ӘКЕНІҢ ПРИНЦИПШІЛДІГІ
Өткенде Ердос бауырым атасының қызықты бір оқиғасын айтып берді.
Атасы қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі әрі мектеп директоры болған екен. Сегіз баласының жетеуі өзі секілді өте сауатты, ал кенжесі ерке болғандықтан, сабағына салғырт бопты.
Кенжесі үйтіп-бүйтіп мектеп бітіргеннен кейін әскерге аттанып кете барады. Ол кезде қазіргідей бір жылда жетіп кеп тұрмайды. Кемі екі жылға кетеді. Хабар алысып тұратын сотовый да жоқ, тек хат жазысады.
Содан әскерде жүріп ұлы үй ішіне хат жазады екен. Әкесі ұлынан келген хатты ашып, оқып болған соң, қолына қызыл қаламын алып, қателерінің бәрін шимайлап, түзетіп шығады да, хатқа жауап жазбастан кері салып жібереді екен.
Ол кезде хат қысқа уақытта жетіп баратын емес, айлап жүріп барады. Баласы әкесінен “қызылға боялып” келген хатын қатесіз қайта көшіріп жазады да, тағы да салып жібереді екен. Әкесі де қатесі түзетіліп келген хатқа ғана жауап жазатын көрінеді. Мұндай жағдай бір емес, әр келген хатта қайталанады екен.
Қараңызшы, әкенің сауатсыздыққа қарсы принципшілдігі қандай, ә?..
Қазір әлеуметтік желілердегі жастарымыздың өзара хат алмасуларына көз салсаң, қатеден сүрініп жығыласың. “Нестеватсын”, “қойшиш!”, “бош!”, “неғо”, “баратрм”, “қараватрм” дегендерден жүрек айниды. Құдай біледі, жастар бұл сөздердің қалай дұрыс жазылатынын да ұмытып қалды-ау осы…
Ал сіз әлеуметтік желіде жазу сауаттылығына мән бересіз бе?