ӘРБІР ІСТЕ ҚАЙЫР БАР
Мүмін болу – бұл өз сезімталдығын, сондай-ақ, басқа да қасиеттерін шектеген адам болу емес. Алайда адам өз ісінің соңы қайырлы болатынын білгенде - үрей, уайым мен торығуға себеп қалмайды. Алла Тағала Қасиетті Құранда адамның жек көретін нәрселерінде көптеген қайыр болуы мүмкін деп айтқан. Мысалы, келесі сүрелерде былай айтылған: «…сендердің жақтырмаған нәрселеріңде Алланың көптеген қайыр жасап қойған болуы мүмкін» (4:19).
«Бір жек көрген нәрселеріңнің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Және жақсы көрген нәрселеріңнің сендерге жаман болуы да мүмкін. Алла (Т.) біледі, сендер білмейсіңдер» (2:216).
Осы сөздерге сәйкес, мүміндер болып жатқан дүниелерден қайыр мен сұлулық табады. Бақытсыздық пен сынақтар оларды қорқытпайды, керісінше, қиыншылықтың көлеміне қарамастан өзін-өзі ұстай білуге көмектеседі әрі Алла Тағалаға шүкір айтудың себебіне айналады. Әсіресе, Қиямет күні осындай иман маңызды, өйткені әрбір иман келтіруші осы дүниеде көрген қиыншылығының қайырын Қиямет күні көретінін біледі.
Жабир ибн Абдулла (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Адамдардың қайта тірілетін күні осы дүниеде бақытсыздыққа ұшыраған жандардың қандай сыйға лайық болатынын көріп, бұл фәни дүниеде жақсылықта өмір сүргендер терілерінің неліктен қайшымен кесіліп қалмағанын тілейтін болады» (ат-Тирмизи).
Сынақтар мен шығындардың соңында үнемі қайыр мен сауап бола бермейді. Мұндай түсінік бізге жылдар өте даналықпен келеді. Әлдебір нәрселерден бізді қорғап не нәсіп ету арқылы Алла Тағаланың бізге қалай қамқорлық жасағанын өмірдің өзі-ақ көрсететін болады. Бір жетім баланың былай деп ағынан жарылғаны бар еді: «Тек ержетіп қана мен Алла Тағаланың мені қандай мейірімге бөлегенін түсіндім. Ұзақ жылдар бойы неге және не үшін менің ата-анамды Алланың алып қойғанын түсіне алмай, кей кездері ашулы да болған кездерім болды. Тек есейе келе, өзімнің жағдайымды жан-жағынан бақылай отырып қана Алланың маған қандай қамқор болғанына көзім жетті. Себебі қазіргі таңда қол жеткізіп отырған игіліктерім мен жеңістерім, сол кездері менің басыма түскен қиыншылықтардың арқасында ғана болыр отыр. Мен соны түсіндім. Сол кезде Алланың маған деген рақымы мен сүйіспеншілігін сезініп, еріксіз екі көзіме ерік берген едім».
Имамдардың бірі былай айтқан: «Егер Алла Өз құлының көзіндегі пердесін алып, құлынан гөрі оның қамын Өзі көбірек ойлап, оның істерін қалай тындырып жатқанын көрсетсе, Аллаға деген сүйіспеншіліктен құлының жүрегі еріп, Оған деген ризалықтан жүрегі бөлшектеніп кетер еді. Сондықтан егер бұл фәни дүние сені қажытса, қамықпа, бәлкім, Алла дұға арқылы сенің дауысыңды естігісі келетін шығар. Ендеше, өз тілегіңді сәждеде жатып айт та ұмыт. Асылында, Алла ұмытпайды, соны біліп қой».
Қасиетті Құранда былай айтылған: «Расында адамзатты жараттық. Оған, нәпсісінің не сыбырлағанын білеміз. Өйткені Біз, оған күре тамырынан да жақынбыз» (50:16).
Алла Тағала біздің қажеттілігімізді, тілектерімізді, бізді не қуантып, не қамықтыратынын біледі. Ол өзіміз туралы біз біле бермейтін нәрселерді біледі. Ол қабылдайтын шешімдерде, сөзсіз, біздің жағдайымыз бен мұқтаждығымыз ескерілетін болады. Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Жанымның Иесімен ант етемін, Алла мүмінге тек қайырлы болып табылатын нәрселерді ғана нәсіп етеді» (Сахих әл-Жами, 3985).
Алла Тағаланың даналығы біздің ненің дұрыс, ненің бұрыс, не бізді бақытқа жеткізеді, не жеткізбейді деген пайымдауларымыздан да өте кең де терең. Сондықтан адамның өмірінде болып жатқан дүниелердің бәрі – дұрыс әрі дәл уақытында болып жатқан нәрселер. Бұл оң нұсқа, жақсы уақыт әрі жақсы жағдай. Осыны жете түсініп, қабылдау – адамға артық күш жұмсамай, жан азабына түспей-ақ, дұрыс шешімге келіп, оң өзгерулерге көңіл аударуға мүмкіндік береді. Йахй Сухайб бин Синан (р.а.) жеткізген хадисте Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқаны келтірген: «Мүміннің жағдайы неткен керемет! Ақиқатында, оның жағдайы ол үшін қайырлы болып табылады, мұндай жағдай мүміннен басқа ешкімге берілмеген: егер бәр нәрсеге қуанса, Аллаға шүкір айтады әрі бұл оған қайырлы; егер оның басына қайғы түссе, ол сабырлық танытады әрі бұл да оған қайырлы болады» (Мүслим).