АҚЫРЕТТІ ЕСТЕН ШЫҒАРМАУ

31 қаңтар 2024 1553 0
Оқу режимі

Мұсылманның ең үлкен мақсаты – діни міндеттерін жақсылап орындап, жан тыныштығына жету. Дәулеттің ең үлкені – осы жолда өткен күндер. Адамның ақырет өмірінен бейхабар болуы өте аянышты жағдай. Ондай адам Алланы ұмытады. Алла тағала да ондай адамға Өзін және өз игілігіне болатын нәрселерді ұмыттырады. Осы себепті көптеген адамдар мәңгілік өмір ақыретке қажетті нәрселерді есіне де алмайды. Керісінше, жанының қалауы үшін өмірі мен мал-мүлкін ысырап етеді. Ақырында ол жан тыныштығын таппай өмірмен қош айтысады. Ондай адамдар ақыретте күні абдырап, өте жаман халге душар болады. Міне, бұлардың барлығы Алла тағаланы ұмытудың жазасы.

Пайғамбарымыз (с.а.у.):«(Ертең істеймін деп) жұмысты кейінге қалдыру шайтанның ұраны. (Шайтан) оны мүміндердің жүрегіне үрлейді».

«(Асықпай) сақтықпен әрекет ету бәрінен де жақсы. Ақырет амалдары бұдан тыс».

Ендеше ғапылдық ұйқысынан оянып, ақырет өміріне дайындықты күшейту керек. Біз де бұл дүниенің жолаушыларымыз. Дүние атты сахараның шөліндеміз. Адамзат керуені үздіксіз қозғалып, материалдық және рухани салада еңбек етіп, болашақ үшін қамдануда. Біз де осы қорқынышты шөлді артқа тастап, «есендік» жағалауына жетуіміз керек. Мына жапан түзде ғапылдық пен жалқаулық ұйқысында қалайша қала бермекпіз?!

Имам Ғазали (рах.) былай дейді: «Мүминге лайық нәрсе – бір нәрсені Алла разылығы үшін жұмсағысы келген кезде, күтпей-ақ бірден жұмсау. Өйткені шайтан оны кедейлікпен қорқытып, көңілі қалаған игі ісінен бас тартқызуы мүмкін.

Иә! Оянып, тәубе етіп, кешірім сұрап, бүгінгі парызымызды ертеңге қалдырмай, ақыретке қамданайық! Алла тағала баршамызға ұйқыдан оянуды, жетістікке жетуді нәсіп етсін. Әмин.

 

Пікірлер Кіру