Әйгілі патшаның тақуа ұлы хақында...

18 тамыз 2021 6479 0
Оқу режимі

Аббасидтер әулетінің «даңқы төске өрлеген» патшасы Харун Рашид, тарихи деректерден білетініміздей, әділ әрі тақуа адам болған. Харун Рашид қолында билігі болса да, дәулеті артылып жатса да тәубесінен жаңылмаған, дініне берік, ғұмырының соңына дейін аузынан Алласы түспеген жан еді. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, ол өмірінің соңына дейін күніне 100 рәкат намаз оқыған. Тіпті, бұл құлшылығын патша болса да үзбеген. Күніне өз дүние-мүлкінен 1000 дирхам садақа етіп тұрған. Жыл сайын қажылыққа баруды әдетке айналдырыпты және 100 ғалымды отбасымен бірге өзімен ерте кетеді екен. Егер қажылыққа өзі бара алмаса, 300 адамды барлық керек-жарағын қамдап, жолға шығарып салған. Қандай мұқтаж адам болсын, барлығы Харун Рашидтің қоластынан пана тауып, таршылық көрмепті.

Харунның ғалымдарға деген махаббаты ерекше болған дейді. Ғалымдардың сұхбатынан қалмай, олардың айтқан уағызына ұйып, әсерленіп, көз жасын тыя алмайтын.

Бірде Харун Рашид есімі елге белгілі мухаддис Әбу Мұғауия Дарирмен (р.а.) бірге кешкі ас ішіп болған соң, ғалымның қолына су құйып, қолын шаюға көмектеседі. Мұнысын ол «бұл ғылымға деген құрметімнің белгісі» деп түсіндіреді.

Тағы бірде Әбу Мұғауия Дарир (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) Адам (а.с.) мен Мұса (а.с.) арасындағы айтыс туралы хадисін келтіреді. Сол кезде біреу болған оқиғаға күмәнмен қарап, пайғамбарлардың бұл айтысы қай жерде өткенін сұрап қалады. Оның бұл сауалына патша қатты ашуланып, оны Алла Елшісінің (с.а.с.) сөзіне күмән келтіргені үшін жазаламақ болып, қылышын қынынан суырады.

Харун Рашидтің ел тізгініне әлі ие болмай тұрған кезінде дүние есігін ашқан Ахмет есімді ұлы болыпты. Анасы Ахметке қысылғанда қажетіңе жаратарсың деп, алмас тасы бар қымбат жүзік сыйлапты.

Жасы 16-ға толғанда Ахмет Құран мен діни әдебиеттерді сүйіп оқып, дін ғылымына әуестеніп, тақуалыққа бет бұрады. Әкесі билік басына келгенде Ахмет еңсесін жаншыған дүние игілігіне шыдай алмай, сарайды тастап кетуге мәжбүр болады. Ахмет тақуалықты өмірінің сәні еткен данагөйлер мен ғалымдардың мәжілісіне қатысып, тәубесінен жаңылмас үшін қабір басына жиі барады. Қабір басына барған сайын ол:

«Уа, адамдар!

Сендер де қол бұлғасып, бұ дүниемен қош айтыстыңдар. Патша болсаңдар да мына өмірден опа таппадыңдар. Бір-бір төмпешікке айналып, жер қойнына кірдіңдер. Қабірдегі жағдайларыңның қандай екенін білсем ғой. Періштелер қандай сұрақтың астына алып жатыр екен сендерді. Оларға жауап бере алып жатырсыңдар ма? Әр жаназаға қатысқан сайын мені үрей билейді. Ал жылаған адамдардың даусынан жанымды мұң торлап, көзіме ыстық жас келеді», – деп шемен боп қатқан шерін тарқатады екен. 

Бірде ол әкесіне келеді. Әкесінің уәзірлері патшаның иіні жүдеу, киімі жұтаң ұлын көріп, бір-біріне мына түрімен әкесін досқа күлкі, дұшпанға таба қылатын болды ғой, деп сыбырласады. Егер әкесіне айтсақ, бәлкім, түзелер, дейді. Бұдан құлағдар болған патша ұлына «мына түріңмен мені жұрттың алдында ұятқа қалдырасың ғой» дейді. Мұны естіген ұлы үн қатпайды. Сол кезде ұшып бара жатқан кішкентай құсқа көзі түседі де: «Жаратқан Алланың атымен шақырамын, қолыма қон!» деп әмір береді. Сол заматта оның әмірін екі етпеген құс ұшып келеді. Осыдан кейін әкесіне қарап: «Әке, жүрегіме екпек болған дүниауи махаббатыңыз мені тура жолдан қағып, қор қылды. Мен сол себепті сізден кетуге мәжбүр болдым», – дейді.    

Осыны айтқан ол өзімен бірге тек Құранды ғана алып, үйден шығып кетеді.

Жас ханзада нәпақасын қара жұмыстан айырады. Ол сенбі сайын аптасына бір күн жұмыс істеп, тапқан табысын өз қажетіне жұмсайды. Ал қалған 6 күнді құлшылықпен өткізеді. Оның бұл тапқан табысы бір дирхамнан сәл ғана асатын еді.

Бірде сол қалада тұратын Әбу Әмір Басри есімді адамның дуалы құлап қалады. Жұмысшы іздеп, көшеге шыққан ол Құран оқып отырған көркіне көз тоймас жас жігітті көреді. Жас жігітке тақау келген ол шаруа барын айтады. Ол: «Не істеу керек?» деп сұрайды. Әбу Әмір Басри: «Құлап қалған дуалды тұрғызу керек», – дейді. Жігіт келісімін беріп, тек екі шарты айтады. «Бір күндік еңбегіме бір дирхам және бір даник (даник дирхамның бір бөлшегі, біздегі тиын секілді) ақы аламын. Сосын намазды уақытылы оқуыма мұрсат бересіз», – дейді. Әбу Әмір Басри оның шартына көнеді. Осылайша, жігіт жұмысты бастап кетеді. Ақшам намазынан қайтқан үй иесі он адамның жұмысын бір адамның орындағанын көріп, айран-асыр қалады. Ол жас жігітке риза болғаннан екі динар ұсынады. Алайда, жас жігіт артық алмай, өзінің айтқан сомасын, яғни бір дирхам, бір данигін ғана алады. Әбу Әмір Басри ертеңінде дуалдың аяқталмай қалған бөлігін жас жігітке істетпек болып, оны іздеп, тағы көшеге шығады. Алайда, іздеген адамын таба алмайды. Ары өткен, бері өткен елден сұрап, оның тек сенбіде ғана жұмыс істейтінін естіп біледі. Сөйтіп, жас жігіттің еңбегіне тамсанға Әбу Әмір Басри жұмысын ешкімге істеткісі келмей, келесі сенбіні күтеді. Келесі сенбіде жігітті алғашқыда кезіктірген жерден табады. Сөйтіп, бұл жолы да өткендегі дуалды тұрғызып беруін сұрайды. Жігіт бұрынғы шартын қояды. Әбу әмір Басри келісімін береді.

Сөйтеді де, оның қалай жұмыс істейтінін көрмек болып, Әбу Әмір Басри елеусіздеу тұсқа жасырынып қалады. Ол лайды кірпішке құюы сол-ақ екен, Алланың құдыретімен лай өзі тегістеліп, кірпіштер өздігінен қалана бастайды. Мұны көрген Әбу Әмір Басри оның тегін адам емесін түсінеді. Жас жігіт жұмысын аяқтағаннан кейін үй иесі оған үш динар ұсынады. Ол бұл жолы да айтылған сомадан артық ақша алмайды. Әбу Әмір Басри келесі аптада да оны іздеп, көшеге шығады. Алайда, оны әдеттегі орнынан таба алмайды. Адамдардан оның егістік басында үш күннен бері ауырып жатқанын сұрап біледі. Әбу Әмір Басри егістік басында ес-түссіз жатқан жігітке келіп, халін сұрайды. Алайда, жігіт жауап қатпайды. Екінші мәрте амандасқанда ғана жігіт оны шырамытады. Осыдан кейін оқиғаның қалай өрбігенін Әбу Әмір Басри былай баяндайды: Оның басын тіземе қойдым. Есін жиған ол өлең шумақтарын оқыды:

«Уа, достым!
Мына дүниенің қызығына алданба,
Өмір өтер, мәңгі түк жоқ жалғанда.
Ақыл жүгірт, өлімді ойла, ғибрат ал,
Кебінге орап, қабірге біреуді салғанда.

Осыдан кейін ол аз-кем тыныс алып: «Мен өлсем, сүйегімді тозған көйлегіммен кебінде», – деді. «Жоқ, сені жаңа кебінге орап, жерлеймін» дедім. «Жаңасы өліге емес, тіріге керек. Немен кебіндесең де, оның еш пайдасы жоқ. Тек амалың ғана жолдас болады. Менде не бар, соларды алып, қабірімді қазғандардың табан ақы, маңдай терін төле. Ал, мына жүзік пен Құранды Харун Рашидтің өз қолына табыс етерсің. Бұл – аманат. Сондай-ақ, оған мына сөзімді жеткіз: «Дүние қызығына шомғанда өлім келмесін деп тіле. Ал ажал алқымдап қалса, онда кеш қалғаның. Артыңда қалған дүниеге басқа біреу қожалық етеді де, сені кебіндеп қана шығарып салады. Ақыретте мал-дүниеге орын жоқ». Бұл жас жігіттің соңғы сөзі екен... Жас жігіттің текті әулеттен шыққанын түсіндім. Оны жер қойнына бергеннен кейін аманатын орындау үшін Сарайға аттандым. Харун Рашидке Құран мен жүзікті тапсырдым. Осыдан кейін ол мені қасына отырғызып, оның немен айналысқанын, қалай танысқанымызды түгел сұрады. Жұмысқа жалдағанымды білгенде ол: «Оның Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ұрпағы екенін сезбедің бе?» деп сұрады. Оның кім екенін тек демі үзілер шағында ғана шамалағанымды жеткіздім. «Оны өз қолыңмен арулап, жерледің бе?» деді патша. Мен «Иә» деп жауап бергенім сол екен, ол менің қолымды алып, кеудесіне басты да адамның сай-сүйегін сырқыратып, басындағы қасіретін, өмірдің опасыздығын, өлім ненің ақ, ненің қара екенін ажыратып беретінін жырға қосып, ұзақ егілді. Осыдан кейін Харун Рашид ұлының басына аттанды. Ұлының сүйегі жатқан қабірдің қасына келгенде де марқұмның рухымен бақұлдасқандай болып: «Қайтпас сапарға аттанған жолаушым. Көктей солып, қыршыныңнан қиылдың. Жанымның жұбанышы, көзімнің қарасы. Сен татқан өлімнің дәмін көп ұзамай кәрі әкең де татады. Кім қайда жүрсе де өліммен әйтеуір бір қауышар», – деп арыз-арманын ақтарып салды. Сол күні түсімде жап-жарық нұрды көрдім. Осы нұрдан жас жігіттің: «Әбу Әмір, менің аманатымды орындағаның үшін Алла саған разы болсын» деген даусы естілді. «Хал-жағдайың қалай, досым?» деп едім, «Асқан жомарт Жаратушыммен қауыштым, Ол маған разы. Ешкім естімеген, ешкім көрмеген, ешкім елестете алмайтын сый-құрметке бөледі», – деп жауап қатты. Бұл жайында Алла Елшісінің (с.а.с.) хадисінде де айтылған: «Алла Тағаланың «Адал құлдарыма ешкім көрмеген, ешкім естімеген және ешкім елестете алмайтын сый-құмет әзірлеп қойдым» деген уәдесі бар».

Тарихтағы бұл оқиға сол кезде балалардың өзі тақуалықтың шыңына жеткенін айғақтайды. Алла бізге де, балаларымызға да осындай өмірді нәсіп етсін. 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру