ӘУЛИЕ БОЛУ ОҢАЙ МА?

05 наурыз 2024 1444 0
Оқу режимі

Ағалы-інілі екі кісі болыпты. Екеуінің де бойында тақуалығы мен қоса әулиелігі де бар екен.

Олардың біреуі мына заманда қалада тұрып, көп күнәға батқанша ешкім жоқ далада жүріп күнә атаулыдан алыстау болайын деп тауды мекендеп, мал бағып тіршілігін жалғастырады. Көңілді кірлетіп, жүректі қарайтар харам жоқ жерде намазын да қаза қылмай, құлшылығын да уақтымен жасапты.

 Екіншісі қаланың қақ ортасынан етік жамайтын дүңгіршек ашып, етікшілікпен айналыса бастапты. Бір күні таудағы інісі ағасының хал-жағдайын біліп қайтпақ болып қалаға бет алады. Ағасына қойдың сүтінен дорбаға құйып ала келуді де ұмытпапты. Сұрай-сұрай қаладағы ағасының жұмыс орнын да тауыпты. Дорбадағы сүтін (әулие емес пе) қабырғаға іле салып, екеуара әңгімеге кірісіпті. Дәл сол мезет бір әйел келіп етігін жөндетпек болса керек. Әйел етігін шешкенде, ашық балтыры көрініп қалады. Ағасы ештеңеге де мән берместен аяқкиімнің жөндеуге келетінін айтып, іске кірісіп кетіпті. Әйел аяқкиімін шешкен күйі біраз отырып, жұмысы біткен соң өз жөнімен кете барыпты. Тауда жүргенде өңі түгіл түсіне де кірмейтін бұндай нәрсені көргенде қонақ болып келген інісінің ойы бұзыла бастаса керек. Дәл сол мезет оның әкелген дорбадағы сүті де тамшылап қоя беріпті. Бұның бәрін сезіп-біліп отырған ағасы сонда інісіне сынай қараған күйі сөз бастапты:

 – Елден қашып, тау басында әулиелік қуу – әрине, оңай іс. Алайда қайнаған халықтың тап ортасында отырып өзіңді күнә атаулыдан қорғай білу – ол үлкен сын. Міне, гәптің бәрі осында. Екеуінің айырмашылығын енді ұққан боларсың? Бірақ інісі бұған илана қоймастан, өзіне қарсы дау айтыпты:

– Бәлкім, сен күнәларды сезінуден қалған шығарсың?

 – Егер мен күнәны сезінуден қалып, бұзылған болсам, онда бері қара, – депті де, ағасы орнынан тұрып әлі тамшылап тұрған дорбадағы сүттің тесігін саусағымен сәл ғана сипағанда, сүт тамшылауын сап тыйыпты. Сонда ғана ағасының айтқанын сөзсіз мойындаған інісі:

 – Айтқаныңыздың бәрі рас, – депті, – нағыз әулиелік – тауға қашып өзіңді харам мен күнәлардан қорғау емес, нағыз әулиелік – өзіңіз айтқандай қайнаған халықтың арасында жүріп діндарлықты ұстана білуде екен...
 

Akikat.kz

Дереккөз: ақиқат.кз

Пікірлер Кіру