Аурудың өзі түсінгенге нығмет

10 қараша 2020 13485 0
Оқу режимі

Алла Тағала құлдарын сауапқа кенелту үшін өмірде түрлі сынақтармен сынайды. Осы біз Ислам – екі дүниенің бақыт діні дейміз. Бақыт дегенді біреулер ауырмасақ, сырқамасақ, басымызға ешқандай қиыншылық келмесе деп түсінеді. Әрине, Алладан жақсылықтар тілейміз. Дегенмен, бұл дүние сынақ алаңы екендігін ұмытпаған жөн.

Құран аяттарымен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистеріне үңілсек, қиыншылықтар мен түрлі келеңсіздіктердің жәннатқа кіруге лайықты болу үшін сынақ ретінде жіберілген нығымет екенін ұғамыз. Бұл тұрғыда Құранда былай деп келеді: «Адамдар: Сендік деумен сынаққа тартылмаймыз деп ойлай ма? Рас, олардан бұрынғыларды да сынаған едік...»[1].

Яғни, сендік, иман келтірдік, алма піс, аузыма түс дегеннің кебін келтірумен ешкім де жәннатқа кіріп кете алмайды екен. Осы дүниеде нәпақаны табудың өзі қиын. Бес күндік өмір үшін төрт күндік еңбек етесіз. Енді ойлай беріңіз, мәңгілік рахатқа бөленетін жәннат нығметіне оп-оңай кенеліп кету, сіздіңше қаншалықты ақылға қонымды? Пайғамбарымыз 63 жылдық өмірінде бір ретте болса тыныш, жайбарақат отырмаған. Әрқашан түрлі сынақтармен сыналған. Бүкіл пайғамбарлар, сахабалар, әулие, ғалым құлдар да түрлі сынақтармен сыналған. Сол үшін де иман келтіріп қана қоюымыз жеткіліксіз. Әрине, қолдан науқас тауып алуға болмайды. Ауырсақ Алланың сүннетіне (яғни, қойған қағидаларына) жабысып, шипа табу жолына бас ұруымыз қажет. Бірақ жазылмайтын дертке де сабырлылық танытуымыз керек. Абдулла ибн Мәсғуд (р.а.) деген ғұлама сахаба: «Мүминнің жүрегі мықты, бірақ денесі ауру-сырқау, әлсіз болады. Ал, мұнафықтың жүрегі әлсіз, ауру, бірақ денесі мықты, ауру-сырқаудан мүлдем аулақ болады», – дейді.  

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис-шәрифтерінде де бұл мәселеге байланысты көп айтылған, соның бірінде: «Мүминнің мысалы бір құшақ бидай секілді. Жел оны майыстырумен болады. Кейде жерге жығады, кейде тігінен тұрғызады. Кәпірдің мысалы да тамырының үстінде нық тұрған ағаш секілді. Тамырынан түбегейлі суырылмайынша оны еш нәрсе де жықпайды»[2], – дейді.

Бұл хадистен ұққанымыз, мұсылман болған соң түрлі ауру-сырқау, қиыншылықтармен, түрлі бәлекеттермен сыналады. Кейде олай, кейде бұлай ауытқып тұрады. Сабыр етсе ұтады. Етпесе ұтылады. Ал, кәпір құлдың жағдайы басқаша, дүниеде ауырып-сырқамай нық тұрады. Ауырса да шипасын тез табады. Тек ажалдан ғана құтыла алмайды. Жалпы бұл хадисте адамдардың көп қоятын мына бір сұрағына жауап бар. Ол – осы неге мұсылмандар аурушаң, кедей, қиыншылық ішінде, ал, мұсылман емес қауымдар бай-бақуатты, ауырып-сырқамайды дүниелік бақыт ішінде деген сұрақ.

Жоғарыда барлық пайғамбарларға сынақ келген дедік. Соның ішінде Әйюб пайғамбарға (ғ.с.) денсаулығына байланысты сынақ келді. Өте бай, ұлан-ғайыр жері, мыңғырған малы және көп перзенті бар еді. Әйюб (ғ.с.) осы нығметтің бәріне де шүкіршілік етіп, ғибадат, тағат жасайтын. Сөйтіп күндердің бір күнінде Алла Тағала Әйюб пайғамбарды (ғ.с.) мал-мүлкі, перзенті және денсаулығы тұрғысынан сынайды. Денесінің барлық жері науқастанып, шіри бастайды. Міне, сондай ауыр сынаққа да Алланың арқасында сабыр етіп, сүрінбей өтіп, соңында Алланың ризалығын алады.

Өмір сынақ алаңы болған соң адам баласы ауырмай, сырқамай тұрмайды.  

Алла Елшісінен (с.ғ.с.): «Адамдардың арасынан бәлекеттердің ең ауырына душар болған кім?» – деп сұрағанда, Расулулла (с.ғ.с.) бұл сұраққа былай деп жауап қайырған: «Ең ауыр бәлекетке душар болған пайғамбарлар, кейін (рухани) дәрежесіне қарай олардың соңынан ергендер. Адам діндарлығының деңгейінде бәлекетке душар болады. Егер адам, дінінде мықты болса, оның бәлесі де қатты болады. Егер діні әлсіз болса, бәлесі де соған лайықты болады. Бәлекет, құлға жабысқаны соншалықты, күнәсының барлығы да өшпейінше оның қыр соңынан қалмайды»[3].

Қараңызшы, қаншалықты анық әрі түсінікті айтылған. Демек, Алла Тағала біздің көпшілігіміз ойлағандай, ауру-сырқатты жақсы көрмейтін құлына емес, керісінше жақсы көретін құлына береді екен. Сынақтың көкесін, діні әлсізге емес, діні күшті, имандысына береді дейді. Бұқара халықтың көбісі басына түскен нәубет, қиыншылықты бақытсыздыққа теңеп, менде неге мұншама келеңсіздіктер көбейіп кетті деп қайғырады. Ал, жоғарыдағы хадиске сүйенсек мүлдем басқа. Адам баласы қаншалықты тақуа болса соншалықты бәлекет келеді екен. Неге? Өйткені Алла, құлының сабырлылық танытып, ертеңгі баратын жағы жәннатта үлкен-үлкен дәрежелерге жеткенін қалайды. Егер сабырлылық танытатын бір қиыншылық келмесе, онда сабыр да етпейсіз. Сабыр етпесеңіз, сауап қайдан болады, сауап болмаса, қайдан жәннат болмақ?! Бұл жұмыс істемей жатып, жалақы талап ету секілді ғой. Жалақы алу үшін жұмыс істеу керек. Жәннатқа кіру үшін де келген сынаққа сынбай, сабырлылық таныту қажет. Бұны да нығмет деп білу керек. Неге десеңіз жалақы алатын жұмыс табылды деген сөз. Осы тақырыпта тағы бір мәнді риуаяттарды келтірейік: «Мұнафықтың үлкендігі бәленің үлкендігіне байланысты. Алла тағала бір қауымды жақсы көрсе оларды (бір қырсыққа) шалдырады. Кім тағдырға разы болса, ол Алланың разылығына бөленеді. Кім наразылық танытса оған Алланың ашу-ызасы болады»[4]. «Алла Тағаланың жолымен жүрген мүмин кісінің басына келген әрбір шаршап-шалдығу, ауру-сырқау, қиыншылық, қайғы-қасырет, қалаберді аяғына батқан тікен, күналарының кешірілуіне кәффарат болады»[5].

Исламның көрнекті ғалымы Әл-Ғазали өзінің «Ихия-у Улумуддин» атты көрнекті еңбегінде: «Адам баласы келген қиыншылық, бәлекетке сабыр етуі былай тұрсын, бірнеше себептерге байланысты шүкіршілік етуі де керек», – дейді. Олар:

  1. Келген бәлекетке шүкіршілік етуі керек, не үшін? Ол бәлекет одан да ауқымды үлкен болса қайтесің? Сол үшін.
  2. Келген бәлекетке шүкіршілік ету керек, не үшін? Жәннатқа кіруге лайықты болу үшін сауап жазылады. Сол үшін.
  3. Келген бәлекетке шүкіршілік ету керек, не үшін? Егер адам баласына қиыншылық келемесе, адам баласы азып, Аллаға қарсы келіп, тозақтық болуы мүмкін. Сол үшін.   

 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек: адам өзіне ауру-сырқат тілемеуі керек. Бірақ, келген нәубетке сабырлылық көрсетуі қажет. Алла Тағала жақсы көрген құлын түрлі сынақтармен сынайды. Сабыр етсе, разы болып жәннатына лайықты етеді. Тозақтық құлдарын да осы дүниеде рахатқа бөлейді. Сабырлылық танытатын қиыншылықтың келмеуінен, дене-басымыздың өмір бойы сау болып өтуінен қорқуымыз қажет. Өйткені сахабалар азғана рахат өмір сүріп қалса: «Осы бізге Алланың ғазабы келді ме? деп қатты қорыққан. Алла бізді тура жолға салсын, сөйтіп сол жолдан тайдырмай жанды алсын деп тілейк ағайын! Әмин!  

Бақытжан Өткелбаев
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

 


[1] «Анкәбут» сүресі, 2,3-аяттар.
[2] Муслим, 5025.
[3] Тирмизи.
[4] Тирмизи.
[5] Бухари.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру