Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ: ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДАҒЫ ИСЛАМ (қысқаша шолу)

02 ақпан 2024 2160 0
Оқу режимі

Қазақстанның тарихы мен мәдениеті көп ғасырлар бойы ислам дінімен байланыса дамып келеді. Ислам діні қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің қалыптасуындағы негізгі қайнарлардың бірі.

Орталық Азия мен Қазақстанға исламның енуі VII-VIII ғасырларға жатқызылады. Алғашқы араб-дін таратушылары 670 жылдардан бастап қазақ жеріне келе бастаған. Тарихшылар VIII ғасыр басында Орталық Азияда миссионерлік қозғалыс жанданған деп көреді.

Исламның түбегейлі орнығуына VIIIғасыр ортасында, яғни 751 жылы Тараз қаласының маңындағы араб әскербасы Зияд ибн Салих пен қытай қолбасшысы Гао Сяньчжи арасында бірнеше күнге созылған Атлах шайқасында арабтардың жеңіске жетуі айтарлықтай ықпалын тигізген екен. Қытай әскері күйрей жеңіліп, Жетісу мен Шығыс Түркістан азат етіледі. Араб әскерінің бұл жеңісі Орта Азия жерінде ислам діні мен мәдениетінің  орнығып қалыптасуының  бастуы болыпты. 

 

***

Қазіргі уақыттағы Қазақстан жеріне исламның таралуы бірнеше ғасырларға созылды. Бастапқыда жаңа дін оңтүстік өңірлерге ене бастады. X ғасыр аяғына қарай ислам Жетісу мен Сырдариядағы отырықшы халықтың басты дініне айналды. X ғасыр басында мұсылмандықты Қарахан әулеті билігінің негізін қалаушы Сатұқ қабылдайды, ал оның ұлы Боғра-хан Харұн Мұса 960жылы Исламды мемлекеттік дін деп жариялайды.

Бұл аймақ әр-түрлі діндердің тоғысқан жері болғандығына қарамастан ислам дінін тарату бейбіт түрде жүріп жатты. Ұлы Жібек жолы көпшілік діндер, солардың ішінде христиандық-несториандық, буддизм, заростризм діндері үшін қолайлы аймақ болды. Далалы өңірде тұратын түркі халқы тәңіршілдікті ұстанды. Тұрғылықты халық арасына ислам еш зорлық-зомбылықсыз бейбіт жолмен таралды. 

 

***

Ислам діні Қазақ ұлтының бүгінгі дәстүрлі мәдениеттің дамуына айтарлықтай әсер етті. Орат Азияда ислам ілімі игі істердің жүзеге асуы арқылы нығая түсті.

Орта Азиялық мұсылман ғылымы мен мәдениетінің дамуына ортағасырлық шығыс мәдениеті тың серпін берді. Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари және Мұхаммед Хайдар Дулати атты ұлы ойшылдар ғылым мен философияның көрнекті өкілдеріне айналды.

Оңтүстік Қазақстандағы көшпенді түркі халқының арасында исламды таратуда Ясауия тариқатының негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи  зор үлес қосты. Әмір Темірдің Ясауиге деген құрметінің белгісі ретінде XIV-XV ғасырларда тұрғызған  Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қазіргі таңда тек Қазақстандағы ірі мұсылмандық сәулет ескерткіші ғана емес, сонымен қатар, әлемдік озық үлгілердің бірі болып саналады.

 

*** 

XIII-XIV ғасырларда Орталық Азия мен Қазақстан жерлеріне бағытталған монғол шапқыншылықтары мен олардың дәстүрлі діни сенімдерін ұстанатын тайпаларының (монғол және түркі) қоныстана бастауы салдарынан исламның таралуы біраз уақытқа дейін бәсеңдеді. Осы шапқыншылықтар кезінде көптеген қалалар жойылды, ғылым мен мәдениет орталықтары тоналды, мешіт пен медреселер қиратылды. Ұлы Жібек жолындағы сауда-саттыққа ауқымды зиян келтірілді.

Алайда, уақыт өте келе қайта өркендеу басталды. Монғол басқыншылары мен ел билеушілері ислам діні мен түркі тілін қабылдай бастайды. Бұл жағдай ортағасырларда ислам дінінің көшпелі дала өңіріне қайта таралуына кең ықпал етіп, басқа да бұқара халық топтарын өзіне тартуға мүмкіндік берді.

XIII ғасырдың соңында Ислам діні Шыңғысхан империясынан бөлініп шыққан Алтын Ордада ресми дін дәрежесіне көтерілді.   Берке хан басқарған кездегі, мұсылман тарихында үлкен саяси маңыздылықтың дәлелі болған. Онда ислам басымдылық жағынан көрінді, жергілікті мәдениет мұсылман таңбасына анық ие болды, ал бақсылар мен ламалар (будда дінінің сопылары) қуғынға ұшырады. Әрбір алтынордалық хан өзінің түркіше қойылған атынан басқа, араб есімін алып жүрді. Тиындарға қарап айтсақ, Жәнібек  Сұлтан Жалал Ад-Дин Махмұд, Бердібек - Сұлтан Мұхаммед, Тоқтамыс - Сұлтан Нәсір Ад-Дин, т.б. деп аталып жүрген.

Ал XIV ғасырдың басында Алтын Ордада ислам мемлекеттік дін жарияланып, ханафи мазхабы басты ағымға айналды. Алтын Орда хандары ислам дінін қабылдап оны мемлекеттің мүддесінде ұстанды, ал бұл тікелей Қазақ хандығына да қатысты, өйткені, Қазақ елі сол Алтын Орда, Ақ Ордалардың мұрагері. 

*** 

Монғол билеушілері өздерінің діни сенімдерін мұсылмандарға күштемей, діни төзімділік танытты. Алтын Орданың ханы Берке (1255-1266) және басқа да хандардың (Өзбек, Түдемөнх) мұсылмандықты қабылдауымен исламның орны нығая түсті. Мысалға, Өзбек хан тұсында (1312-1342 жж.) Алтын орданың астанасында 13 мешіт қызмет етіп, ханның өзі күніне 5 уақыт намаз оқыған. Өзбек хан билікке келісімен ислам дінін мемлекеттік дәрежеге көтерді.  Өзбек сұлтанды билікке әкелгендердің арасында Алтын Ордалық мұсылман қауымының көрнекті басшылары Құтлық Темір әмір, оның бауырлары Сарай Темір, Мұхаммед Қожа сондай-ақ мұсылман дінбасылары болған. Өзбек ислам дінін таққа отырған соң қабылдаған, және кейін өзіне Сұлтан Мұхаммед деген жаңа есімді алған екен

Өзбек хан билікке келісімен өз ұлысында исламдану үдерісін тез әрі қысқа уақыт ішінде жүргізуге тырысты. Екі жылдан кейін Мысыр сұлтаны Мәлік ән Нәсирге жазған хатында Өзбек өзінің ұлысында кәпірлердің аз қалғандығын айтады.  Өбек хан тұсында Дешті Қыпшақ «Аллаға табынған елге айналды» - деп жазады тарихшылар. Осының нәтижесінде ұлан-ғайыр аумақтағы түрік, моңғол, иран тектес этностардың исламдану үдерісі басталды. Кейін олардың негізінде түркі этностары - қазақ, өзбек, әзірбайжан, татар, ноғай, түрікмен, башқұрт, қырғыз т.б. қалыптасты. Яғни, Өзбек ханның басты еңбегі Алтын Орданы күшейтіп қана қоймай сондай-ақ ислам дінінің еуразияның далалық аймақтарында кең таралып,  жаһандық дінге айналуына ықпал жасауында деп білеміз. 

 

***

Ислам XV ғасырда Жәнібек пен Керей негізін қалаған Қазақ хандығының тұсында да Ислам діні жоғарғы хандық биліктің нығайуы мен түрлі қазақ тайпаларының бір этникалық қауымға біргіуне ықпал еткен идеологиялық факторлардың бірі болды. Қазақ хандығының халқы исламның сүнниттік бағытының ханафи мәзһабын ұстанды, алайда қоғамдық және жеке өмірде исламның тәңіршілдік пен шаманизмнің элементтерімен өзіне тән үйлесімі пайда болды.

XV –XX ғасырға дейін  Қазақ мемлекеті мұсылмандық құқықтық нормаларына жүгінді. Барлық қазақ хандары Керей мен Жәнібектен бастап ең соңғы қазақ ханы Кенесары  өздерінің шариғатқа жүгінетіндіктерін атап кеткен.

Қасым хан мен Есім хан қабылдаған көшпелі мемлекеттің дала заңдарына шариғаттың үлкен әсері болды. Тәуке ханның «Жеті Жарғы» заңдар кодексін қабылдауы исламды қоғамдық өмір мен заңдық тәжірибеде қолдануда айтарлықтай үлкен қадам болды. Осы құжатта көрсетілген әкімшілік, қылмыс және азаматтық құқық нормалары айтарлықтай дәрежеде шариғатқа жүгінген. Бұл заңда мемлекеттің ислам дініне қолдауын мойындайды. Мысалға, «Құдайға тіл тигізген адамның күнәсі жеті куәгер арқылы дәлелденсе, оны тас атып жазалу қажет»; «Егерде біреу христиан дінін қабылдаса, жақындары оның барлық мүліктерін иемденеді».

XVI-XVII ғғ. Қазақстанда исламның жайылуына қазақ халқының орта азиялақ халықтары мен Еділ татарларымен тығыз экономикалық, мәдени байланыстары ықпал етті. Ислам дінінің уағыздарын Бұхар, Самарқанд, Ташкент, Хиуа, Түркістаннан келген уағызшылары тарата бастады.

Қазақ хандығы дәуіріндегі ислам діні үстем болып, мемлекеттік дәрежеде сақталып келді. Тарихшы Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани қазақтардың билеуші топтары жөнінде: «Олар құран оқиды, намазға жығылады, өз балаларын мектепке береді», – деп жазады.

Білім ордаларының бірі Отырар болған. Археологиялық зерттеулер барысында Отырарда Қазақ дәуіріне жататын екі мешіттің орны табылған. 

 

***

Тәуелсіз Қазақстан тарихына жүгінсек исламдық институттардың ықпалының артқанын байқамыз. Қазақстанда мұсылмандар жамағатының қатары күнен-күнге артуда,  олардың арасында жастар көп. Орташа және жоғарғы діни білім алатын адамдар саны көбеюде. Меккеге қажылыққа баратын қазақстандақтар саны өсуде.  Мешіттер саны 1991 жылы  68-70 ғана болса, 2000 жылдардың басында 1500 болды, ал 2014 жылы ислам бірлестіктерінің саны 2389-ға жетті.

Мешіттер мен тарихи-мәдени ескерткіштер қалпына келтіріліп, жөндеулерден өтті; жаңа ғибадат ғимараттары мен медреселер тұрғызылды.

2023 жылғы есеп бойынша елімізде жалпы 2854 мешіт, 357 намазхана жұмыс істеп тұр. Оның 21-і орталық, өкілдік мешіттері, 406-сы қалалық мешіт, 165-і аудандық мешіт, 2262-сі ауылдық мешіт.

2001 жылы «Нұр-Мүбарак» Қазақстан-Мысыр Ислам университеті ашылды. Бұл біліктілігі жоғары имамдарды, исламтанушыларды және араб тілі мұғалімдерін дайындайтын алғашқы ислами университет. Сонымен қатар, қазіргі уақытта елімізде 11 медересе жұмыс істеуде.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 4340 имам ҚМДБ жүйесінде жұмыс істейді. Оның ішінде жоғары білімді - 901 адам (21%), орта білімді - 911 адам (21%) және 2528 адам (58%) - діни сауаттылық курсын аяқтаған. Осыны ескере отырып, имамдардың білімдерін жетілдіру үшін 2016 жылы 2020-шы жылға дейін ҚМДБ-ның діни білім беру тұжырымдамасы қабылданды. 

 2005 жылы еліміздегі ең ірі мешіттердің бірі «Нұр-Астана» мешіті тұрғызылды. Сондай-ақ 2012 жылы Астана қаласында бір мезгілде 5 мың адамға дейін, ал мұсылман мерекелерінде 10 мың адамға дейін намаз оқи алатын «Әзірет Сұлтан» мешіті бой көтерді. 2023 жылы Елордада бір уақытта 30-35 мың адам намаз оқуға мүмкіндігі бар Республиканың Бас мешіті ашылып, жаңа леппен имандылық қызметін бастады.

2024 жылдың басында Түркістан қаласында имамдардың білімін жетілдіруге арналған Ислам институты ашылдуда.

2006 жылдан Қазақстанда мұсылмандардың мейрамы Құрбан айттың бірінші күні «демалыс күні» деп жарияланды.

Қазақстан 50-ден астам мұсылман мемлекеттерін біріктіретін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының мүшесі.

Осының барлығы қазақ елінің имамдары өз білімдерін жетілдіріп, Қазақстанымыздағы діни жағдайды тұрақтандыруға, оның болашақ гүлденуіне үлес қоссын деген мақсат. 

Қазақстан қоғамының мәдени және әлеуметтік өмірінде ислам дінінің алатын орны ерекше, сондай-ақ өзіндік руханиятының ажыратылмас бөлігі болып табылады. 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
 

Дереккөз: Мүфтият.кз сайтынан

Пікірлер Кіру