АБАЙ ЕРКІНДІК ПЕН ТӘРТІП ТУРАЛЫ
Демократия – қоғам өмірінің қозғаушы күші. Демократияның қуатына байланысты қоғам өрлеп жетілу жолына, не болмаса әлсіреп, құлдырау жолына түседі. Ендеше, оны нығайта білу керек. Оны нығайтудың қандай жолдары бар? Бұл өте маңызды сұрақ екені белгілі. Абай ілімі бойынша осы сұрақтың жауабын іздеп көрелік.
Демократия дегеніміз адамның өзінің еркі, яғни қалауы бойынша, сонымен бірге, оның жауапкершілігіне сай, әрекет ету мүмкіндігі болып табылады. Сондықтан, кім болса да, әркім еркін болуы үшін өзінің әрекетінің нәтижесіне жауап беруге де дайын болуы керек. Жауапкершіліктен тәртіп шығады. Тәртіпті сақтау керек. Ендеше, демократия еркіндік пен тәртіптке, олардың үйлесімділігіне тығыз байланысты. Бірі болмаса, екіншісі жоқ. Олар демократия негіздері, яғни екі қанаты тәрізді. Демократияның қуаты олардың үйлесімділігіне ғана емес, сонымен бірге, олардың мөлшеріне де байланысты. Еркіндік пен тәртіпті үйлесімді, және оларды қуатты ету үшін әуелі олардың не екенін, және өзара байланысын жақсы білуіміз керек.
Еркіндік. Еркіндік еріктен шығады. Еркіндік еріктің орындалу мүмкіндігі. Ал ерік – жан қасиеті. Жан рухани болғандықтан, ол әуелден шексіз ерікті. Ал еркіндік жанның өзінің еркін орындауының негізгі шарты. Еркіндік болмаған жерде жан өз еркімен құмарын қандыра алмай, күйзеліске түседі. Тәнге ауа қандай қажет болса, жанға да еркіндік сондай қажет. Абай іліміне үңілетін болсақ оның маңызын жақсы көре аламыз. Ерік пен еркіндіктің маңызы мен байланысын Абай былай деп береді:
Еріксіз түскен ылдидан,
Еркіңмен шыққан өр артық.
Қорлықпен өткен өмірден,
Көсіліп жатқан көр артық.
(«Абай инциклопедиясы, 227-бет)
Афоризм тәрізді айтылған бұл бір ауыз өлеңнің мағынасы өте терең. Жеңіл болса да, еріксіз жасалғаннан, ауыр болса да еркіңмен жасалған әрекет артық. Яғни, еркіндік керек. 1903 жылы Семей жандаралынан келіп Абай үйіне тінту жүргізілген. Өлең сол тінтуден кейін жазылған («Абайдың жарияланбай келген өлеңдері», 15 тамыз, 2019 ж. Егемен Қазақстан газеті, авт. Асан Омаров). Ресей үкіметі жағынан еріксіз осындай қорлық көріп, оған қосылған өзін қоршаған ортаның зардабы данышпан ақынға осындай ақиқатты көрсеткен тәрізді. Еркіндіксіз тіршілік қорлығы фәни өмірдің ащы шындығын дәл көрсетіп, анық жеткізуге мүмкіндік берген.
Ерік – жан қасиеті болғандықтан, еркіндік (оны қанағаттандыруға мүмкіндік беретіндіктен) адамның үнемі ұмтылатын арманы. Кімге болса да мұндай еркіндік – ең қымбат және ең үлкен құндылық. Сондықтан еркіндік сезімі әркімге ләззат пен бақыт сезімін береді. Еркіндік адамды шабыттандырып, өмірдің терең сырларын сезінуге мүмкіндік береді. Шабыттанған істің нәтижесі де өте жоғары – өзінің шыңына жетіп, мінсіз болады.
Қоғамдағы еркіндік, бостандық, егемендік -- демократия көріністері. Содан болса керек, көптеген адам демократияны тек қана еркіндікпен балайды. Бірақ, өкінішке орай, оның екінші шарты, тәртіп ұмытылады. Ал жалаң еркіндік тәртіп болмаса өмірдің барлық қайшылықтарын шеше алмайды. Керісінше, жаңа қайшылықтар тудырады. Бүгінгі күндері әркімнің өз еркімен әрекет етіп, бірақ оның жауапкершілігіне бой ұрмай, қоғамда көптеген келеңсіз көріністердің пайда болуы осының бір дәлелі болса керек.
Еркіндіктен Талап, Қайрат, Жасампаздық қуат туады. Олар Еріктің жақын туыстары. Бұлар біріксе, ұйықтаған Ой оянып, адам өзінің мұратына жете алады. Бұл қасиеттер болмаса адам ұйықтаған малмен тең. «Жүректе қайрат болмаса, Ұйықтаған ойды кiм түртпек?», не болмаса қырық төртінші сөзінде «Адам баласының ең жаманы — талапсыз» дейді Абай. Еркіндік болмаған жерде жетілу де жоқ. Адам жетілудің эволюциялық жолынан шығып қалады. Сондықтан өмірі ұзақ, білімді, бақытты болуы үшін адам еркіндікке ұмтылып, жанын пида ететін түрлі әрекеттерге барады. Революция, не болмаса түрлі төңкерістер осындай жоғары сезімнен туатын көріністер. Адамдар түрлі наразылықтар мен көтерілістер арқылы еркіндікке жол ашады. Демократия орнайды. Адамдар бостандық алып, жан күйзелісінен арылып, рухани жетілуге мүмкіндік алады.
Шын мәнінде, еркіндік алған соң қоғам тек жетіліп, адамдар бақыт құшағына бөленулері керек еді. Ал іс жүзінде керісінше. Адамзат тарихы мүлде басқаны көрсетеді – еркіндік алғаннан кейін алғашқы қуаныш-шаттық зорлыққа ұласады, еркіндік алған қоғам іс жүзінде өрлеу емес, керісінше құлдырау жолына түседі. Қалыптасқан тіршілік бұзылып, өмірдің берекеті кетіп, адамдар азапқа түседі. Адамзат тарихында мұндай көріністер өте көп. Қарапайым көзбен қарағанда бұл түсініксіз жағдай.
Не себептен еркіндікке қол жеткізген соң қоғам өрлеудің орнына, керісінше, құлдырау жолына түседі? Абай ілімі бойынша осы сұрақтың жауабына келейік.
Еркіндік алған елдің бірден түзелмей, күйзеліске ұшырау себебі – тән құмарының жан құмарын жеңіп кетуінде. Оның да себебі бар. Абай қырық үшінші сөзінде «... бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады» деген. Жүгенсіз ат тәрізді, тән құмарына берілген Ерік ненің болса да өлшеуінен асырып, «боғын» шығарады. Революциядан кейін бұрынғы тәртіп құлдырап, ерік пен тәртіптің үйлесімділігі бұзылады, демократия құлдырайды. Ревлюция бұрынғы қалыптасқан тәртіпті осылай жояды. Сол кезде ерік әрненің өлшеуін білмей, шегінен шығады. Ерікті тән құмары билейді. Тән еркіндігі билеген адамдар жауапкершілікті ұмытып, тәртіпті бұзады. Осылай қоғам күйзеліске ұшырап, құлдырау жолына түседі. Бұған еліміздің егемендік алғаннан кейінгі жағдайы дәлел. Тәртіп әлсіреп, адамдар маскүнемдікке, қарта ойыны, ойын-сауық тәрізді бос әурешілікке салынып кетті. Қатаң тәртіп болмаған жерде жүгенсіз Ерік демократия принциптерін бұзып, осылай өмірді бірқалыпты жолдан шығарып, өзінің зиянын тигізеді.
Еркіндік – адамның жетілу жолындағы құралы ғана. Дұрыс қолданғанда – үлкен пайдалы, ал бұрыс қолданғанда – тек қана зиянды.
Сонымен, еркіндік алған жүгенсіз нәпсі осындай. Белгілі бір ортақ идеология тәртіпті бір деңгейде қалыптастыра алмағанда, надандық құрсауындағы жан тәнді басқара алмайды. Тән құмары, яғни нәпсі жеңіп, қоғам өркениет жолынан шығып кетеді.
Не себептен тән құмары жан құмарын жеңіп кетеді? Енді осы сұрақтың маңына келейік.
Абай ілімі бойынша, оның себебі – адамдар өздерінің рухани білместігінен, жан құмарын ұмытып, дүниенің жарқылына қызығып, тән құмарына беріліп кетеді. Осылай жан құмарын тән құмары жеңеді.
