Ахмер Біржан Ермекұлы

21 қараша 2018 4754 0
Оқу режимі

 «Әдебиет порталы» интернет-жобасының редакторы, республикалық жыр-мүшәйралардың жеңімпазы.

СОҢҒЫ ДЕМ (Мұхаммед с.ғ.с)

Кешкілік... Азанның дауысы Аспаннан естіліп, 
Қанатын жайып тұр Құдайлық ескі Үміт. 
Мен сонда еске алдым, Пайғамбар, өзіңді, 
Жұмып ап жас аққан жəудірек көзімді...

Бе-еу, 
Алланың жіберген ақырғы елшісі, 
Сен келіп нұрланды сұрланған жер түсі. 
Мен сенің ең Ғажап Жаныңды сүйемін, 
Біреулер сүртіп жүр пұттардың сүйегін.

Шаршадың, 
Сабылдың, 
Қиналдың, 
Тарылдың, 
Үмітті жандырар үмбетті сағындың. 

Сен құсап сұраған Алладан көмегін, 
Өкінген пендені тым сирек көремін.
Бір құлаш жақындау тұратын пейішке, 
Сəждеге жүрекпен иілген - періште...

Сол ғасыр – 
Санасын оятып сандырақ бақсының, 
Тағынан шошынтып тас жүрек тақсырдың, 
Тоқтатып кеттің сен, ұмытқан сырлы үнін, 
Тірідей көмілген арулар шыңғырын. 

Сабырлық сендегі, 
Не деген өрлі еді, 
Біреуге сабырлық – уақыттың ермегі. 
Сендегі сабырдың алсам мен ұшқынын, 
Сайратып кетуші ем ғаламның құс тілін.

...Сөндіріп күдікті, жандырып қанша үміт, 
Сүйеніп сен сөйлер бар еді тал-шыбық. 
Сонда бір сахаба мінберді ұсынды, 
Деді ол: «Бұл мінбер сарқылтпас күшіңді».

Пайғамбар көнгендей, жүргенде бір адым, 
Тал-шыбық жылады... Жоғалтып Мұнарын. 
Солқылдап жас төкті, 
Солқылдап жас төкті, 
Жаратқан елшіні осылай жақсы етті.

Тал-шыбық маңдайын пайғамбар бір сипап, 
Мүбәрак қолымен жұбатты нұр сыйлап.
Алапат сезіммен сүйетін жаныңды, 
«Жансыздың» өзі де жүзіңді сағынды...

«Алла – бір» екенін əлемге жар сала, 
Елшілер өтті ғой, өтті ғой қаншама.
Алайда ең соңғы Пайғамбар өзіңсің, 
Адамзат
Ұғынсын, 
Түйсінсін, 
Сезінсін!.

Көктегі Күн құсап нұр шашып арайлы, 
Түйсігің адамзат үстінен қарайды. 
...Бұл ғалам біледі, біледі мұңыңды, 
Соңғы рет жүзіңнен төгілген нұрыңды. 

«Қош!» дедің сен неге, 
«Қош!» дедің баршаға, 
Мүминдер көзінен мұңлы жас тамса да. 
Бір сөзге «қош» деген шер балқып өңінде, 
Буыны босады буынсыз жердің де...

«Құлшылық, 
Құлшылық, 
Құлшылық тағы да, 
Ем болар тілінген жаралы жаныңа»
Дегенің мəңгілік жүректе сақталып, 
Ақ кітап жанымды үміт тұр ақтарып.
Бұлттардың үстінен мұң жауып шерлі үнді, 
Күллі əлем сол кезде жас төгіп егілді...

...Ей, пенде, 
Сырыңды айтшы сен, айтшы сен маған да, 
«Алладан өзге бір тəңір жоқ ғаламда»
«Мұхаммед – Алланың ең соңғы елшісі» 
Бұл ғұмыр – осынау қос сөздің еншісі. 

Кешкілік... Азанның дауысы Аспаннан естіліп, 
Қанатын жайып тұр Құдайлық ескі Үміт...

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру