АЛЫСТА - НЕ АЛЫС!

04 қыркүйек 2023 3096 0
Оқу режимі

Байдалы қартайып үйден шықпай күндіз-түні төсекте жататын болды дегенді естіп Мұса мырза іздеп келіпті. Байдалы шешен қараша үйінің ішінде бөстекке оранып жатыр екен. Мұсаның қолын алып, жөнін сұрап амандасыпты да, кәріліктің жайын айта беріпті.

—    Ой, кәрілік-ай, сөздің өзі бала, тербетсе оянады, тербетпесе оянбайды, заманым өтті ғой!—дей беріпті.

Мұса қонып, қонақасын жеп, таңертең жүрмек болады.

—    Е, шырағым, еліңе не айтып барасың? — депті Байдалы.

—   Мен не айтайын, ел ағасы болған Байдалы еді, енді кәрілік пен алысып жатыр екен деймін дағы,— депті Мұса.

—    Шырағым, оның рас. Үш ауыз сөз сұрайын, соны шешіп беріп кетші!—дейді қарт. Мұса «айтыңыз» деп тыңдайды. Байдалы қарт сонда:

—    Алыста не алыс?

Жақында не жақын?

Тәтті де не тәтті? — дейді.

Мұса ойланып отырып:

—    Жер мен көктің арасы алыс,

Кісіге туыс жақын,

Бала тәтті, депті.

Сонда Байдалы қарт басын көтеріп:

—    Балам, ақылың әлі алқымыңнан асқан жоқ екен. Білімді мен білімсіздің арасынан алыс жоқ, жаннан тәтті жоқ. Бала қанша жақсы болса да, жан шығарда адамның өз жанынан тәтті жоқ. Жақында — ажал жақын,— депті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер Кіру