Бала неге құқылы?

11 ақпан 2019 10696 0
Оқу режимі

Ұрпақ сабақтастығы тіршілік заңы. Әркім ұрпағымен мың жасайды. Ислам діні өзіне тән әділетті заңымен әрбір тіршілік иесінің өз құқықтарын белгілей отырып, бала құқықтарын да назардан тыс қалдырмаған.

ӨМІР СҮРУ ҚҰҚЫ

Ислам тарихына қарасақ, жаһилия дәуірінде бала құқықтарының ескерілмегенін көреміз. Тіпті, бір отбасындағы, бір ата-анадан туған балалардың ұл-қыз деп алаланып, көп жағдайда қыз баланы қажетсіз деп тапқаны, шімірікпей тірідей өлімге қию оқиғалары ішінара кездескені мәлім. Сондықтан Ислам діні бірінші кезекте дүние есігін жаңа ашқан сәбидің өмір сүру құқын қорғады. Анасының құтты құрсағында жаралған, өмірге келген әр сәби өмір сүруге толықтай құқылы.

Құран кәрімде бұл турасында: «Сәбилерін надандықпен, ойсыздықпен өлтіргендер міндетті түрде зиянда»[1], – делінсе, тағы бір аятта Алла Тағала: «Балаларыңды жоқшылықтан қорқып өлтірмеңдер. Оларды да, сендерді де Біз ризықтандырамыз. Анығында, оларды өлтіру үлкен қылмыс»[2], – деп ескерткен.

АДАЛ НЕСІБЕ

Әр ата-ана ұрпағын адал несібемен бағып-қағуы тиіс. Өйткені, ол баланың төл құқы, ал ата-ананың міндеті. Адал астың адам ағзасына жағымды әсері мамандар тарапынан бүгінге дейін көп зерттелді. Сол себепті ата-ана қандай кәсіппен шұғылданбасын ұрпағын адал аспен асырауға тырысуы керек.

Хадисте: «Баланың әкедегі құқықтарының бірі өзін тек қана адал несібемен ризықтандыруы», – делінген.

СҮТ ЕМУ АҚЫСЫ

Сүт ему, уызға жару – әр сәби үшін керекті. Сүт құрамы бала жетілген сайын өзгеріп отырады. Жасанды сүт қоспасының ана сүтін алмастыра алмайтындығы анық дәлелденген жайт. Бүгінгі күні ғалымдар бала мінезінің дұрыс қалыптасуында да ана сүтінің пайдасы мол екенін айтуда.

Ана сүтін емудің балаға міндеттілігі турасында Құран кәрімде былай делінген: «Емізуді толық тәмамдағысы келген әйелдер балаларын екі жыл емізеді. Олардың азықтандырылуы мен киімі әкеге тән»[3].

Хадисте «Сәби үшін анасының сүтінен артық сүт жоқ» екендігі ескертілген.

ЖАҚСЫ АТ ҚОЮ

Ислам діні балаға мағынасы дұрыс, естір құлаққа жағымды, жақсы ат қоюға шақырған. Сондықтан балаға есім берерде бұған жауапкершілікпен қарау керек. Баланың өз ортасында жүзі жарқын жүруінде, жақсы кісілерге еліктеп өсуінде де жақсы есімнің берері мол. Сүннетте бала туыла салысымен немесе туылғанына жетінші күні ат қойылған.

Бір хадисте бұл туралы: «Баланың әкесіндегі құқықтарының бірі жақсы әдеп пен жақсы есім»[4], – делінген.

Тағы бір хадисте: «Сендер қиямет күні өз аттарыңмен және әкелеріңнің есімімен шақырыласыңдар»[5], – делінген.

СҮНДЕТТЕЛУ ҚҰҚЫ

Хазірет Ибрахим пайғамбардан (ғ.с.) бері жалғасып келе жатыр деп білінетін сүндеттелу – әр ұл баланың мәндуб ақыларының бірі. Сүндеттелудің профилактикалық әрі гигиеналық пайдалары, жыныстық аурулардың алдын алатындығы бүгін толық дәлелденіп отыр. Исламда сәбиді алғашқы туылған аптада да сүндеттеген. Бірақ имам ағзам Әбу Ханифа сүндеттелу жасына байланысты нақты мәлімет бермеген. Сондықтан балиғатқа толғанға дейінгі аралықта сүндетке отырғызу ісі әр ата-ананың өз ықтиярына қалдырылған.

ОЙЫН ҚҰҚЫ

Әр бала тумысынан ойынды қажетсінеді. Өйткені ойын баланың дүниетанымын қалыптастырып, физикалық, психологиялық жағынан дамытады. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) баланың ойнауын құп көрген. Баланы жақсы көруге, ойнатуға шақырған. «Баласы бар баламен бала болсын» деуі осының айғағы.

Имам Ғазали сияқты кей ғалымдар егер баланы ойнатпай, тек сабақ оқуға мәжбүрлесе, ол баланың жүрегін өлтіріп, зейінін ашпайтындығын білдірген.

ЖАЗАЛАНБАУЫ

Бала балиғат жасына толғанға дейін жазалану құқығына ие емес. Жасаған кінәлі ісі үшін үлкендер секілді жаза беруге болмайды. Мынандай хадис бар: «Балиғат жасына толғанға дейін балаға, оянғанға дейін ұйқыдағы кісіге, есі дұрысталғанға дейін жындыға қалам жүрмейді (жауапқа тартылмайды)».[6]

Мұсылман ғалымдары сегіз жасқа толғанға дейін балаларды ұрмау керектігі жөнінде ортақ пікірде. Сегіз жастан кейін жақсы мен жаманды ажырата алатын «Тәмиз» жасына өтетіндіктен, осы жастан бастап балиғатқа толғанға дейінгі аралықта балаларға жасаған қателіктері үшін алдымен ескерту жасап, қоймаса ұрысуға болады. Бұл әдептілікті үйрету үшін қолға алынады.  

ЖАҚСЫ ТӘРБИЕ АЛУ ҚҰҚЫ

Әр ұл мен қыз ата-анасынан жақсы тәрбие алуға құқылы. Ата-аналар бұған жауаппен қарауы тиіс. Аятта: «Әй, иман еткендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны тастар мен адамдардан тұратын оттан қорғаңдар»,[7] – делінген.

Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) хадисінде: «Әке баласына жақсы тәрбиеден артық мирас қалдыра алмайды», – деген.

АЛАЛАНБАУ ҚҰҚЫ

Балалардың арасын алаламау – ислами тәрбиенің бір негізі. Мұсылман ғалымдар ұлды артық көріп, қызды кем санауды жахилиядағы надандық әдеттердің бірі деп қарастырған.

Балаларының арасын алалап, тек біреуіне ғана мирас қалдырмақ болған Нұғман ибн Бәширге (р.а.) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Балаларыңның арасын тең ұста. Райыңнан қайт. Мені бұл іске куә етпе. Мен әділетсіздікке куә болғым келмейді. Бұл дұрыс болмайды. Мен тек ақиқатқа ғана куә боламын»,[8] – деп ескерткен еді.

Ахмет ибн Ханбәлдан келген тағы бір риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендегі балаларыңның ақыларының бірі – оларға теңдей қарауың», – деген.

Осы хадистерге сүйенген ғалымдар балаларды еркелеткенде, өбектегенде, сүйгенде, сыйлық әпергенде, т.б. барлық жағдайда оларға теңдей қарау керектігіне үкім шығарған.

БІЛІМ ҮЙРЕНУ ҚҰҚЫ

Әр әке баласына дін негіздерін үйретуге міндетті. Өзі үйрете алмаса, үйрететін басқа ұстазға табыстауы қажет. Бұл баланың дүниесі мен ақыретін ойлаудан туындауда.

Аятта: «Отбасыңа намаз оқуды үйрет. Өзің де оны сабырмен жалғастыр»[9], – делінген.

Хадис шәріптерде былай делінген: «Баланың әкесіндегі құқықтарының бірі ақыл кіргенде намаз үйретуі», «Баланың әкесіндегі құқықтарының бірі өзіне жазу жазу, жүзу, садақ атуды үйретуі және таза несібемен асырауы».

ҮЙЛЕНУ ҚҰҚЫ

Ер жеткен ұлын үйлендіріп, бой жеткен қызын құтты орнына қондыру да – ата-ананың бала алдындағы міндеті. 

Әбу Хұрайрадан (р.а.) келген бір риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Әкедегі бала ақысының бірі – балиғат жасына толғанда өзін үйлендіруі».

Басқа бір хадисте уақыты келсе де баланы үйлендіріп, аяқтандырмаса, баласының күнә істеуіне себеп болса, бұған әкесі жауапты екендігі ескертілген.

 


[1] «Әнғам» сүресі, 140-аят.
[2] «Исра» сүресі, 31-аят.
[3] «Бақара» сүресі, 233-аят.
[4] Суюти, әл-Жамиғус-сағир, 2, 538.
[5] Әбу Дәуід, Әдеп, 70.
[6] Әбу Дәуід, Худуд, 17.
[7] «Тахрим» сүресі, 6-аят.
[8] Әбу Дәуід, Сүнән, Ижарат, 47.
[9] «Таха» сүресі, 132-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру