«АНАЛАР – АСЫЛ ЖАНДАР»: Астана өкілдігінің әйел ұстаздарына құрмет көрсетілді (ФОТО)

03 наурыз 2023 3632 0
Оқу режимі

Көңілдерге шуақ себе келген көктемнің алғашқы күнін алғыс айтумен бастаған Астана қаласы өкілдігі ізгі шараны апта соңына дейін жалғастырды. Қала бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы бастаған өкілдік қызметкерлері 1 наурыз күні Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылар тобына алғыс айтып, алқалы жиынына қатысса, кеше Астана студенттер альянсының 30 шәкіртіне тегін экскурсия ұйымдастырып әрі Ұлттық музей ұжымын құттықтап қайтқан болатын.

Бүгін осы сауапты қадамның жалғасы ретінде «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел жамағатына арналған «Аналар – асыл жандар» атты шара ұйымдастырылып, ақжаулықты апа-әжелерімізге құрмет көрсетілді. Мешіт мейрамханасында 70 адамға мерекелік дастархан жайылып, діни сауат ашу курсының шәкірттері, тазалықшылар тобы мен мұқтаж отбасылар шақырылды.Кеш барысында шәкірттер тобы өлең-жырдан шашу шашып, Астана өкілдігі Әйел-қыздар секторының жұмысы жайлы, ана қадірі туралы бейнероликтер көрсетілді.

Шара аясында қала бас имамы Ерболат Жүсіпов құттықтау лебізін білдіріп, әйел ұстаздарға алғыс білдірді. Биылғы оқу жылында өкілдік бойынша әйел шәкірттердің саны арта түскенін атап өткен Бас имам ұстаздарға арнайы сый-сияпат табыстады. Алды сексеннен асып, тоқсанға таяған шәкірт әжелер де ұстаздар қауымына, мешіт ұжымына алғыстарын айтып, ақ баталарын жаудырды.

Суреттер топтамасын «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру