АЛЛАНЫҢ ҰЛЫЛЫҒЫНА ЛАЙЫҚТЫ ҚҰЛШЫЛЫҚ ЖАСА, НЕМЕСЕ...

24 қараша 2023 2493 0
Оқу режимі

Бір ғұлама былай деп мысалға алады: «Тышқан түйеге ғашық болыпты. Содан түйеге арнап хат жазып, өлең арнап, қызыл тілімен түйенің жүрегіне жол табады. Оны оқыған түйе де, тышқанға көңіл қояды. Содан тышқан түйені үйіне алып келеді. Баршамызға мәлім тышқанның үйі қандай екені. Қанша әрекет етсе де, түйені үйіне сыйдыра алмайды. Сонда түйе тышқанға:

- Сен махаббатыңа лайықты үй сал немесе үйіңе сай махаббат тап-дейді.

Ғұламаның айтпағы - Алланың ұлылығына лайықты құлшылық жаса немесе құлшылық ететін басқа нәрсе тап дегісі келген екендігі емеурінге ойысады.

 «Әуелі келеді ғой памдат намаз,

 Оқиды сол намазды қандай сабаз.

 Егер де сол намазды тәмам етсең,

 Бір Алла әр пәледен қылар қалас.

 Екінші, келе жатыр ұлы бесін,

 Өмірдің кім біледі ерте-кешін.

 Мұны да мезгілінде тәмам етсең,

 Бір Алла береді ғой несібесін.

Үшінші, келе жатыр намаздыгер,

 Оқып қал, шамаң жетсе, болса жігер.

 Егер де мезгілінде оқымасаң,

 Мағшарға барғаныңда бір тергелер.

Төртінші, келе жатыр тағы ақшам,

 Жігіттер жақсы болар дінді бақсаң.

 Мұны да мезгілінде оқымасаң,

 Қайтер ең тамұқтың сен отын жақсаң.

Бесінші, келе жатыр жашиық намаз,

 Ол өзі білгендерге ғашық намаз.

 Бес намаз оразаны тамам етіп,

 Жұмаққа барғаныңда мақтан, Сабаз!» – деп Байсерке абыз жырлаған.

 «Қиналған кезде Құдайдың саған жәрдем бергенін қаласаң, жағдайың жақсы кезде Құдайыңды көп еске ал» деген даналық бұлағынан да көкейге тоқырымыз көп. Алланы еске алудың үлкені – намаз. Намазда дене мүшелері де, тіл де, жүрек те Алланы еске алып, бойұсынады. Тіпті, Құранда намаз оқуымыздың мақсаты анық баяндалған: «...Мені еске алу үшін намаз оқы!» (  «Та һа» сүресі, 14-аят ) Ең кереметі – бұл кезде Алла сені еске алады. Ол туралы қасиетті Құранда: «Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын» («Бақара» сүресі, 152-аят ) делінген.

 Аса ұлы Алланың Өз құлдарын еске алуы, құлдарының Оны еске алуынан үлкен. Ал әрдайым Раббысының есінде болған құлда қандай уайым болсын!?   

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру