Аула сыпырушының айтқаны

24 қыркүйек 2020 8728 0
Оқу режимі

Біз тұратын бес қабатты үйге қарама-қарсы бір мектеп бар еді. Мектеппен біздің үйдің арасын  саялы ағаштар мен темір қоршау ғана бөліп тұратын. Сол саялы ағаш арасындағы орындықтарда отырсаң, мұғалімдердің жарқын-жарқын дауыстары әрекідік естіліп тұратын-ды.  

Ағаштың көптігінен болар, күз келісімен біртіндеп солғын тартып, артынан сарғайған жапырақтар бізге байқатпастан жерге төгіліп, есік алдын қызғылт-сары түске бояп, көмкере түсетін. Осынау үйме-үйме жапырақтарды аула сыпыратын орта жастағы, аласа бойлы, арық кісі әлденеше сағат уақытын жұмсап, тап-тұйнақтай етіп тазалап кететін. Аула тазалаушы кетісімен  қайтадан, біртіндеп төгілген жапырақтар ол ертеңгісін келгенше сол үйме қалпына қайтадан келіп үлгіретін. Аула тазалықшысы тек төгілген жапырақтарды ғана тазаламайтын, оның «еншісіне» осы ауланың ішіндегі барлық шашылған қалдықтар мен қоқсық шелегіндегі аузы-мұрнынан асып төгіліп жататын тұрмыстық шығарындыларды да тазалау  кіретін-ді. Кім екенін қайдам, әлдекім үйінен шығарылатын қоқсығын осы қоқыс шелегінің ішіне тастап кететін. Екі үйден кейін қойылған арнаулы қоқыс тастайтын орынға апарудан еріне ме, жоқ әлде ұят санай ма, кім білсін? «Егер еріншектік істесе,  ішіп-жемін қойсын, ұялса сол шелекке тастаудан, аула тазалаушының еңбегін бағаламаудан ұялсын» деп менің жан дауысым шығатын.

Бірде сол «арнасынан асып» жатқан қоқыс шелегінің қасынан өте бере қарсы алдымнан келесі подъезде тұратын қаладағы әлдебір белді мекемеде істейтін, қашанда таранып-сыланып жүретін келіншек кездесе қалды. Көршіммен амандық сұрасқан соң, ішімдегі жанайқайымды жасыра алмай:

– Қараңызшы көрші, есік алдындағы кіп-кішкентай қоқыс шелегіне үйінің бар қоқсығын әкеліп төгетін адамдар да бар екен, кім екенін көзіңіз шалған жоқ па дедім. Басын кекжең еткізген кербез келіншек:

– Кімді аңдып жүр дейсіз, әркімнің бір ойы бар шығар, – деді де өз жолына кетті. Осы кездесуден соң біраз күндер өткенде үйде отыр едім, жартылай ашық терезеден сол келіншектің қатты шыққан дауысы естілді. Не болды екен деп терезе алдына барып едім. Міне, қызық, аула тазалаушы адаммен сөзге келісіп қалған көрінеді, екі қолымен екі мықынын таянып алыпты, басы сол кекжеңдеген күйі:

– Мен осы жердің тазалығы үшін ай сайын ақша төлеп отырмын, ол ақшаны сен алып отырсың, сондықтан мен қоқысты тастадым ба, сен тазалауға тиістісің. Әлі де тастаймын, тазалайсың, ол – сенің жұмысың.

Көрші келіншек байқұс тазалықшының аузын аштырар емес. Онымен сөйлесіп, үндестік таба алмасын білген ол қолындағы сыпырғысын алып, арбасын итеріп ары кетті. Ал, келіншек оның артынан тағы біраз бұрқырап тұрды да үйіне қарай беттеді. Бұл керіске менен өзге тағы біраз көршілер куә болып далада тұрды. Бірақ олардың ешқайсысы екеуінің сөзіне араласпады. Олар кім дейсіздер ғой, сол баяғы таныс жандар. Оның бірі – үйінен шыға бұрқыратқан темекісін ағаш түбіне орнатылған орындыққа жайғасқан соң да тоқтаусыз жалғастыратын, амандық-саулықтан өзге тірі жанға тіл қатпайтын тылсым көршім. Жасы алпыстан асса да екі ернін шиедей етіп, шашын сары түске бояп, қысқа да тар белдемше киетін, бала орнына ит жетелеп жүретін, қазақша ойлап, қазақша  сөйлеуден безген, безбүйрек кемпір көршім.  Әйелі жұмыстан қажып, жүдеген, ал өзі ішімдіктен сөзі үдеген, көзі сүзеген, тірі болса да, аруақтай арыған сорлы көршім. Ақ отаудай ақ джип машинасын күніне екі рет жуып-шайудан жалықпайтын, көршілеріне қос қолдап сәлем беруден тарықпайтын «кәсібім – несібім» деп жүрген кәсіпкер көршім. Сәлемімді кейде алып, кейде алмайтын, жиын-тойдан қалмайтын бастық көршім. Тағы сол сияқты көршілер... Бұлар естісе де, естімеске, көрсе де көрмеске салып, өздеріне тән, жаттанды дағдыларымен кетіп жатты.

Осы оқиғадан соң, аула сыпырушы адаммен танысып, өткендегі көршіміздің әбестігі үшін кешірім сұрайын деген ойға келдім. Қалай айтсақ та, құдай қосқан көршіміз, көрші ақысы - тәңір ақысы деген бар. Оның үстіне мынау жер сыпырса да, нәпақасын адал еңбегімен тауып, бала-шағасын асырап жүрген адам, ол да – Алаштың азаматы, аз қазақтың бірі, біреуге әке, біреуге жар, бір отбасының отағасы шығар. Мына бес күндік жалғанда керіскеннен не пайда, сыйласқаннан не зиян? Оның осында келіп жұмыс істеуі де Жаратқанның қалауы болар. Солайша, аула тазалықшысын сырттай бақылап, танысудың орайлы сәтін күтіп жүрдім. Оған назар аударғалы байқағаным, ол кісі өз ісін аса бір жауапкершілікпен ден қоя жасайды екен. Қылаяғы күрегінен түсіп кеткен бір тал жапырақты да, әлде кәмпиттің қағазы болса да қайта айналып келіп, теріп алып жиегін картон қағазбен биіктетіп алған арбасына салып алады. Әрәгідік дем алғанда сол орындықтар да отырып, мектеп жаққа көз алмай қарайды. Мен оның бір күн келмей қалғанын, темекі шегіп тұрғанын көрмедім. Киімі де ұқыпты, таза.

Әр күні таңғы сағат сегізде мектеп ауласынан Қазақ Республикасының Әнұраны шырқалатын. Оған көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ, әркім өзінің жұмысына асығып, оқушылар сабақтан кешіктім-ау деп зыр жүгіріп кетіп жататын. Бірде мынадай тосын жағдай болды. Мектепке баламды жеткізіп салып, үй жанына келе бергенімде, Әнұран шырқалып кетті. Мектеп жаққа көзім түсіп еді, темір қоршауға жақын келіп, жүзін мектепке қаратып, оң қолын жүрек тұсына қойып үнсіз тұрған аула тазалаушыны көзім шалды. Оны бұндай бейнеде бұрында әлденеше мәрте көргенім бар. Бірақ ол кезде  шаршаған соң, қоршауға сүйеніп тұрған болар деп топшылаушы едім. Ал, мына көрініс, менің ол тұспалымның мүлде теріс екенін аңғартты. Әнұран айтылып жатқанда, өзімнің үйге қарай асыға келе жатқаныма қатты қысылып қалдым да, тоқтай қалып қолымды кеуде тұсыма қойып тұра қалдым. Әнұран біткен соң ақырын басып, тазалықшының қасына жеттім де, дауысымды көтеріп:

– Ассалаумағалейкум, аға! – деп қос қолымды ұсындым. Менен мұндай тосын қошамет күтпеген болар, ағамыз алғашында аңтарылып қалғандай болды да, іле:
– Уағалайкумассалам, уа рахматуллахи уа баракатуһ, – деп менен асыра өзіме жауап қатты. Әу дегеннен әңгімеміз жарасып кетті. Сөз арасында өткендегі көршімізбен болған келеңсіз оқиға туралы ойысып, көңіліне алмауын өтіндім. Мырс етіп күлген ол:
– Ой, інім-ау, ондай сөздер жәй «айналайын» дегенмен бірдей ғой бізге, ондан да зорын естіп келеміз. Адам болған соң аласы да, құласы да болады ғой, мен өзім ешкімге өкпе артып, кек тұтпайтын жанмын. Онсызда шытырманы көп өмірді онан бетер шиырлатып қайтемін деп ойлаймын да, «Ия, Алла мен оны кештім, Сен де оны кеше гөр» деймін де жүре беремін, –деді риясыз күліп.  
– Оныңыз дұрыс-ақ, бірақ ондай істеу көптің қолынан келе бермейді ғой, – деп төмен қарай бердім.  Содан әлгіндегі көрініс есіме түсіп:
– Сіз үнемі Әнұран айтылғанда оған құрмет көрсетіп тұрасыз ба? – дедім тосыннан.
– Әрине, үнемі солай, қай жер болмасын екі нәрсе айтылғанда, тоқтай қалып құрмет көрсетемін. Оның бірі осы – Әнұран, ал екіншісі – азан. Біреуі Алланың барын еске салса, екіншісі Отаныңның барын еске түсіреді. Алласы болғанымен – Отаны жоқ, отаны болғанымен. жүрегінде Алласы жоқ қанша пенде жүр жер бетінде. Алла солардың күйіне тап болудан сақтасын.   Жүрегім жібіп, оның қолдарынан қыса ұстадым да:
– Сіз мектептің сыртында емес, ішінде, ішінде болған да да төрінде жүретін кісі екенсіз ғой, – дедім оған деген ризашылығымды жасыра алмай.
– Ол не дегенің, мен көп оқи алмаған қарапайым қазақпын, есесіне, осы зәулім мектеп ішінде Әнұранды тыңдап, өз ана тілінде білім алып менің екі немерем оқып жүр. Соның өзі зор бақыт емес пе мен үшін?  Ол осыларды айтқанда қара торы жүзінен арайлап атқан алғашқы таңның арайындай ақшүлен сәуле есе бастады.
– Сенімен сөйлесіп тұрып, уақыттың қалай өткенін сезбей де қалыппын ғой, кешір інім, менің жұмыс істеуім керек.

Ол осыны айтты да жұмысына кірісіп кетті. Мен үйге қарай беттедім, монтаздай таза жерге ағаш басынан тағы да жаңа жапырақтар құлап келеді екен, мен оларды жерге түсірместен қолыма қондырдым да тазалықшының арбасына апарып салдым.

Қастер Сарқытқан
Абай атындағы ҚазҰПУ доценті

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру