АДАМДЫ КЕЙДЕ БАРШЫЛЫҚ СЫНАЙДЫ, КЕЙДЕ ЖОҚШЫЛЫҚ СЫНАЙДЫ

17 мамыр 2023 3985 0
Оқу режимі

Адам ата (ғ.с.) жер бетіне түсірілген кезде мәңгі қалу үшін түсірілмеді. Алайда, мәңгілік өмірге дейін уақытша тұрақтау үшін жер бетіне түсірілді. Құран Кәрімде Алла Тағала:

فَأَزَلَّهُمَا الشَّيْطَانُ عَنْهَا فَأَخْرَجَهُمَا مِمَّا كَانَا فِيهِ وَقُلْنَا اهْبِطُواْ بَعْضُكُمْ لِبَعْضٍ عَدُوٌّ وَلَكُمْ فِي الأَرْضِ مُسْتَقَرٌّ وَمَتَاعٌ إِلَى حِينٍ

 «Сендер (шайтан мен адам) бір-біріңе дұшпан болған хәлде жер бетіне түсіңдер және сендер үшін жер бетінде тұрақтану және белгілі мерзімге дейін пайдалану бар деп бұйырдық[1]» деп айтқан. Сол үшін толық бақыттылық пен кемел шаттық бұл қысқа өмірде жоқ. Ол тек жәннатта ғана. Сол секілді толық бақытсыздық пен бітпейтін қайғы осы өмірде жоқ, ол тек тозақта ғана. Ал, осы өмірде адам баласы мәңгілік өмірге дейін сынақтан өтуде. Адамға байлық берілсе де сынақта, кедейлік берілсе де сынақта. Денсаулық берілсе де сынақта, дерт берілсе де сынақта. Атақты болса да сынақта, қарапайым болса да сынақта. Қасиетті Құранда:

وَاعْلَمُوا أَنَّمَا أَمْوَالُكُمْ وَأَوْلَادُكُمْ فِتْنَةٌ وَأَنَّ اللَّهَ عِندَهُ أَجْرٌ عَظِيمٌ

«Сендердің байлықтарың мен бала-шағаларың сынақ қана және Алланың құзырында ұлық сыйлық бар екенін біліңдер![2]» деп айтқан. Әлләмә Әлуси (Алла оны мейіріміне алсын) бұл аятқа қатысты былай деген: «Өйткені, байлық күнә жасауға және азапқа душар болуға себеп болады, әлде Алла тараптан сендерге берілген сынақ. Сондықтан, оны жақсы көру қиянат қылуға апармасын деген мағынада. Байлықтағы сынақ бала-шағадағы сынаққа қарағанда көбірек болғандықтан бұл аятта байлық бірінші айтылған болуы керек. Әзіреті ибн Масғудтан (р.а.) жеткен риуаятта: «Сендердің араларыңда кім болса да сынақта. Өйткені, Алла Тағала «сендердің байлықтарың мен бала-шағаларың сынақ қана және Алланың құзырында ұлық сыйлық бар екенін біліңдер!», - деп айтқан». Хадисте келгендей қияметте адам баласы мал-мүлікті қайдан тапқаны және қайда жұмсағаны туралы сұраққа тартылмайынша, орнынан қозғалмайды.

Мал-мүлікті адалдан табу қаншалықты талап етілсе, дұрыс жолға жұмсау да соншалықты талап етіледі. Ал енді, Жаратушы Алла Тағала кімге кедейлік беріп, тарылтып қойса, ол адам да сыналып жатыр. Тағдырға және Алланың шешіміне риза болу пенденің міндеті. Одан бөлек, сабырлық танытып, шариғат талаптарын орындауға жігерлік танытуы Алланың бұйрығы. Құран Кәрімде Алла Тағала:

 لَتُبْلَوُنَّ فِىٓ أَمْوَٰلِكُمْ وَأَنفُسِكُمْ وَلَتَسْمَعُنَّ مِنَ ٱلَّذِينَ أُوتُوا۟ ٱلْكِتَـٰبَ مِن قَبْلِكُمْ وَمِنَ ٱلَّذِينَ أَشْرَكُوٓا۟ أَذًۭى كَثِيرًۭا ۚ وَإِن تَصْبِرُوا۟ وَتَتَّقُوا۟ فَإِنَّ ذَٰلِكَ مِنْ عَزْمِ ٱلْأُمُورِ 

«Сендер міндетті түрде мал-мүліктеріңе және жандарыңа қатысты сыналасыңдар және міндетті түрде сендерден бұрын кітап берілгендерден және ширк келтіргендерден көп зиян естисіңдер. Егер, сабырлық танытып, тақуалық қылсаңдар, солай істеулерің міндетті түрде талап етілген істерден[3]» деп айтқан. Демек, шүкір етуші бай да, сабырлық етуші кедей де Аллаға сүйікті.

Қорыта айтқанда, бұл қысқа өмірдегі барлық жағдай адам баласын сынау үшін жіберіледі. Сынақтан жақсы өтіп, құтылғандар жәннатпен сыйланады. Ал, сынақтан сүрініп, өте алмағандар Алланың азабына душар болады.

«Al-Fattah» мешітінің ұстазы

Асхат Сәлімгерейұлы

   

 

[1] "Бақара" сүресі 36-аят

[2] "Әнфәл" сүресі 28-аят

[3] "Әли-имран" сүресі 186-аят

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру