«АҒАЙЫН - БІР ТАМЫР»

20 мамыр 2026 75 0
Оқу режимі

Ағайынмен араздасып, сыртынан сөз айтып, әлеуметтік желіге шығарып масқара қылсаң, ел сені де, оны да даттайды. Ағайын арасындағы дауда жеңген адам — ең көп ұтылған адам.

- «Бір-бірін жат көретін бауырлар болса, онда сол әулетте бір береке кем болғаны» деген сөз бар. Мұның мәні — біреуді кемсіту емес, бауырдың орны бөлек, байланысы терең екенін ұқтыру.

-Жасың жетпіске келсе де, басыңа іс түсіп, денсаулығың сыр берген сәтте ең әуелі ойыңа түсетін — туған бауырың. Баладан бұрын да бауырға сүйенгің келеді. Себебі бала күннен бірге өскен жанға көңіл де, сана да байланған.

-Құда-жекжаттың саған қабақ ашып, құрмет көрсетуі — өз қыздарының амандығы үшін екенін ұмытпа. Солардың алдында туған бауырыңды жамандап, өзіңді жоғары қойма. Ағайынын қадірлемеген адам — өзін де қадірсіз етеді.

-Бауырыңа қонған бақтың шапағаты саған да тиеді. Сондықтан бауырыңды күндеме, қайта жолы ашылсын деп тіле.

-Адам бұл дүниеден өткенде, кейде артында қалған бауырының қайғысы баласынан да ауыр болады. Себебі бауыр — сенің бүкіл балалық шағыңның, жастығыңның куәсі. Ол сені өмір бойы ұмытпайды, әр естелікте есіне алып отырады.

-Бауырың — бір ананың құрсағынан шыққан, қаның бір, жаның жақын адам. Ал балаң басқа әулеттен келген анадан туады. Сондықтан келіннің сөзіне еріп, балаңның өкпесі үшін туған бауырыңнан теріс айналма.

-Кейде бауырыңның басына іс түссе, өзің де себепсіз алаңдап, жүрегің шым ете қалады. Бұл — бауырдың арасындағы көзге көрінбейтін байланыс. Қазақ бекер «Ағайын — бір тамыр» демеген.

 

Abdulakhad SMANOV 

Пікірлер Кіру