Айдар Әділжанұлы Сайлауов

27 қараша 2018 5596 0
Оқу режимі

Арал қаласында дүниеге келген. «Әлімсақ» журналының тілшісі. «Баспалдақ» жыр жинағының авторы.

             ОЙ
(Мұхаммед с.ғ.с)

Жайнаған бұл тіршілік таңдай жақұт,
Жайғасты пайғамбар деп таңдайға құт.
Жайнамаздың үстінде жан жaй тауып,
Жай ғана сізді ойлаған қандай бақыт.

Көреген көсем сөздер санада тек,
Көксүңгідей көрік бер далама кеп.
Көкке қарап қоямын анда-санда,
Көрініп келбетіңіз қалама деп.

Таласшыл кейбір халық дауға бейім,
Таңдаған ел емес ек қауға күйін...
Теңдесі жоқ тұлғаны тәңірім-ай,
Таусылып сағынады тауға дейін.

Өзегімнің иманы тасығаны-ай,
Өзгермейтін пейілім жасымағай...
Өз ұлын жоқтап жатқан жер анамның,
Өзен болып ағады жасы талай!?

Сүзгі сезім сұрыптайды қалай мұң,
Сөзді сенім қиялыма таяймын...
Сізді көрген жамағатқа қызығам,
Сізді көмген адамдарды аяймын!

Тыным тауып азанменен тұлым із,
Түндік жауып күнәмізге тұрыңыз.
Түн болмаса ұйықтамаушы ем, бағалым,
Тым болмаса түсіме бір кіріңіз.

Үзеңгі өмір, өзгеге долымысың,
Үзілмеген үмітім соның үшін...
Үмбетіңіз болғаныма жылиды ішім,
Үлгі етіңіз ақындар оның ісін.

Жайнаған бұл тіршілік таңдай жақұт,
Жайғасты пайғамбар деп таңдайға құт.
Жайнамаздың үстінде жан жaй тауып,
Жаратқанды ойлаған қандай бақыт.

Пікірлер Кіру