АҚЫЛДЫҢ ЖАУАБЫ
07 қазан 2024
621
0
Оқу режимі
Шын ақыл,
Бір мақұл,
Түсірді ой маған
Мақсұтың
Ындының
Еркін ғой саған
Жаралыстың берген еркі сол
Талап ет сен таза жол.
Бұзыққа
Қызықпа
Ындыныңды
Тура жолға сал
Жетсең де
Кетсең де
Мақсұтыңды бұзба
Осыны ұғып ал!
Бұл өмір
Екі айыр
Өзендей ағар
Сен қаққан
Әр жақтан
Кез келе қағар
Таза жолдан
Таймай барғаның
Жетпесең де алғаның.
Құбылсаң
Бұзылсаң
Не қызығып
Не именумен
Қайта алмай
Байқалмай
Себепке еріп
Жетектеліп өлдің сен
Міне еркің
Шын көркің
Ындынды таңба
Болмасқа
Толмасқа
Мақсатты салма!
Талабыңды себеп билесе
Жанса, мейлі, күймесе.
Ие бол:
Тура жол
Берді хабар анық
Ақыл, нан
Терең ой
Ыңдын қой
Мұны табар
Сезімі ояу, есті жан.
Шәкәрім қажы
1924 жыл
Пікірлер
Кіру