Ашура оразасы жайлы 4 дерек

19 тамыз 2021 6296 0
Оқу режимі

Ашура – Мұхаррам айының оныншы күні. Бұл күні ораза тұту  – үлкен сауап. Ибн Аббастан (р.а.) ашура оразасы жайлы сұрағанда: «Алла Елшісінің (с.ғ.с.) бұл күнді өзге күндерден және бұл айды өзге айлардан артық көріп тұтқан басқа оразасын көргенім жоқ»[1], – деп айтқан екен. Хадисте бұл күн деп – ашураны, бұл ай деп – Рамазанды айтқан.

Ашура күні – орны бөлек қасиетті күн. Оның қасиеті көнеден мәлім. Бұл күні көптеген пайғамбарлар (с.ғ.с.) ораза тұтқан. Әбу Һурайра (р.а.): «Ашура күні пайғамбарлар ораза тұтқан. Сендер де ораза тұтыңдар», – деген хадис риуаят еткен.

Бұл оразаны яһуди және насаралар да тұтатын болған. Тіпті, Құрайыш руы да бұл күні ауыз бекітетін. Икримадан: «Ашура қандай күн?» – деп сұрағанда, Құрайыш руы бір күнә жасап, ол қателіктері көңілдерінде өте ауыр түйілді. Ол күнәдан қалай арылуға, тәубе етуге болады деп сұрағанда: «Ашура оразасымен, Мұхаррам айының оныншы күні ораза ұстаумен кешіріледі», – деп жауап берген екен.

Бұл оразаны Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қалай тұтқаны жайлы төрт дерек бар:

Бірінші дерек: Пайғамбар (с.ғ.с.) Меккеде ашура оразасын тұтатын, бірақ мұсылмандарға тұтуға бұйырмайтын. Айша (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Жаһилиет заманында Құрайыш ашура деген ораза тұтатын.  Пайғамбар да тұтатын. Мадинаға келген соң өзі де тұтатын, мұсылмандарға да тұтуға бұйыратын. Рамазан айында ораза тұту аяты түскенде, Пайғамбардың тұтатын оразасы рамазан айы болды. Ашураны тәрк етті. Қалаған тұтатын, қалаған оны тұтпайтын»[2], – делінген.

Екінші дерек: Пайғамбар (с.ғ.с.) Мадинаға келгенде кітап иелерінің осы күні ораза тұтатынын және бұл күнді құрметтеп қастерлейтінін көрді. Пайғамбар (с.ғ.с.) тікелей бұйрық болмаған мәселеде кітап иелерімен бірге болуды құп көретін. Сондықтан ашурада ораза тұтуды мұсылмандарға бұйырды. Ибн Аббас (р.а.): «Пайғамбар (с.ғ.с.) Мадинаға келгенде яһудилердің ашура күні ораза тұтқанын көрді. Оларға Алла елшісі: «Сендер ораза тұтып жатқан бұл қандай күн?» – деп сұрады. Олар: «Бұл – ұлық күн. Алла бұл күні Мұса мен оның қауымын құтқарып, Перғауын мен оның қауымын суға батырған. Мұса шүкіршілік ретінде осы күні ораза тұтқан. Біз де ораза тұтамыз», – деді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Біз сендерге қарағанда Мұсаға жақынбыз», – деп, ораза тұтты және басқаларға да бұйрық берді»[3], –делінген.

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте де осы оқиға баяндалады: «Пайғамбар (с.ғ.с.) ашура оразасын бекіткен бір топ яһудидің жанына өтіп бара жатып: «Бұл қандай күн?» – деп сұрады. Олар: «Бұл күні Алла Мұса мен Бәну Исраилді суға батып кетуден құтқарып, Перғауынды суға батырған. Бұл – Нұхтың кемесі Жуди тауына барып тұрақтаған күн. Нұх және Мұса (ғ.с.) шүкіршілік ретінде екеуі ораза тұтқан. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Мен Мұсаға сендерден жақынмын», – деп ораза тұтып, басқаларға да әмір берді»[4].

Үшінші дерек: Ибн Омар (р.а.) риуаятында: «Пайғамбар (с.ғ.с.) ашура оразасын тұтты және мұсылмандарға әмір етті. Рамазан оразасы парыз болған соң оны доғарды», – делінген. Абдулла бин Омар (р.а.) бұл оразасы тек өзінің әдеткі оразасына сай келсе ғана тұтатын болған.

Тағы бір хадисте: «Жаһилиетте адамдар ашура оразасын тұтатын. Рамазан оразасы парыз болмастан алдын Пайғамбар (с.ғ.с.) және мұсылмандар бұл оразаны тұтатын. Рамазан оразасы парыз болған соң Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Ашура – Алла күндерінің бірі. Кім қаласа тұтсын, кім қаламаса тұтпасын»[5], – деген.

Мұсылмандар анасы Хафса бинт Омар (р.а.): «Пайғамбар (с.ғ.с.) ашура оразасын және әр айдан үш күн оразаны тастамаушы еді»[6], – деп еске алады.

Төртінші дерек: Пайғамбар (с.ғ.с.) өмірінің соңында бұл күнді жеке дара тұтпауға шешім қабылдап, Кітап иелерімен бұл оразадан айырмашылық болу үшін ашураға тағы бір күнді қосып тұтатын. Ибн Аббас (р.а.): «Алла Елшісі (с.ғ.с.) ашура күні ораза тұтып және мұсылмандарға әмір берген кезде адамдар: «Уа, Алла елшісі! Бұл – яһуди мен насаралар қадір тұтқан күн», –дейді. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Келесі жылы Алла қаласа, тоғызыншы күнді қоса тұтамыз», – деді. Алайда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) келесі жылы дүниеден озды[7].

Ибн Аббас (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Ашура күні ораза тұтыңдар. Яһудилерге ұқсамаңдар. Одан алдын бір күн және кейін бір күн ораза тұтыңдар»[8], – делінген.

Ашура оразасын Ашура күніне дейін бір күн (19 және 20-қыркүйек) немесе кейін бір (20 және 21-қыркүйек) күн қосып ұстау керек. Не болмаса үш күн (19, 20, 21-қыркүйек күндері) ораза ұстау керек.

 


[1] Бұхари, Муслим.
[2] Бұхари, Муслим.
[3] Бұхари, Муслим.
[4] Ахмед
[5] Муслим.
[6] Ахмед, Насаи.
[7] Муслим.
[8] Ахмед.

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру