Атқа міну балаға пайдалы

23 шілде 2021 8264 0
Оқу режимі

Баланың денесін шынықтыратын жаттығудың келесі түрі – атқа міну. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) атқа мініп шабуды да балаларға үйретуді насихаттайды. Тіпті оны көңілді сейілтетін жаттығу ретінде күндегі жаттығулардың арасына қосуды айтқан. Ат және түйе жарыстарын өткізіп тұруға шақырған[1]. Кейбір хадистерде Ардақты елшінің өзінің тікелей осындай жарыстарға қатысқандығы айтылады[2]. Бұл жайлы Әнәс (р.а.): «Пайғамбарымыздың Абда атты түйесінен ешқандай түйе оза алмайтын. Бірде бір бәдәуи келіп Пайғамбарымызбен жарысып, озып кетті. Бұл мұсылмандарға ауыр тиді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларды жұбату үшін: «Әрбір шарықтауға Алла Тағала бір құлдырау береді»[3] дегенін айтады.

Аталарымыз да баланы жастайынан атқа мінуге дағдыландырып отырған. Бұл сол кездегі өмірдің ең негізгі қажеттілігі еді. Ат әрі көлік, әрі ердің қанаты болатын. Өйткені талай батырлар ат үстінде елін қорғады. Сондықтан қазақтың батырларымен қатар арғымақтары да дастанға айналған.

Иә, баланың денсаулығы мен дене тәрбиесінде атқа мінудің көптеген пайдалары бар екені белгілі. Қазіргі таңда дәрігерлер көптеген жүйке ауруларына да қатысты ем ретінде атқа мінуді қолданып келеді. Сонымен қатар атқа міну баланың денесінің шымыр боп өсуіне, әрі бойына батырлық рухын сіңіруде де өзіндік орны бар екенін ұмытпаған жөн.

Құдайберді Бағашар

 


[1] Нәсәи, Хайл, 6/214-229
[2] Бухари, Салат 41; Муслим, Имара 95; Ибн Мажә, Жиһад 44
[3] Бухари, Риқақ 38; Нәсәи, Хайл, 14; Әбу Даууд, Әдәб, 9

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру