Алла елшісінің (с.ғ.с.) екі мұғжизасы

18 қаңтар 2021 4716 0
Оқу режимі

Құрайыш мүшріктерінің Рүкәна дейтін палуаны бар еді. Жауырыны жерге тимеген ол атыраптағы ең күшті палуан саналатын. Бір күні Рүкәна Мекке маңында отарын жайып жүріп, Алла расулымен ұшырасып қалады. Алла расулы одан: –  Ей, Рүкәна, Алладан қорықпайсың ба? Хақ дінге қашанғы қарсылық көрсете бермексің? – деп сұрайды. Алайда Рүкәна бұл жолы еш күтпеген тың бір ұсынысты алға тартты:
–  Уа, Мұхаммед, кәне, күреселік. Егер мені жеңсең, айтқандарыңа мойынсұнамын.
–  Егер сені жеңсем, шынымен Ислам дінін қабылдайсың ба?
–  Иә, сен мені жеңетін болсаң, мұсылмандықты қабыл етемін немесе мына қойлардың бәрін саған беремін. Ал, мен жеңсем, сен пайғамбарлықтан біржолата бас тартасың.

Екеуі осы сөзге тоқтап, күресе кетті. Ә дегенше Алла расулы Рүкәнаны жерге алып ұрды. Рүкәна екінші рет күресейік деді. Қайтадан күресті. Бұл жолы да палуанның жауырыны жер иіскеді. Рүкәна тағы да күреспек болды. Үшінші мәрте күрескенде де нәтиже өзгермеді, Рүкәна жеңілді.

–  Құдай ақы, бұл бір таң қаларлық жайт. Сен мені қалайша жеңдің? Ақылыма сияр емес. Сиқырың сұмдық екен. 
–  Қаласаң, бұдан да ғажап мұғжиза көрсетейін, мүмкін сонда айтқандарыма илігерсің?
–  Ол не нәрсе? – деп сұрады Рүкәна қызыққандай.
–  Анау өсіп тұрған ағашты жаныма шақырамын, – деді де, әлгі ағашқа қарап: «Алланың рұқсатымен жаныма кел», – деді. Ағаш тамырларымен жерді жыртқан бойда бері қарай жылжи бастады.
–  Расында, бүгінге дейін мұндай сиқыр көрмеппін, сен енді оны қайтадан орнына көшір, – деді Рүкәна.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы әмір еткенде, ағаш өз орнына жетіп жайғасты.  

Алла Елшісі:
–  Абыройың барда мұсылмандықты қабылда, – деді.
–  Қабылдамаймын.
–  Олай болса, мен сенің мына отарыңды аламын.
–  Жарайды, ал. Бірақ жұртқа не демексің?
–  Рүкәнаны күресте жеңіп, отарын иелендім деймін.
–  Рүкәнамен жай бәстесіп ұтып алдым деп айта салсаң болмай ма?
–  Онда өтірік айтқан боламын.
–  Барлық сөзің мен ісің жалған емес пе? – деп қойып қалды Рүканә. Бұған ренжіген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) :
–  Отарыңды алмай-ақ қойдым, керек емес, – деді кейіп.

Рүкәна болса «Құдай ақы, сен менен әлдеқайда жақсылығы мол, ізгі жансың» деп күбірлеп қала берді. Бірақ көпке дейін «бұл сиқыр емес пе екен» деген күдіктен арыла алмай жүрді.  

Рүкәна Мекке азат етілгеннен кейін барып Ислам дінін қабылдады. Кейіннен Мәдинаға сапар шегіп бара жатқанда жолда қайтыс болып, сол жерге жерленді.   

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру