«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...»

20 ақпан 2021 28748 0
Оқу режимі

Бір ана, бір атадан туылып, бір шаңырақтың астында ер жетіп, бой жеткен адамдарды бір-біріне бауыр деп атаймыз. Алайда «бауыр», «бауырмашылдық» деген ұғымдардың аясын тек қандық туыстықпен немесе бір үйде өмір сүрумен ғана шектеу дұрыс емес. Өйткені, ақиқат дініміз тек бір атаның перзенттерін емес, бүкіл мұсылман атаулыны бір-біріне бауыр екендігін насихаттайды. Қасиетті Құран Кәрімде: «Шын мәнінде, мүміндер бір-біріне бауыр. Сондықтан туыстарыңның арасын жарастырыңдар («Хужурат» сүресі, 10-аят), – деген де аят бар. Сондай-ақ, Алла елшісі (с.ғ.с.) «Сендер өздерің үшін қалағандарыңды бауырларың үшін қаламайынша толық иманды  болмайсыңдар» деген хадисі арқылы мұсылмандар арасындағы қарым-қатынасты реттейтін ұлы ережені білдірді. Ақиқатында да, бауырлық сезімнің бұзылуы көп жағдайда адамдардың тек қара бастарын ойлап, өзгелерді есепке алмаудан туындайды. Өзі көбірек нәрсеге иелік етсе, өз жағдайы жақсы болса, тек өзінің айтқаны жүріп тұрса, тек өзінің тамағы тоқ, киімі көк болса деп тілеп, ал қасындағы бауыры не болса ол болсын деп неқұрайлы қараса, адамдар арасындағы бауырлық байланыс әлсірейді. Бірте-бірте тіпті үзіледі. Мұндай жағдайда адамдардың бірге туғаны да рөл ойнамай қалуы ықтимал. Ал өзімізге бар қалағанымызды өзге үшін де болсын деп қаласақ, онда бауырмашылдық барынша күшейетіні даусыз. Мұны бауырмашылдықты нығайтатын бірінші қағида деп атайық.

Енді Ислам тарихынан, саңлақ сахабалар өмір сүрген алтын дәуірден бауырмашылдықтың бір үлгісін келтірейік.

Бір күні Алла елшісіне (с.ғ.с.) бірнеше күн нәр татпай, аштықтан бүкіл әл-дәрмені құрыған бір кісі келіп: «Уа, Алланың елшісі, мынадай қиын жағдайға тап болдым» деді. Алла елшісі (с.ғ.с.) өз әйелдеріне жіберіп еді, олардан да тіске басар ештеңе табыла қоймады. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: «Бүгін түнде бір адамды қонақ етіп, Алланың рахымына бөленгісі келген жан бар ма?» деді. Мәдиналық ансарлардан бір жігіт орнынан тұрып: «Мен күтейін» деді. Сөйтін әлгі кісіні ертіп үйіне келді. Келе сала әйеліне: «Бұл кісі Пайғамбарымыздың қонағы, ештеңеңді аяп қалма» деп сыбырлады. Сонда жұбайы: «Алла куә, кішкентай қызымызды алдауқырататын аз ғана азықтан басқа ештеңе жоқ» деп үйдің жайын айтты. «Онда былай жаса, – деді үй иесі, – Қызымыз қарны ашып жыласа, оны ұйықтат. Ал барыңды қонақтың алдына әкелгенде, шамды сөндіріп қой. Өзіміз тамақ жеп отырған секілді бос қасықты қимылдатып отырайық». Бәрін дәл осылай жасады. Ертесіне әлгі жігітті көрген Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деді: «Алла Тағала пәлен еркек пен түген еркектің түндегі істеріне разы болды. Сөйтіп мына аятты түсірді деп: «Өздері мұқтаждық тартса да, оларды өздерінен артық көреді», – деген аятты оқып берді («Хашыр» сүресі, 9-аят).

Міне, бұл оқиғаға қарасақ, қонақ та, күтуші де бір ата, бір анадан тумаған. Алайда, олар Аллаға шын берілген мұсылмандар еді. Осы жерден бауырмашылдықты күшейтетін екінші қағидат шығып отыр. Мұсылман адам өзі қиналып отырса да, бауырының жағдайын өзінен артық көреді.

Ақиқатына қарасақ, жер бетінде ешбір адам алауыздық, жек көрушілік, дұшпандық дегендерді жақсы деп атамайды. Алтаудың ала болуын ақтайтын ешбір заң немесе дәстүр жоқ. Бірақ айналамызда бір-бірімен дұрыс бауыр бола алмай жүрген адамдар көп екендігін де ешкім жоққа шығара алмайды. Адамдар арасындағы бауырмашылықтан артық байлық жоқ екендігіне тағы да бір сендіргіміз келеді. Қарап отырсақ, адамдардың бір-біріне жауығатындай, қулық-сұмдықпен бірін-бірі алдайтындай, болмашы нәрсе үшін ештеңеден тайынбай бір-біріне зұлымдық жасайтындай үлкен себеп те жоқ. Ал керісінше, дос болудың, жақын болудың, бауыр болудың себептері көп. Солардың бірді-екісіне тоқталайық.

Ақылға салып көрейікші, бір кемеде жүзіп бара жатқан адам қасында бірге отырған адамның суға батқанын қалауы дұрыс па? Әрине жоқ. Ендеше, барша мұсылмандар Ислам деген алып кемеде бара жатқан жоқ па? Екіншіден, өзіміз отырған үйде ешбір адамның отқа жанғанын қаламаймыз. Өйткені, өзіміз сол үйде отырмыз. Ал біле білген адам үшін бізді қоршап тұрған он сегіз мың ғалам ұлы Жаратушы иеміздің ғажайып үйі. Демек ондағы адамдар бір-біріне бауырмыз. Абай атамыздың: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», – деген даналық ойының бір себебі осы болса керек.

Сондай-ақ бүкіл мұсылмандар Құбылаға бет бұрып намаз оқимыз. Құбыла – Алланың үйі. Сондай ұлы  ортақ құндылығымыз бола тұра мұсылманның бір-бірімен бауыр бола алмауы ақылға да, қисынға да теріс. Өйткені бәріміз бір Алланың үйіне бет бұрып тұрып, көңіліміз әр жақта болып тұрса, ол мұсылмандыққа да жат.

Сонымен қатар, бұрын мектепте бүкіл сыныптастарымыз бір мұғалімнен тәлім алдық. Мұғаліміміздің ортақ болуының өзі бізді он бір жылдан соң, қимай қоштасатындай бауырмал етіп шығармап па еді? Ал енді мұсылман жамағатының мұғалімі емес, Жаратушы иесі мен Пайғамбары бір емес пе? Тым болмаса, осы үшін бауырлар арасындағы бүкіл жек көрушілікті қиюға болады.

Тағы бір мәселе, бәріміз ертең бұл дүниедегі дәм тұзымыз таусылып, арғы өмірге көшеріміз анық. Ол жақта күтіп тұрған қабір, мизан таразысы, сират көпірі, махшар алаңы, жұмақ пен тамұқ бәрімізге ортақ. Бұлардың бәрінде де бауырмашылдықтан безудің зияны көп.

Міне, осыншалықты бауырмашылдықтың себептері тұрғанда, алтыбақан алауыз болу ешбір заңның шеңберіне сыймаса керек. Бауырмашылдықты бұзатын бір ғана себеп бар десек, ол біздің қу нәпсіміз. Демек, жауласу керек болса, жүрегіміздегі тәккаппарлық, көре алмаушылық, кекшілдік, өшпенділік, жеңілтектік, нәпсіқұмарлық секілді мыңдаған рухани дұшпандарымызбен жауласайық. Лағынеті шайтанға қарсы тұрайық. Бірақ өз қандастарымызға, діндестерімізге, отандастарымызға, тағдырластарымызға еш уақытта дұшпандық жасамайық.

Сөз соңында тілеріміз, Алла Тағала барша халқымызды тәндері бөлек болғанмен, ойы бір, арман-тілегі, ниеті бір, мақсаты бір бауырларға айналдырсын.

Асылбек ӘУЕСХАНҰЛЫ

Пікірлер Кіру