҚШ елшілігіне шабуылды, 2012 жылы бір уақытта бірнеше жерде болған жарылыстарды осы ұйым өз мойындарына алған. АҚШ үкіметінің әскери шенділері Тәліптермен келісімге келу және Ауғанстанның өміріне заңды араласу талпынысы үшін Тәліптер туралы айтуды азайтып, Хаккани тобын көбірек тілге тиек етуінде де бір мән болса керек. Болашақта Тәліптер Ауған үкіметін құра алған күннің өзінде осындай ұйымдар арқылы тыныштық таптырмауы мүмкін.

Демек, Ауған мәселесінде тек Хизбу Харакатил-Ислами, Хизбу Уахдати Ислами, Жамияти Ислами сияқты көптеген партиялар ғана емес Диобанди, Таблиғи-Жамағат, Уахабизм сияқты діни-идеологиялық топтар мен  Хаккания сияқты радикалды-қарулы ұйымдардың да бар болуы мәселені күрделендірері анық.

Қорыта айтқанда зерттеушілердің пікірінше, диобандилік-талибандық көзқарастардың салафилік-уахабилік көзқарастармен ұштасатын тұстары көп:

Консервативті ислам;

Құрылымдық басқару жүйесінің әлсіздігі;

Құқықтық номалары – өз түсініктеріндегі «шариғат»;

Терроритсттік акттердің болуы;

Заң саласындағы жазалау шараларының қаттылығы;

Халықаралық стандарттағы адам құқықтарының шектелуі;

Әскери-милитарлы саясат ұстануы;

Әлеуметтік саладағы халықты ақпараттық шектеу байқалуы;

Музыка, бейнелеу өнері, шахмат және т.б. көңіл көтеру іс-әрекеттеріне қарсы;

Зайырлылық ұғымына қарсы.

Саяси және ғылыми негізі өте әлсіз.

Сондықтан да еліміздің діни-саяси мәселесінде жамағаттық-идеологиялық ағымдар мәселесін қарастыруда түбегейлі жаңа шарттарға басымдық берілуі тиіс. Оның үстіне еліміздегі діни ахуалды зерделеуде болашаққа бағытталған зерттеу жұмыстарына басымдық берілгені абзал. Себебі, діни идеологиялық негіздердің әртүрлі болуы еліміздегі діни ахуалдың да әртүрлі бағытта өрбу қаупін тудырады.

Кеңшілік ТЫШХАН

 

Пікірлер Кіру