Ажырассақ қалай болар екен?..

30 маусым 2018 8733 0
Оқу режимі

Үйленгендеріне азды-көп уақыт болған, енді-енді отбасылық өмірдің кейбір қиындықтармен жүздесе бастаған екі жас жұбайдың соңғы кездерде ұрыс-керістері көбейе түседі. Араларында бірнеше рет орын алған жанжалдың, айтылған ауыр сөздердің нәтижесінде бір-бірлеріне деген көңілдері де суый бастаған. Жиі қайталана берген осы келеңсіздіктердің бірінде жас жұбайлар ажырасуға бел буады. Қабылдаған шешімдерін алдымен үйдегі қарияға айтпақ болып, жігіт әкесінің бөлмесіне барады. Әкесі намазын оқып болып, енді Құранды ашқалы жатыр екен. Қария ерлі-зайыпты бұл екі жастың ортасына араласа бермейтін. «Көш – жүре келе түзелер»,- деп жақсылықтан үмітін үзбейтін. Алайда бөлмеге кірген баласының бүгінгі жүзінен мән-жайды түсіне қойған әкей, баласы сөз бастамастан «Келін қайда, балам? Шақыра ғой», -дейді. Келіні кіріп, сәлемін бергеннен кейін, қария батасын беріп, Құранды ашып бір аят оқыйды:

ۚوَعَاشِرُوهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ فَإِن كَرِهْتُمُوهُنَّ فَعَسَىٰ أَن تَكْرَهُوا شَيْئًا وَيَجْعَلَ اللَّهُ فِيهِ خَيْرًا كَثِيرًا

«Балаларым, бұл аятта Алла Тағала бізге: «Жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды ұнатпай қалсаңдар (сабырлылық танытыңдар), қайдан білесіңдер, бәлкім, Алла сендер ұнатпаған нәрсенің артын қайырлы қылып, көптеген жақсылыққа ұластыруды қалайтын шығар»[1],-деуде»,- дейді. Сонда баласы: «Әке, бұл аятты қалай түсінеміз? Бізді ажырасуға дейін алып келген бойымыздағы және мінезіміздегі  бұл кемшіліктерден қандай қайыр күтуге болады?»,-дейді. Сонда әкесі: «Қандай қайыр күтуге болатынын Алла Тағала уақытымен көрсетеді. Сендер сабыр сақтап, бір-бірлеріңе шыдасаңдар, Алла Тағала уәдесінде тұрмасын ба?», деп әкесі оларға жоғарыдағы аятқа түсінік беретін «Екі кірпі» оқиғасын баян етеді...

Қыс келгенде екі кірпі үсіп қалмастан аман-есен қысты өткізудің шарасын іздей бастайды. Кірпілердің біреуі: «Біздің басқа жануарлар сияқты жүніміз жоқ қой, енді бұл қыстан қалай шығамыз»,- дейді. Екіншісі: «Бір-бірімізге арқамызды қаратып жатайық. Осылайша бірімізді біріміз жылытқан боламыз»,- дейді. Әлгі кірпі: «Тікендеріміз жанымызға батадығой»,- дейді. Екіншісі: «Ештеңе етпес, мүмкін, шыдайтын шығармыз»,-деп екеуі біріне бірі арқаларын қаратып жатады. Алайда, уақыт өте тікенектері жандарына батқанда, бір-біріне шыдай алмайтын халге жетеді. Екеуі: «Енді бұлай болмас, бөлек-бөлек кеткеніміз тағы дұрыс болар»,- деп бір-бірінен алшақтайды. Осылайша тікеннің жарасы жазылады. Алайда, оларды енді суық шыдатпас хәлге әкелген екен. Қыстың ызғарында бір- бірінен ажырап қалған бұл екі кірпі бірін бірі қайта таба алмаған екен»,- деп қария сөзін аяқтай келе: «Балаларым, бірге тұру қиындықсыз болмайды. Алайда, айырылысу бұдан да қиын болуы мүмкін»,- дейді. 

Еркебұлан Сейітжанұлы


[1] Ниса сүресі 19

Пікірлер Кіру