АРПАЛЫС

02 қазан 2024 762 0
Оқу режимі

«Дүрс! Дүрс!» Аяғының дыбысынан танып отырмын. «Келді! Атаңның!.. Не айтып жатыр едім?.. Әй-й, осының басыма бәле болғанын-ай!..» Сыр бермейін десем де, үзіліп қалған сөзімнен, есік жаққа қарап қалған көзімнен не болғанын түсінген жамағаттың жартысы бұрылып есікке қараса, жартысы мырс етіп күліп, төмен қарады.

- Әссәләәмуғаләйкум! - Айғайлағандай сәлем беріп, алшаңдай басып келді де, бос жерге тұра қалып намазға кірісті. «Аллаһу әкбар!» Дауысын тым зорайта тәкбір қағып, мешіт ақысы намазына кірісті. «Әй, сауатсыз-ай! Саған дауа жоқ қой!..» Мінберде қызарып-бозарып мен тұрмын! Ұяты барлары көз қиығымен, ұятсыздауы бадырая қарап, «кансерттің» басталғанын күтіп отыр!..

Басында осы ауылға имам болып келгенімде құрақ ұшып қарсы алып, құшағын жайып марқайтқан жігіт ағасы еді. Ынты-ықыласына әрі елуді еңсерген жасына қарап мешіттің іс басқарушысы қылып сайлағанбыз. Бірақ, қай түлен түрткенін кім білсін, арада жыл өтпей жатып Нұрғалиым нілдей бұзылды! Құлаққап киіп алып орысша уағыз тыңдап жүргеніне қарап, «ізденімпаз өзі» деп разы болып жүруші ем, күндердің күні «бақабис», жәй «бақабис» емес, «уағызшы бақабис» болып шыға келгенде төбемнен жәй түскендей болды! Басында бірдеңе айтсаң, көптің көзінше «дәлел бар ма» деп дікеңдегенде, ыңғайсызданып қалсам да, сыр бермей «келесі жолы дәлелдерін көрсетермін» деп құтылатынмын. Жүре келе мені тоқтатып қойып, өзі дәлел айтып, менің сөзімді жоққа шығаруға көшті! Оны айтасыз, сыртымнан мазақ қылып жүретінін естігенде, жарылып кете жаздадым! «Күшік асырап ит еттім, балтырымды қанатты!» деген Абай атамыздың сөзі еріксіз аузыма жиі түсетін болды. Жеке қалғанда «Нұреке, қойсаңызшы, ел-жұрттан ұят тегі! Илегеніміз бір терінің пұшпағы ғой!» деп те айтып көрдім. Болмады. Қоймады! Енді тіпті Жұма намазында сөзімді бөліп, менімен салғыласуға көшті! Содан бері ит пен мысықтаймыз! Байқап қарасам, жамағат саны бара-бара көбейіп келеді. Бірақ (қу пендешілік-ай) керемет уағызға сусап емес, екі молданың айтысын, мешіттегі «тегін кансертті» тамашалауға жиналып жүрген тәрізді! Қу құлағым естіп қалды осындай сыбырды!..

Намазын оқып жатқан Нұрғалиға ызалана қарап тұрып, іштей бекіндім: «Болды! Әр нәрсенің шегі бар! Имамдықтан бас тартам! Ақсақалдарға, алқа мүшелеріне айтайын бүгін... Не масқара мынау?! Әй, ит-ай!..»

Кешкісін әуелі ұстазым Кеңесханға хабарластым. Ол кісі үнсіз тыңдады да, соңында: «Қуанжан, ертең аудан орталығына барсам ба деп ем, бірге барып қайтайық», - деді. Сонымен ертесі машина ішінде үш сағат әңгімелестік. Ұстазымның айтқаны: «Мақұл делік, имамдықты тастап кеттіңіз. Халық иесіз қалмас, басқа бір молда табылар. Сонда мәселе шешіле ме? Біле-білсеңіз, бұл – сіздің сынағыңыз! Бұл – ана Нұрғалидың емес, сіздің проблемаңыз!.. Ең үлкен дұшпаныңыз – нәпсіңіз!.. Бұл мәселені шешу үшін кешіру керек! Ал ол үшін жүрекпен жақсы көру керек! Алла разылығы үшін!..» деген кеңес болды. Нәтижесінде имамдықты тастамайтын болып, өз нәпсіммен күресуге бел буып қайттым.

Алайда өзіңмен алысу, ішіңдегі сезіммен алысу – асу асқаннан да қиын екен! Мұзтауға жалаң қолмен көтеріліп бара жатып, тайып кетіп, аман қалу үшін тырнағыңмен жабысып, жандалбасалап әрең аман қалғандай, өз-өзіңнен жантерің шығып, жаның бусанып жүргенің сол! Көзімді жұмып алып «Я, Алла, мен оны кешірдім!» деп қоям. Бірақ ішімнің кешірмегінін сезем. «Кешіру үшін үшін жүрекпен жақсы көру керек!» деген Ұстаздың сөзі есімде... Күнде кешкісін жатып алып ойланам. «Қай жерін жақсы көрем оның? Түрі – анау, дауысы – анау! Мінезі – айтпай-ақ қояйын!.. Қай қылығын жақсы көрейін ол бәленің?!.. Астапыралла! Астапыралла! Я, Раббым, Өзің кешіре гөр! Нәпсімнің сөзін айтып жатырмын ғой...» Бірнеше күн өтті осылай. Ырың-жырыңымыз сәл басылған. Бірақ тыржыиып амандасып, алагөзденіп айырылысып жүрміз әлі.

Бүгін де төсекте дөңбекшіп жатырмын. «Ой, Алла-ай, мынау бір қиын іс болды ғой! Өзің жәрдем берші!.. Я, Алла, адасып жүрсе де, ол да «Аллла – Бір, Құран – хақ, Пайғамбар – шын» деген пендең еді ғой! Жаман да болса – бауырым ғой!.. Астапыралла! Ол емес, мен жаман шығармын!.. Я, Раббым, мына нәпсі-итті ауыздықтауға Өзің жәрдем берші!.. Қай жерін жақсы көрем оның?..» Кездескен кезімізді, маған жасаған жақсылықтарын, басқа кісілерге көрсеткен ізетін – шамамның жеткенінше барлығын ой елегінен өткізіп жатырмын. Кейде ішім сәл жылығандай болғанымен, жүректегі мұзымның еритін түрі жоқ... «Тағы қандай жақсылығы бар еді ол кісінің?.. Я, Раббым, Өзің жәрдем берші!.. О-о! Таптым!» Қуанғанымнан орнымнан атып тұрып кеттім! Байыз таппай, бөлме ішінде әрі-бері жүрмін. «Әлхәмдулилләһ! Шүкір, Алла! Шүкір! Қалайша ұмытып кеткенмін! Ой Алла-ай, соқыр болып қалған екенмін ғой! Қу нәпсім соқыр қылған екен ғой мені!..» Нұрғали ағаның қартайған, жүре алмайтын анасы бар еді. Сол кісінің үстіне шаң, төсегіне кір жұқтырмай, көтеріп жүріп бағып жатқан азамат қой! «Иә-ә, қайсымыз Нұрекең сияқты анамызға қызмет қылып жатырмыз?! Ол кісінің бұл амалының жанында менің істеп жүргенім түкке де тұрмайды ғой!.. Азаматым-ай!» Жүрегімнен жүк түскендей көңілім жай тауып, бір рахаттанып ұйықтадым-ау!

Ертесі Жұма болатын. Мінберде насихатымды айтып тұрмын. Бір уақытта басыма «Нұрғали аға көрінбейді ғой» деген ой сап ете қалды. Ақырын шолып қарасам: арт жақта басын төмен салып, тып-тыныш уағыз тыңдап отыр батырың! «Субханаллаһ! Қашан кіріп, қашан отырған?! Қалай естімей қалдым аяғының дыбысын?! Мешіт ақысын оқымаған ба?!..»

Намазымызды оқып болған соң, әдеттегідей бір-бірімізбен қол алысып, құшақтасып, «Қабыл болсын!» деген тілегімізді айтып жатырмыз. Бір бауырыммен төс қағыстырып болып, басымды көтерсем: Нұрғали аға тұр алдымда! Әншейінде парыздан соң тұрып кетіп қалатын жәкем ғой! Күлімсірей қол алыстық!..

Сөз соңы: Қазір, Аллаға шүкір, доспыз! «Кешіре алсаңдар, жамандыққа жақсылықпен жауап берсеңдер, дұшпандарың досқа айналады» деген мағынадағы Құран аяттары – хақ қой!..

 

Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру