Абубакирова Роза Макканбайқызы

21 желтоқсан 2018 4664 0
Оқу режимі

1997 жылы 29-қаңтарда қазіргі Түркістан облысы, Кентау қаласының  «Еңбекші Дихан» елдімекенінде дүниеге келген. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінің  қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 3-курс студенті. 8-сыныптан бастап ұлттық мектептер арасында өткен мектепішілік, аудандық, қалалық, облыстық, республикалық  мүшәйра – байқауларға қатысып жүлделі орындар алған.

Пайғамбарлар сұлтаны  Мұхаммед (с.ғ.с.)!

Сен туғанда  бүкіл әлем нұрланған,
«Үмбетім» деп  тәнің, жаның қорланған.
Жер жаһанда сендей тұлға болмаған,
Пайғамбарлар сұлтаны, я, Расул Акрам!

Бар тіршілік тамсанған келбетіне,
Иман  нұрын таратты жер бетіне.
Қияметте шапағатшы үмбетіне,
Пайғамбарлар сұлтаны, я, Расул Акрам!

Әмин, Сыддық болғансың жастайыңнан,
Имансыздар қорыққан ақыл ойыңнан.
Көркем хұлқың табылса ғой өң бойымнан,
Пайғамбарлар сұлтаны, я, Расул Акрам!

Жетім менен жесірге қорған болған,
Пәк жүрегі хидаят нұрға толған.
Елші боп Алладан  жеткіздің Құран,
Пайғамбарлар сұлтаны, я, Расул Акрам!

Шарапатынан тау-тасқа тіл бітті.
«Үмбетім, үмбетім» деумен өтті.
Қоштасарда үмбетін қимай кетті,
Пайғамбарлар сұлтаны, я, Расул Акрам!

Өтіп жатыр өзіңсіз мынау жалған,
Үмбеттерің өзіңсіз жүдеп қалған.
Арман бар ма алдымнан шыға қалсаң,
Пайғамбарлар сұлтаны, я, Расул Акрам!

Тәубем тамшы, күнәләрім дария,
Ақидамды жұртқа еттім жария.
Бір өзіңе тең келмес мың қария,
Пайғамбарлар сұлтаны, я, Расул Акрам!

Мен өзіңдей адал болғым келеді,
Хадишадай ана болғым келеді.
Раббым Алла бәлкім нәсіп етеді,
Пайғамбарлар сұлтаны, я,  Расул Акрам!

Саған деген махаббатпен өлсем деймін,
Сүннетіңді сүйген жанды сүйсем деймін.
Тым құрыса түсімде көрсем деймін,
Пайғамбарлар сұлтаны, я, Расул Акрам!

Мекке һәм Мадинаға барсам деймін,
Сезімімді дастан қып жазсам деймін.
Жүрегіңнен бір орын алсам деймін,
Пайғамбарлар сұлтаны, я, Расул Акрам!

Алланың разылығын алсам деймін,
Ең сүйікті үмбетің болсам деймін.
Қияметте қасыңда тұрсам деймін,
Пайғамбарлар сұлтаны, я, Расул Акрам...

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру