АҚЫРҒЫ СӘТ!

06 мамыр 2024 1333 0
Оқу режимі

Әсілінде адам бұл дүниеде мәңгі болушы емес, жолаушы, өткінші. Өлу жоқ болып кету емес, жалған өмірден шығып, Алла Тағала айтқан ақиқатқа көз жеткізу. Алла Тағала Құран Кәрімде әл-Хижр сүресінің тоқсан тоғызыншы аятында: (وَاعْبُدْ رَبَّكَ حَتَّىٰ يَأْتِيَكَ الْيَقِينُ): «ақиқат келгенше Раббыңа құлшылық ет!» - дейді. Осы аяттағы «ақиқат» деген сөзді ғалымдарымыз бір ауыздан «өлім» деп тәпсірлеген. Яғни өлім – ақиқат,  сол ақиқат келгенше дейін Құдайымызға құлшылық етуге міндетіміз.

Пенде баласы өлімді қанша қаламаса да, бір күні оған жолығатындығы – ащы болса да ақиқат. Қасиетті Құран кәрімде: « Сендер айнала қашып жүрген өлім сендерді қуып жетеді. Сонда ғайыпты да, жарияны да толық білетін Алланың құзырына қайтарыласыңдар. Сонда Ол сендерді не істеп, не қойғандарыңды толығымен хабардар етеді» - деген («Жұма сүресі, 8- аят).

Өлім – рухтың денемен байланысының үзілуі, рухтың денеден ажырауы. Адам өлген кезде рух пен жүрек жоқ болып кетпейді. Рух өлімнен кейінгі жағдайаттарды басынан кешіреді. Өлімнен кейін адамды бірнеше жағдай күтіп тұр, қабірдегі сұрақ, ахірет күні қайта тірілу, қияметтегі жағдайаттар және ең бастысы Алла алдында есеп болады. Есеп күні иманды, салихалы адамдардың жүрегі тыныштықта болады. Сондықтан иманмен өлу үшін күнде дұға ету керек. Өйткені өлім жеткенде адамның бұл дүниедегі Алла берген мүмкіндігі бітеді.

 Күнаһардың рухы сулы жүнге салынған тікеннің суырылып алынғаныдай алынады, мұны адамзаттың ең үстемі болған Пайғамбарымыз алейһиссалам хабар берді. Тағы бір хабарда: «Өлім азабы қылышпен парашалап ұрғаннан бетер ауыр» делінген екен.  Хазреті Ка’абтан:

- Өлім қалай болады – деп сұрағанда,

- Бір шоқ тікен қарында. Күшті бір адам сол тікенді аузынан суырып алуда. Тікендер кескен жерін кесіп, қалғаны қалады. Міне өлім осындай болады – деп жауап берді.

Адамның ақырғы сәті ауыр өтеді, оны жеңілдететін біздің салихалы амалымыз ғана. Ең болмағанда өлім аузында жатқан адам, кәлиманы айтуы қажет. Егер айналасындағы адамдар ақырын ғана ол адам еститіндей етіп кәлиманы қайталап тұрса - өте орынды болады. Адам оны шынайы ықыласпен айтып, Ұлы Алла жайлы жақсы ойда болуы керек. Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мына үш жағдайда ажал аузында жатқан адамнан алыс кетпеңдер: маңдайынан тері аға бастағанда, көзінен жас аққанда, еріндері кебе бастағанда. Міне, осы үш жағдай Алланың құлына Өзінің мейірімділігін танытып жатқан кезі. Егер адам қырылдаған дыбыс шығарса я болмаса ол қызарып кетсе немесе еріндері көгерсе оған Алланың азабы жетті деген сөз», - деген.

Кәлиманы айтуға келер болсақ, оны айту - ажал аузында жатқан адам үшін жақсылық пен қайырымдылықтың нышаны. Әбу Саид Худри пайғамбарымыздың: «Ажал аузында жатқан адамға: «Лә иләһә иллаллаһ» деп қайталатыңдар», - дегенін жеткізген.

Адамның ақырғы сәті бүгінгі өміріндегі істеген амалдарына тікелей байланысты. Ақыл иелері өздерінің жан тапсыру сәті үшін һәм жеу керек.

Алла Тағала баршамызға екі өмірдің рақатын сыйлап, өлім азабынан сақтап, мәңгілік жәннат бақтарында болуды нәсіп еткей!

 

ӘНУАРБЕКОВ Мейіржан

 

 

Пікірлер Кіру