ӘУЛИЕСІҢ, ӘМІРЕНІҢ ЖҮНІСІ!...
"Шүкір еттік болғанына бір Алла,
"Жоқ" біздерді "бар" еткен соң көз жетті.
Шындығында біздер жалған, шын- Алла,
Мал-дүниеге қол созып не көздепті?"
(Жүніс Әміре)
Біссіміллә деп бастайын сөз басын,
Балқып жатты миымда ой-қорғасын.
Хақ жолынан бақ іздеген ер шайыр,
Жаратқаным, оған дағы бер қайыр.
Қожа Ахмет Яссауидің жолымен,
Ислам болып қағидасы жанына ем.
Дәруіш боп кезді өлеңмен ел ішін,
Ғибадат қып Хақтың жолын сонымен.
Ерін кепсе қияметте тамшы зар,
Қысып кеуде, күнәлармен жаншылар.
Мүңкір-Нәңкір екі жақтан келгенде,
Ізгі амалым, бір сауабым бар шығар?!
Сырқатыма шипа болмас көз жасым,
Тұрпатыма бөз көйлек те жарасар.
Әй, Әміре, хикмет-жырың тозбасын,
Тәухид еткен тілегіңмен пара-пар.
Бұлбұл гүлге ғашық еді бақтағы,
Құс тілінде шайыр талай үн қатты.
Тамып түсті көз айнамнан жас тағы,
Құдай сүйген құлдарына қымбатты.
Тірлігімнің өңі түгіл, түсі алаң,
Ұшса деймін көктерімнің құсы аман.
Әй, Әміре, Махшар барсам не деймін?
Ақындығым-татып алған күшәлам.
Ажал-Әмір қаша алмаймыз бәріміз,
Ақ шүберек жабатұғын тәніміз.
"Аузын ашса ақым болып қара жер",
Жетсін тілдер, кәлимаға халіміз.
Толтыр дейсің иманыңның кетігін,
Қара құрттай шайнай берсе жегі мұң.
"Хақтан нәсіп болса жанға мәртебе",
Бес парызың-екі дүние шешімің...
Шемен жүрек қара тастай үгілді,
Гүл-хауыздай ауыр ойлар бүгілді.
Аманат қып тастап кеткен біздерге,
Шайырлықтан шариғаттық жүгіңді.
Жалғанымның жалтақ шігі, бүгісі,
Тағдырлардың жолы қисық, жүрісі.
Бір өзіңе сансыз алғыс, Жаратқан!
Әсел ОСПАН