АҚЫРЕТ ҮШІН НЕ ДАЙЫНДАДЫҢ?
Әмәуилер дәуірінің сыншы ақындарының бірі Фәрәздақтың әйелі қайтыс болғанда жерлеу рәсіміне атақты Хасан Басри хазіретте қатысыпты.
Хасан Басри Хазірет өлең жолдарымен адамдарды қорлап, мазақ қылатын, олардың атақ-абыройларына нұқсан келтіретін ақынға қабірді көрсетіп:
– Ақырет үшін не дайындадың? – деп сұрапты. Сонда қарт ақын:
– Жетпіс жылдан бері кәлимә-шәһадатты айтып, дайындап келе жатырмын», – деді. Хазіреті Хасан Басри оған:
– Қандай жақсы дайындық! Бірақ, біліп ал, кәлимә-шәһадаттың шарттары бар. Ол адамды ренжітетін, көңілдеріне қаяу түсіретін сөздерден аулақ болу. Алланың құлдарын қорлап, кемсітпе, ғайбаттаудан сақ бол! – деп өсиет еткен екен.
Қорыта айтқанда адамның тілі не жақсы сөз сөйлеуі керек, не үндемеуі керек екен.
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