Бала болмысын ашатын «сиқырлы» кілт

11 қыркүйек 2020 7407 0
Оқу режимі

Әке болу – бақыт, сонымен бірге, үлкен жауапкершілік, яғни баланың тағдыры үшін зор жауапкершілікті сезіне білу деген сөз. Әкенің мойнындағы жауапкершілік – бұл перзенттің ата-анасын жақсы көріп, олардың өзіне деген мейірімі мен махаббатын сезініп өсуі үшін қажет дүние, қала берді баланың өз-өзіне деген сенімділік, қадірлеу сияқты қасиеттерін дамытатын, оны толыққанды азамат қылып қалыптастыратын маңызды фактор. Мұның жас аналарға да тікелей қатысы бар. Бала ата-анасынан жөнсіз қаталдық көріп, соның салдарынан өзін оларға керексізбін деп сезінетін болса, өмірдегі өз орнын іздей келе есірткі не ішімдікке әуестеніп, жаман ортаға тап болуы ықтимал. Дегенмен, бала тәрбиесі – әрбір әкенің қолынан келетін әрі қарапайым жайттардан тұратын жауапкершілік. Сонымен...

ДЕРБЕС УАҚЫТ БӨЛУ

Баланың өз-өзіне деген сенімділігі мен құрметі әке-шешенің оған бөлген уақытымен тығыз байланысты. Бүгінгі күннің проблемасы – әкенің баласына бір ауыз өнегелі сөз айтуы былай тұрсын, балабақшада жаттап келген тәп-тәуір жаттауына құлақ түруге құлқы жоқ. Себеп – бала-шаға бағу, отбасын асырау. Бала-шаға үшін жұмыс істейді, бірақ балаға уақыт бөлмейді. Парадокс.

ІС СӨЗДЕН ӨТІМДІ

Статистикаға сенсек, ата-ана баласына тәулігіне екі мыңға жуық мәрте бұйыра сөйлейді екен. Бұдан «Бала ата-анасын тыңдамайды ма?» деген заңды сауал туындайды. Алайда, балаға дауыс көтеріп, ұрыса бергеннен гөрі өзіңізден «мәселені түбегейлі қалай реттесем болады?» деп сұраңыз. Мәселен, балаға «кіржуғыш машинаға шұлығыңды түйіп тастама» деп үнемі ұрыса бергенше, тек түйілмеген шұлықтарды жуыңыз. Бала өзі-ақ түсінеді. Әрекет сөзден тиімді.

ӨЗ КҮШІНЕ АРҚА СҮЙЕУ

Баланы үйдің шаруасына араластырып, әріден үйретпесеңіз, ол өзін дәрменсіз және олақ сезініп өседі. Балаға біршама еркіндік беріңіз. Нендей нәрсеге қабілеті бар, епті екенін, қандай шаруа қолынан келетінін байқап көріңіз. Істегені сізге жақсы, білгені өзіне жақсы дегендей, балаңызға жас ерекшелігіне байланысты жұмыстар беріп, еңбекке ерте кезден баули беріңіз. Әрі қол ұзартар қолғанатыңыз болмақ. Мәселен, 5-6 жасар бала жаныңызда тұрып жемістерді жуа алады.

САЛДАРЫН ТҮЗЕТУ

Ұсақ-түйек заттарда баланың әрбір іс-әрекетіне араласа беру оны өз бетінше шешім шығару және жағдайды реттеудің жолын іздеу сияқты мүмкіндіктен мақұрым етеді. Әдетте, мәселе тым созылып кетпесін деп, ата-анасы болған соң  араласып кетіп жатамыз. Бірақ, жағдай қазір тез реттелгенімен, кейін баламыздың осы тектес жағдайлармен әлі талай мәрте бетпе-бет келетінін ұмытып кетеміз. Мәселен, бала дастарқанға ыдысын алып келуді ұмытса, өзі байқап, соны алып келгенінше ләм-мим демеңіз. Бұл баланы келесі жолы мұқият болуға және ұқыптылыққа үйретеді.

ҚИСЫНДЫ ЖАЗА

Баланың «балалығы» үшін алған сазайының әсері әдетте кейін өсе келе ғана байқалады. Сондықтан, баланы ә дегенде «таяқпен» тәрбиелеу дұрыс емес. Бала әр қателігін түзесін, оны келесіде қайталамасын десеңіз, дереу «таяқ» ала жүгірмей, қисынды жолмен жазалаңыз. Мәселен, отбасымен саябаққа баратын кезде бала көлікке кешігіп мінсе, баланы бір апта бойы «үй қамауында» ұстап жазалау қаншалықты тиімді? Керісінше, мұндай жаза баланы наразы ете түспей ме? Ал енді, жөнсіз «еркелігі» мен жаңсақ қылығына жараса бір шаруаны жүктеп, «жұмыстық жаза» беру қай жағынан болса да тиімді әрі пайдалы.

«ҚАҚТЫҒЫСТЫҢ» АЛДЫН АЛУ

Бала жүйкеңізді «сынамақ» боп қатал немесе дөрекі сөйлей бастаса, ең дұрысы - келесі бөлмеге кетіп қалыңыз. Одан да дұрысы - «Менімен жөндеп сөйлескің келсе, келесі бөлмеде боламын» деп шығып кетіңіз. Алайда, балаңыз сізді ашулы немесе «жеңілген» күйде шыққаныңызды көрмесін.

БАЛА МЕН БАЛАЛЫҒЫ АРАСЫН АЖЫРАТУ

Ешқашан балаңызға «жамансың» деген сарында даттаушы сөздерді айтушы болмаңыз. Бұл оның болмысына, балалық санасының қалыптасуына кері әсер етеді. Балаға жұмсақ, жылы сөйлеңіз, ақ парақтай таза санамен жұмыс жасап жатқаныңызды бір сәтке де ұмытпаңыз. Сондықтан, баланы жақсы көретіндігіңізді, алайда, оның бұл әрекеті жаман екенін ұғындырыңыз. Сонда бала өзіне ерекше сенімді болады әрі ата-анасының оны жақсы көруі шартты түрдегі сүйіспеншілік емес екенін түсінеді.

ЖҰМСАҚТЫҚ ПЕН ҚАТАЛДЫҚТЫҢ ҮЙЛЕСІМІ

Елестетіп көріңіз, бес жасар қызыңыз таңертең бақшаға барар кезде сырт киімін кимей жүріп алды. Кейін көлік ішінде қиналып киінуге мәжбүр болды. Бүгін таңертең дәл сол жағдай қайталанайын деп тұр. Сол кезде сіз: «Сырт киіміңді ки, әйтпесе кешегідей көлікте киесің» деп айтыңыз. Тағы кимесе, қызыңызды үйден бар әкелік мейіріммен көтеріп шығыңыз. Айтпақшы, баланы сүйіспеншілікпен жігерлендірдіңіз бе, әлде қорқытып па? Сол жағын байқаңыз.

ЖЫЛДАМ НӘТИЖЕ КҮТПЕҢІЗ

Ата-ананың көбісі баланы мейлінше тез және жылдам түзетуге және тәрбиелеуге асығып тұрады. Әрине, бұл әрекет балаға оң әсер бермейді. Баланың ішкі дүниесіне біршама ауыр тиеді. Баланың болашағын ойласаңыз, сабырлы болыңыз.

УӘДЕҢІЗДЕ ТҰРЫҢЫЗ

Мысалы, балаңызға «балмұздақ алып бермеймін» деп айтсаңыз, жыласа да, жер тепсініп жатып алса да, уәдеңізді бұзбаңыз. «Алып беремін» деп берген уәдеңізді де орындай біліңіз. Сонда бала сізді айтқан сөзін орындайтын әке ретінде құрметтей бастайды.

Мұса Ербатыр

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру