АТАДАН ҚАЛҒАН АСЫЛ СӨЗДЕР

08 қыркүйек 2023 4066 0
Оқу режимі

Атам Қазақ: «Атаға қарап ұл, Анаға қарап қыз өсер» деген.

«КІМНЕН КІМ ТУАДЫ?»-деген сұраққа МАЙҚЫ БИ былай деп жауап берген екен:

 «Тұлпардан тұлпар туады,

Сұңқардан сұңқар туады,

Асылдан асыл туады,

Жалқаудан масыл туады,

Масылдан мал бақпас туады,

Тілазардан қылжақпас туады,

Таздан жарғақбас туады,

Сараңнан бермес туады,

Соқырдан көрмес туады,

Мылжыңнан езбе туады,

Қыдырмадан кезбе туады».

Ал СЫПЫРА ЖЫРАУ бұл сұраққа:

 «Сұңқардан сұңқар туар саңқылдаған,

Қарғадан қарға туар қарқылдаған,

 Бай баласы байға ұқсар,

Байлаулы тұрған тайға ұқсар.

Би баласы биге ұқсар,

Алты қанат үйге ұқсар.

Хан баласы ханға ұқсар,

 Биік-биік шыңға ұқсар.

Құл баласы құлға ұқсар,

Мал таптаған гүлге ұқсар»,-депті.

Осы сарын ШАЛКИІЗ жырында тереңдей түседі:

 «Айырдан туған жампоз бар,

Жүгін нарға салғысыз,

Арғымақтан туған будан бар,

 Күнінде көрінім жерді алғысыз,

Жаманнан туған жақсы бар,

 Адам айтса нанғысыз,

Жақсыдан туған жаман бар,

 Күндердің күні болғанда,

Бір аяқ асқа алғысыз».

Ал БЕКАСЫЛ ӘУЛИЕ (1822-1915):

Тектіден текті туады,

Тектілік тұқым қуады.

Тектілердің тұяғы,

Таңдайды құз-қияны.

Шын тектілер халқы үшін,

Өлімге басын қияды.

Жақсы, жаман деместен,

 Жанына жұртын жияды.-депті.

ТӨЛЕ БИДІҢ ШЕШІМІ

«Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына қызықпаймын, бидің билігіне қызықпаймын, асыл пышақ қап түбінде жатпайды, деген. Келінім ақылды болса, ұлымның елге даңқы кетеді. Би түскендей үй болу әйелден. Әйелі жақсы болмай ер оңбайды. Ердің бақытын кетіретін де әйел, ерге бақыт әперетін де әйел».

Осындай ой құшағында жүрген Төле биді Түркімен еліне билік айтуға шақырады. Аттары болдырып, шөлдеп-шөліркеп келе жатқан жолаушылардың алдынан бір топ атты қыз-келіншек көрінеді.

 Ол топтың ішінде Данагүл дейтін кедейдің қызы да бар еді.

 ─ Әй, қыздар, тоқтаңыздар, аттарыңыздың басын тартыңыздар. Жоғарыдан бір қатар аттылар келе жатыр, алдынан кесе-көлденең өтпейік, арасында ер бастаған батыр бар шығар, сол ерге ақыл айтқан ақсақалы бар шығар, батасын алып, алғысына бөленейік. Атты кісілер алдымыздан кесіп өтсін. Сонан соң жүрсек те ауылымызға жетерміз, – дейді Данагүл.

Төле би мұны алыстан көріп, қыздарды шақыртады. Данагүлдің бұйрығымен қыздар аттан түсіп, жаяу келіп сәлем береді. Данагүлді сөзге тартып, даналығын байқаған Төле би құда түсіп, өзіне келін еткен екен.

БҰҚАР ЖЫРАУ:

Жал, құйрығы қаба деп,

Жабыдан айғыр салмаңыз!

 Қалың малы арзан деп,

Жаман қатын алмаңыз!

Жабыдан айғыр салсаңыз,

Жауға мінер ат тумас.

 Жаман қатын алсаңыз,

Топқа кірер ұл тумас…немесе

Ай, Абылай, Абылай,

 Қатын алма қарадан,

Қара тумас сарадан.

Қатын алсаң қарадан,

 Алды кетпес баладан,

 Арты кетпес жаладан...

БАЙТОҚ ЖЫРАУ:

Атайы жұртқа қол артып,

Асылдан ару таңдап алмаған.

 Атасы мұның малды деп,

 Қызының беті қанды деп,

Қарадан сұлу таңдаған.

 Күндердің күні болғанда,

Олардан асыл болмаған

 

 

 

 

Пікірлер Кіру