АҚПАНДА КӨП АҚПАР БАР

23 ақпан 2024 1915 0
Оқу режимі

Ата бабамыз қой баққан қазақ, қоймен бірге ой баққан қазақ. Әр сөзін емеурінмен жеткізіп, әр ісін әрекетпен әдіптеп отырған.

Күннің қабағынан, желдің соғуынан табиғат мінезін тап басып, шаруа жайын шешіп отырған.

Көне қазақ ақпанды "ақ ықпа" деген сөзден таратады.

Кешегі қаңтар ақпанға мынандай аманат айтыпты деседі:

- Ақпан – Тоқпан, Ай мүйізді алты күн. Айқайлап соқпа жеті күн. Қаһарлы келсе қатты күн, Қырына алса қырық күн. Боз тоқтыда құйрық қалды, Қырлан, Ақпан, қырлан!

Ақпан айында ауа-райы құбылмалы келеді.

Қаңтар салған бөгетті ақпан бұзады. Ақпанда солтүстік пен шығыс өңірінде қайталаманың ақ бораны соқса, оңтүстік пен батыс көктемге иық беріп, күн жылына бастайды. "Сәуір болмай — тәуір болмайды" деген дана халқымыздың тәмсіліне сүйенсек, ат адым ұзаратын күні бар ақпанның алдамшы жылымығына сеніп қалуға болмайды. Қайталаманың ақ бораны оңтүстікте де соғуы мүмкін. «Білмесең білдірем, білсең бүлдірем», - дейтін ақпан бір бүйіріңді қыздырса, екінші бүйіріңді мұздатады. «Жақсылығына барса – құт, жамандығына барса – жұт» айы.

Ақпанда кейде аяздың беті қайтып, сынады, кейде аспан түнеріп, жапалақтап қар жауады. Қаңтарда бұрқасын, боран тәулік бойы соқса ақпанда түнде, таң алдында соғады.

Ақпан – жылдың ең қысқа айы. Кейде 28, кейде 29 күннен бітеді.

Аспанда жұлдыз быжынап көрінсе, қыстың ұзаққа созылуы мүмкін. Қырау түспей, күн желді болса, жұлдыз жымыңдаса, боран соғады, жарқыраса аяз тұрады, күңгірттенсе күн жылырақ болады. Жауған қар қарағаш бұтағына жабысып түспесе, күн жылынады. Күн райы салқын және ылғалды болса, келер тамыз – ыстық болады. Айдың соңғы жартысында ауа-райы ашық болса, жаз қуаң келеді. Жер көлкілдеп, ылғал молайса, молшылық болады. Дала қарлы болса, келер жазда жер нәрлі, өзен-көл суға толады. Ақпанның он бесінші жұлдызы – қыс пен көктемнің алғаш ұшырасатын күні. Бұл күнгі ауа-райы қандай болса, көктем райы сол тақылетті болмақ. Екі аралықта қар жауса, көктем жаңбырлы болады.

Ақпанды ертеде "үт" айы деген. Ақпанның онында "Ақпан амалы" кіреді. "Ақпан-Тоқпан есімді екі жігіт аязда қой бағады екен. Ақпан қой жайған күні ауа райы кенеттен бұзылып, қоймен бірге ығып, жапан далада үсіп өледі. Сол қыс жұтқа айналып, содан "ақпан амалы" атанған" дейді көнекөздер. Ақпан амалы он бесіне шығады. Бұл күн қыс пен көктемнің алғаш ұшырасатын күні.Осы күні ауа райы қандай болса, көктем де сондай болады.

Үт амалы жиырмасыншы ақпанда кіреді. "Осы айда түңліктен, жабықтан түсетін күн сәулесінде аппақ тозаң тәрізді ұшқын жүреді. Сол сәуледегі ұшқынды халық "үт" дейді. Бұл тек осы айда болатын құбылыс" дейді белгілі этнограф, жазушы Кәмел Жүністегі.

"Үт келсе — құт келеді" дейтін қазақтың құтты айы келіп жетті.

Айдан аман, жылдан есен шыға берейік!

 

Пікірлер Кіру