Адам еркіндік алған соң, өзінің жан құмарын тән арқылы алуға ұмтылады. Осылай тән құмарының ықпалына түсіп қалады. Жан құмары ұзақ өмір сүруге, қоршаған ортаны толығырақ білуге, тіршіліктің түрлі қызығына ұмтылады. Бірақ, фәни әлем ықпалындағы адам өзін жан емес, тән ретінде сезінеді. Шексіз тән құмарын қанағаттандыру өркениеттің материалдық құндылығын жетілдіруге мәжбүр етеді. Өзінің құмарын заттан іздеген жан бұл өмірде адамға тыныштық бермейді. Осылай адамзат ертеде Американы ашып, бүгінгі күнге дейін космос кеңістігін шарлап, әлі де тыныштық таппай жүр. Бірақ, өзінің жанын, ішкі дүниесін ұмытты, оны сезіне алмайды.
Қорыта келгенде, жан өзінің құмарын тән арқылы қандырғысы келеді. Сана деңгейі әлі төмен болғандықтан, адам өзінің жан екенін ұмытып, өзін тәнмен балай бастайды. Осылай адамдар, сонымен бірге бүкіл қоғам, фәни дүниенің ықпалына түсіп қалады. Ал заттық дүниенің қасиеті бізге мәлім. Заттық дүниенің қасиеті – уақытша, надандыққа толы және қысқа өмір. Осылай адамды тән құмары билеп, бүкіл қоғам заттық дүниенің ықпалымен тәртіп жойылып, оның орнына бейберекеттік, хаос орнайды. Еркіндікті жан құмары үшін дұрыс пайдаланбай, тән құмары үшін қолданғанда осылай еркіндік өзінің кері нәтижесін береді. Жан еркіндігі тән құмарын қоздырып, нәпсіқұмарлыққа айналады. Тән құмарына берілген адамдар өлшеусіз байлыққа, атақ-даңқ, мансапқа ұмтылады. Бұларды Абай «жарым адам» деп атағаны белгілі. Олар демократиялық құндылықтарды елемейді, ешқандай озбырлық пен әділетсіздіктен тайынбайды. Тән құмары жан құмарын тұншықтырып, адам еркіндігі шектеліп, өркениет құлдырай бастайды. Тәртіп жойылып, еркіндік анархияға айналады. Өзінің алғашқы мәнінен айырылған еркіндік анархияны осылай тудырады.
Жауапкершілік немесе тәртіп. Қатаң тәртіп – қоғамды реттеп, жүйелеу жолы. Әуелі тәртіптің негізі қайда жатқанына келейік. Абай қырық үшінші сөзінде «Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, ұшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады» дейді. Яғни, Абай ілімі бойынша тәртіп дегеніміз – әрненің өлшеуін, оның жауапкершілігін білу. Әрбір құбылыстың, әрбір амал-шараның өлшеуі бар. Өлшеуінен асса – боғы шығады, яғни тәртіп бұзылып, ол пайдалыдан зиянды болып кетеді. Әрненің өлшеуін біліп, өлшеуден асырмаудың өзі үлкен өнер.
Ал ол өлшеу қайда жатыр, оны қалай білуге болады? Ол өлшеу – жан құмары мен тән құмарының үйлесімділігінде жатыр. Ол үлесімділіктің екі тірегі бар.
Біріншісі, ұят. Ұят жүректен шығатын рухани құбылыс. Абай «иманы бар адамның ұяты бар» дейді. Ар-ұяты бар адам үшін әрненің өлшеуін, жауапкершілігін білу қиын емес. Ар-ұят адамның тәртіпті сақтайтын ішкі тірегі болып табылады. Ұяты бар адамға ешқандай сыртқы тәртіп, заңдылықтың қажеті де жоқ. Оның барлық іс-әркетін иманы, яғни ұяты басқарады. Қатаң тәртіп – мұндай адамның бойына біткен қадірлі қасиет. Рухани жаңғыру барысында ар-ұят шыңдалып, өмірдің түпкі мақсатына жеткізеді.
Екіншісі, ұлттық салт-дәстүр, моральдық-этикалық қағидалар, заң жүйесі, немесе, адам құқығын қорғайтын мемлекеттік органдар. Қоғам қағидалары адамның тәртіпті сақтайтын сыртқы тірегі. Бұлардың жетілу деңгейіне байланысты тәртіптің сақталу дәрежесі де әртүрлі. Тәртіпті мойындамай, еркін өмір сүргісі келетін адамдар көбіне заңды бұзып, жазаланады. Мұның дәлелін демократиясы жетілген мемлекеттерден көре аламыз. Мысалы, АҚШ өркениетті ел болғанымен түрмеде отырғандар мөлшері адам санына шаққанда өте жоғары.
Заң бұзушыларды азайту жолы адамның ішкі тірегін, яғни рухани болмысын көтеру керек. Сонда еркіндік пен тәртіп өз шеңберінде және үйлесімді болады. Демократияның екі қанаты болғандықтан, олардың бірі болмаса – екіншісі де жоқ. Бұл екеуі үйлесімді болғанда ғана қоғам бай, ал адамдар еркін, бақытты сезінеді. Қоғамдағы тәртіпті сақтау әдісі мен оның деңгейі уақыт пен саяси-әлеуметтік жағдайға байланысты құбылмалы. Қазақтың «Елу жылда ел жаңа» дейтін даналы сөзі осыны білдірсе керек.
Тәртіп орнатудың шарты бар. Ол шарт – тән құмарын жан құмары билеуі. Тән құмарын шектеу керек. Рухани деңгейі төмен қоғамда тән құмарын тек қана қатаң тәртіп арқылы шектеуге болады. Бұл тоталитаризм. Бүгінгі ғылыми-техникалық өркениет күш алып, жан құмары төмендеген заманда тоталитарлық мемлекеттердің көбеюі осының көрінісі. Себебі, біздің заманымызда өркениеттің рухани жағы төмендеп кетті. Рухани деңгейі жоғары болып, жан құмары толық қанағат тапқан қоғамдарда тәртіптің деңгейі де жоғары болады.
Тәртіп пен еріктің өзара байланысы. Жан құмары ғана емес, тән құмары үшін де еркіндік керек. Адам өзінің барлық қалау-ниеттерін өзінің еркімен қанағаттандыруы керек. Абай еріксіз жасалған әрекет адамға қуаныш бере алмайтынын айтады. Еркіндік болмаса адамның ешбір арманы толық орындалмай, ол бақытсыз болады. Еркіндік адамға бақытты өмір сүруге мүмкіндік береді. Ал еркіндікті қорғайтын – қоғам. Қоғам заң арқылы, яғни тәртіп арқылы еркіндікті қорғайды. Заңдылық болмаса елдің берекесі кетіп, қоғамда ешқандай үйлесімділік болмайды. Сондықтан қоғамға тәртіп керек.
Бірақ, жалаң тәртіп қоғамға тыныштық әкелгенімен, ол адам еркін шектейді. Сондықтан қатаң тәртіпті әркім ұната бермейді. Осылай еркіндік адамдарға керек болса, ал тәртіп қоғамға керек екенін көреміз. Бұл жағдай адам мен қоғамның, яғни ерік пен тәртіптің арасында қайшылық тудырады. Санасы тән деңгейінен аспаған адам өмірдің қызығын шексіз көргісі келеді, Сондықтан ол тәртіпті ұмытып, шексіз еркіндікке ұмтылады. Өмірдің жалтырағы адамды қоғамға қарсы қойып, кінәрәтті істер жасауға итермелейді. Бұл қоғамның тыныштығын бұзады.
Бірақ, жоғары мақсатқа ұмтылған адам өзінің табиғи болмысын шектеу үшін белгілі бір тәртіп үлгілері керек екенін түсінеді. Тәртіпті сақтап, нәпсісін тежей білетін болса, онда оның өмірі қоғаммен үйлесімді болады.
«Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен» өлеңінде Абай бұл өмірдің өткінші екенін түсіндіріп, адамды үйлесімді өмірге былай деп шақырады:
Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ.
Бүгінгі жарқылдап алдайтын өмірден басқа, алда мәңгілікті өмір күтіп тұр. Соған дайындалу керек. Яғни, бұл өмір үйлесімді болу керек. Бүгінгі өмірдің жарқылына алданба, дейді Абай. Бірақ бұл ақиқатты көпшілік түсіне бермей, өзінше әрекет етеді. Осылай қоғам мен адамның арасында қайшылықтар пайда болады. Бұл қайшылықтарды шешу үшін қоғам белгілі бір тәртіп жүйесін қабылдауы керек. Тәртіптің маңызын Абай отыз жетінші сөзінде былай деп береді:
Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал.
Пендені тәртіп арқылы ғана жөнге салуға болады. Тәртіп адам өмірін реттеп, рухани жетілуіне мүмкіндік береді. Заңдылық адамды кінәрәтті істерге жібермей, жөнге салып ұстайтын қоғамның гаранты болуға тиісті. Сонда еркіндік тәртіппен үйлесімге келіп, қоғамда тыныштық орнайды.
Осылай, тәртіп жоғары мақсат үшін қолданғанда адамның жетілуіне, ал еркіндікті тұншықтыру үшін қолданғанда қанау құралына айналып кететінін көреміз.
Досым ОМАРОВ,
Абайтанушы, теолог-ғалым