АШЫҒУДЫҢ ХИКМЕТІ

05 наурыз 2026 47 0
Оқу режимі

Дін ғұламалары мен медицина мамандары ашығудың хикметі мол, жан мен тәнге пайдасы көп екенін айтқан. Имам Ғазали (Алла оны рақымына алсын) «Бақыт формуласы» еңбегінде асқазанды дененің хауызына, одан жеті ағзаға тарайтын тамырды өзенге теңейді және барлық қалаудың бастауы асқазан екенін жазады.

Тамақ жеу – ең үлкен қалаудың бірі. «Себебі Адам (оған Алланың сәлемі болсын) жұмақтан осы қалауына байланысты шыққан. Бұл қалау – басқа қалаулардың бастауы. Өйткені адам қарны тойған соң үйленгісі келеді. Бұл ойын дүние-мүліксіз, ақшасыз орындай алмайды. Осылайша дүниеге құмарлық туындайды. Дүние-мүлік пен ақшаға мансапсыз жете алмайды. Ал мансапты басқа адамдармен дұшпан болмайынша қорғай алмайды. Бұдан қызғаныш, қыңырлық, дұшпандық, тәкаппарлық және риякерлік туындайды. Олай болса, асқазанды толтыру – барлық күнәлардың бастауы. Бақылауына алып, ашығуға әдеттену – барлық қайырлардың бастамасы» деп жазады Имам Ғазали (Алла оны рақымына алсын).

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде аштық пен шөл арқылы нәпсімен күресуге шақырған. Алланың құзырында аштық пен шөлден асқан жақсы амал жоқ екенін насихаттаған. Бірде Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім үстем?» – деп сұрағанда: «Аз жеген, аз күлген және әурет жерін жабатындай киіммен шектелген адам», – деп жауап берген. Көп тамақтан бас тартудың хикметіне қатысты бұдан басқа хадистер көп. Соның кейбіріне тоқталайық. Ашығу мен ойлану адамның айбынан үстем ететін құлшылықтың бірі екені жайында айтылған хадисте: «Алланың құзырында ең үстемдерің – ойлануы мен ашығуы ұзақ болғандарың. Алланың құзырында сүйкімсіздерің – көп жейтіндерің және көп ұйықтайтындарың» делінген.

Ораза осы екі жағымсыз істен арылуға көмектеседі. Адам баласы Рамазан айынан басқа күндері аз ұйықтап, көп құлшылық жасауға, аз тамақтанып, көп ойлануға әдеттенбеуі мүмкін. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көп ішіп-жеу арқылы жүректі өлтірмеуді өсиет еткен. Жүректі егінге теңеген. Оған көп су берсе шіриді. Сонымен қатар жамандыққа шақырушы лағынеті шайтанды тамырда жүрген қан секілді деп, оның жүретін жолын аштықпен жабу қажеттігін жеткізген.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күнделікті өмірде тойып тамақ жемеген. Бұл туралы Айша анамыз (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ешқашан тойып тамақ жеген емес. Аш және шөлдеп жүретініне жаным ашитын. Бір күні ішін ұстап: «Саған жаным пида, дүниеден ашықпайтындай мөлшерде жесеңіз не болады?» дегенімде: «Уа, Айша! Менен бұрын өткен уәдесіне берік бауырларым мен пайғамбарлар Алланың ізгілігіне қауышты. Көп жесем, олардан артта қалып қоямын деп ойлаймын... Бауырларыма қауышудан, солар сияқты болудан қатты жақсы көретін нәрсем жоқ» деді. Аллаға ант етемін, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұдан кейін бір аптадан артық өмір сүрмеді».

Ашығу адамның дәрежесін арттырады. Хадистердің бірінде былай делінген: «Алла Тағала аз жейтін құлдарымен періштелерге мақтанып: «Қараңдар! Оған жеуді қалау сезімін бердім, ал ол Мен үшін жемейді. Уа, періштелерім, куә болыңдар, жемеген әр үзімі үшін жұмақтан оған бір дәреже беремін» дейді». Аштық тек денені, жүректі, бүкіл ағзаны тазартып қана қоймайды, сонымен бірге ойды да артық нәрселерден арылтады. Өзін аш ұстаған адамның жүрегі мен ойы сергек болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аз күлу арқылы жүректеріңді жандандырыңдар, аштықпен тазалаңдар. Таза және жеңіл болсын», – деген. Ғұламалар үнемі тоқ жүру даналықты өшіретінін айтады.

Аштық құлшылықтың ләззатын сезіндіреді. Тоқтық қаталдық, өшпенділік, артық қалау сынды сезімдерді оятады. Ал аштық Алланы жүрекпен еске алуға тәрбиелейді. Ғалым Жүнәйд Бағдади ашығудың хикметі жайлы былай деген екен: «Өзі мен Алла Тағала арасында тағам дорбасын ұстап, мінәжаттан ләззат алғысы келген адам бұл қалауына ешқашан қауыша алмайды».

Ашығу нәпсіні бақылауда ұстауға көмектеседі. Көп қалау зейінді әлсіретеді. Нәпсі – адамның ішкі қалауы, шектен тыс құмарлығы, өзіне ғана ұнамды нәрсеге ұмтылатын болмыс. Ал ашығу сол нәпсінің еркін шектеп, адамға өзін басқаруды үйретеді. Нәпсіге қарсы тұру адамды тәртіпке, рухани жауапкершілікке тәрбиелейді. Тамақ пен сусыннан тыйылу тән қалауын азайтып, нәпсінің үстемдігін азайтады. Ғалымдардың айтуынша, нәпсінің қалауы тоқтықпен күшейе түседі. Ал ашығу оны әлсіретеді. Ораза кезіндегі ашығу – адамның ішкі дүниесін тазартатын, нәпсіні тәрбиелейтін, рухани кемелденуге жетелейтін үлкен рухани тәрбие мектебі. Қарны тоқ адамның шаһуаты келеді. Әуретін қорғай алғанымен, көзін жамандықтан тыя алмайды. Көзін қорғаса, жүректегі жаман ойлардан арыла алмайды. Ал аштық осындай дертке ем. Сондықтан ғалымдар: «Аштық – Алланың қазынасындағы жауһар. Оны сүйгеніне береді, бәріне бермейді» деген екен.

Ашығу аз ұйықтауға әсер етеді. Көп тамақ жеген адам көп ұйықтайды. Нәтижесінде көп жақсылықтан мақұрым қалады. Адам үшін ең қымбат құндылық – оның өмірі. Көп ұйықтау өмірдің, алтын уақыттың зая кетуімен пара-пар. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаянына қатысты кітаптарда сахабалардың жетісіне бір рет түзге баратыны жайлы айтылады. Осы жайт таңқалдыратын. Сөйтсек, ілгеріде өткен ізгілер тойып тамақ жемеген екен ғой. Бірнеше күн ашқұрсақ жүрген жан қайтіп түзге барсын?! Әйгілі сахаба Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйінде ешқашан үш күн қатарынан бидай наны желінген емес», – дейді.

Ашығудың тек рухани ғана емес, денсаулыққа тигізетін пайдасы да өте мол. Қазіргі медицина мамандары белгілі бір уақыт аралығында тамақтан тыйылудың ағзаға оң әсер ететінін дәлелдеп отыр. Ашығу – ағзаны демалдырып, тазартатын, иммундық жүйені күшейтетін, көптеген аурулардың алдын алуға көмектесетін табиғи емнің бірі. Өйткені күнделікті өмірде адам ағзасы үнемі тамақ қабылдап, ас қорыту мүшелері үздіксіз жұмыс істейді. Артық тамақтану асқазан-ішек жүйесіне ауырлық түсіреді. Ашығу кезінде ас қорыту жүйесі белгілі бір уақытқа тынығып, демалады. Бұл асқазанның жұмысын жеңілдетіп, ішек жолдарының тазаруына ықпал етеді. Сонымен қатар ас қорыту ферменттерінің дұрыс бөлінуін реттейді.

Ашығудың денсаулыққа тигізер маңызды пайдасының бірі – иммунитеттің нығаюы. Ғалымдардың айтуынша, белгілі уақыт тамақтан тыйылу кезінде ағзадағы ескі әрі әлсіз жасушалар ыдырап, орнына жаңасы түзіледі. Бұл процесс ағзаның қорғаныс қабілетін арттырады, қабыну ауруларының алдын алады, вирустық инфекцияларға қарсы тұру қабілетін күшейтеді. Ораза ұстаған адамдардың көпшілігі денсаулығының жақсарғанын, бойда жеңілдік пен сергектік пайда болғанын айтады. Оны өзіміз де сезініп жүрміз.

Қазір қоғамда кең тараған мәселенің бірі – артық салмақтан арылу. Семіздік жүрек ауруларына, қант диабетіне, қан қысымының жоғарылауына әсер етіп жатқаны жасырын емес. Ашығу кезінде ағза энергияны сырттан емес, ішкі қордан ала бастайды. Соның нәтижесінде май жасушалары ыдырайды, зат алмасу жүйесі реттеледі, дене салмағы қалыпқа келеді. Әрине, ашығу дұрыс тамақтанумен және тәртіппен үйлескен жағдайда ғана пайдалы нәтиже беретінін ұмытпаған дұрыс. Дәрігерлер толығымен пайдалы болатын әрі ешқандай зиян тиізбейтін негізгі амалдың бірі аз тамақтану екенін айтуда.

Ашығу қанағат пен шүкір ету сезімін оятады. Қазіргі заманда, яғни сананы тұрмыс билеген кезеңде материалдық дүниеге көбірек ұмтылып, байлық пен мансапты өмірдің басты мақсаты ретінде қабылдайтындар аз емес. Көп жағдайда бұл ұмтылыс адамның жүрегіне мазасыздық, қызғаныш пен қанағатсыздық дертін жұқтыруда. Ашығу мұндай дерттің алдын алады. Шүкір ету адамның жүрегін байытып, өміріне тыныштық, береке және бақыт сыйлайды. Қанағат адамды шүкіршілікке, сабырға, қарапайымдылыққа тәрбиелейді. Ашығып көрмеген адам тамаққа мұқтаж жандардың жағдайына ене алмайды. Ашыққан сәтте барға қанағат, жоққа шүкір етуді үйренесің. Расында қанағат – адамның жүрегіне тыныштық сыйлайтын қасиет. Қанағатсыз адам қанша дүниесі болса да үнемі жетпей тұрғандай сезінеді. Ал қанағатшыл пенде азға да разы болып, өмірдің рақатын сезінеді. Нағыз бақыт пен байлық деген осы емес пе?

Ашығудың бұдан басқа да хикметтері көп. Оразаның түпкі мәні ашығу арқылы тақуалыққа жету. Бастысы ниет дұрыс болуы қажет. Өйткені барлық ізгі амалдың негізі – дұрыс ниетте. Мүміннің ниеті амалынан қайырлы екенін түсіндірген Хасан Басри (Алла оны рақымына алсын): «Шексіз жұмаққа бірнеше күндік амалмен емес, шексіз жақсы ниеттер арқылы жетуге болады», – деген екен.

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ 

«Мұнара» газеті, 10 ақпан, №3

Дереккөз: муфтият.кз

Пікірлер Кіру