Балаға қасиетті ұғымдарды сіңіру

24 маусым 2020 8846 0
Оқу режимі

Исі мұсылманға тән қасиетті ұғымдардың әуелгісі − Алла ұғымы. Ол − иманның бір тірегі. Аллаға сенбейтін кісінің ислами және имани өмірі мешел деген сөз. Бұл ұлы әрі қасиетті ұғымды өз ұлылығына сай белгілі бір жастан бастап, (көбіне ол жас 8-9 жас деп қабылданады) бала санасына сіңірудің міндет екенін білуіміз керек.

Алла Тағала «Кімде кім Алланың қасиетті нәрселеріне құрмет көрсетсе, күмәнсіз бұл жүректің тақуалығынан» («Хаж», 22/32) деген. Жүректің тақуалығы – Алланы тану, өзі таныған ұлы Аллаға құрметпен бетбұруы, Соған сиынып, Соған бағынуы және Алла жайлы ақиқатты толық ұғыну арқылы жүзеге асады. Исламның қасиет тұтқан ұғымдарына құрметпен қарау өміршең нәрсе. Мәселен, сондай орындардың бірі мешіт бала назарында өте қасиетті әрі құрметті болып қалыптасуы қажет. Сонда ғана бала Алланы тануға апаратын жолдардың барлығы мешіт арқылы өтеді екен деген ойға қалмақ. Азаншының «Аллаһу акбар» деген әуезді дауысы мұнаралардан естілгенде баланың назары, бүкіл есіл-дерті соған ауғаны жақсы. «Аллаһу акбар» деген кезде ол да сол сөздерді қайталап, азан біткенде қолын жайып дұғасын оқи білу керек. Егер Алланы танып, шынайы түрде жақсы көре алсақ, жүрегімізде тақуалық пен діндегі құрметті нәрселерді ұлықтау сезімі болса, осы сезімдерімізді баланың бойына да сіңіріп, Алланың ұлылығын көрсетіп, сүйдіріп әрі Мабуду мұтлақтан (Құлшылық жасауға лайық абсолютті құдірет) басқа Махбуб (сүйікті), Мақсұд (қаланған), Матлуб (талап етілген) жоқ екенін оның бүкіл болмысына сіңіре аламыз. Тәбәранидің Әбу Үмәмәдан жеткізген бір хадисінде Алла елшісі «Алланы құлдарына сүйдіріңдер, сонда Алла да сіздерді сүйеді»[1] деген.

Құран Кәрімде Алла «Адамдар мен жындарды Өзіме ғана құлшылық етсін деп жараттым»[2] деген. Ибн Аббас пен Мүжахид (р.а.) бұл жердегі лиябудун «Өзіме құлшылық ету үшін» деген сөзді лиярифун «Мені танып-білсін»[3] деп тәпсірлеген. Демек, адам Алланы таныса ғана құлшылық жасайды, білмесе көңіл көзі соқыр күйінде жүре бермек. Олай болса, баланың діни түсінігі толысқанда барып, Аллаға деген құрметі арта түспек. Алайда, әр деңгейдің өзіне  тән таныту әдісі болғаны секілді, Алланы да баланың жасына, сана-сезіміне қарай танытуымыз керек. Жасы кіші балаға алдына жайылған дастарханды дәлел келтіріп жатпастан Алла жайды деу жеткілікті болуы мүмкін. Баланың жасы сәл ұлғайғанда, жан-жануарлар мен ағаштар күткен жаңбырдың көктен Алланың көмегімен жауғанын, жаңбырдың Алланың рақымдылығы екенін айту қажет. Жасы одан да үлкен балаға Алланың теңіздердегі, өзендердегі булану заңдылығын, ауадағы жаңбырдың жауу заңдылығын, оны кездейсоқтықпен түсіндіру мүмкін емес екенін, барлық құбылыстың Алланың ғана қолдауымен болатынын түсіндіресіз. Сана-сезімі әбден толысқан балаға нақты ғылымдарға тән дәлелдерге сүйене отырып, оның деңгейіне сай Алланы танытып, сүйдіресіз.

Балаға бізді орасан нығметке бөлеген Алланың шапағатын, Рахмандығы мен Рақымдылығын түсіндіру өте маңызды. Алланың бізді қалай қоректендіріп, қалай асырап отырғанын түсіндіріп, бізге қаншалықты сүйіспеншілікпен қарайтындығын сездіру қажет. «Ол өте мейірімді, бізді қорғайды, күллі бәле-жаладан, жамандықтардан сақтайды» деп, баланың Аллаға деген сенімі мен махаббатын ояту керек. Тіпті жаңа туған нәрестенің де, қала берді құрт-құмырсқаға шейін Алланың мейірім, рақымдылығымен тіршілік ететінін жақсылап айтып жеткізіп, баланың имандылыққа бетбұруына жағдай жасаған жөн.

Сонда бала барлық игіліктің иесі Алла екенін біледі.

Алайда осы жайттардың барлығында да баланың жас мөлшері есепке алынуы қажет. Мәселен:

«Алла болмаса, алма ағашы жеміс бермейді.

Алла болмаса, жануарлардан сүт шықпайды.

Алланың рақымы болмаса, көктен жаңбыр жаумайды.

Ол мейірімділік танытпаса, жерге шөп бітпейді.

Алла қаламаса, біз сөйлей алмаймыз.

Алла күлдірмесе, біз күле алмаймыз.

Алла естіртпесе, біз ести алмаймыз.

Асқазанымыз да, жүрегіміз де жұмыс істемейді.

Бұларды біз жасаған жоқпыз, барлығын да Алла жаратты.

Барлығы Соның басқаруында.

Ендеше, балам, осы жақсылықтарды бізге берген, Аллаға шүкіршілік айтуымыз керек.

Егер шүкір етсек, берген несібелерін арттыра түседі.

Ал мұнша жақсылықтардың қадірін білмесек, Онда соған зар болып қаламыз[4] − деп үнемі шүкіршілігімізді жаңартып отыруымыз керек.

Иә, осылардың барлығын іс-әрекетімізбен, айтқан сөздерімізбен, қас-қабақ, шын ықылас-пейілімізбен балаға сездіруге тырысуымыз керек. Дінде қастерлі саналған нәрселердің барлығы ерекше әспеттелуі тиіс. Мәселен, Қағба – қасиетті мекен. Қағба аймағына кіргенде немесе нұрлы Мәдинә қаласына жақындағанымызда, ерекше бір құрметпен аяқ басуымыз керек. Алла елшісі жүріп өткен жерлерге «Бұл жерлерде аяқкиіммен не көлікке мініп жүруге болмайды» деп Имам Маликтің құрмет көрсеткеніндей құрмет жасау керек. Имам Малик алыс жерден келіп Мәдинаның аймағына кіргенде, Мәсжиди нәбәуиге (Пайғамбарымыздың мешіті) немесе басқа бір мешітке хадис үйретуге барарда көлігінен түсіп, жалаңаяқ баратын. Міне, балаға Қағбаның қасиеттілігін ұқтыра білу үшін бойымызда осындай терең құрметтің бар екенін сездіру қажет. Әрине, мұны көрген баланың Рауза и тахира (пәк мешіт) мен сахабаларға деген құрметі арта түседі.

Осы тұста тағы бір мәселеге көңіл аудартқым келеді. Сіз Алланың бар екенін физика, химия, астрономия арқылы мысалдар келтіріп қанша дәлелдеуге тырыссаңыз да, күнделікті өмірден мысалдар бере алмасаңыз, бұл баланың санасына жетпеуі мүмкін, әрі сіз айтпақ болған діни мәліметтер оның санасында пәлсапалық теориялардың деңгейінде қалып қояды.

Сіз түсіндірген я түсіндіретін ұлттық қасиеттермен қатар діни құндылықтар тарихтың белгілі бір кезеңдерінде шынымен көрініс тапқанын көрсете алмасаңыз, мұның барлығы утопия сияқты көрінуі мүмкін. Бұл оқиғалардың өмірде болғанын нақты мысалдармен көрсетуге тырысқан жөн.

Ғаламның айғақтарын (аяты тәкуиния) зерделеу деңгейінде жүрегіңіздегі тақуалық, Аллаға деген махаббат, мешітте қылған құлшылығыңыз, бала танымында үлкен әсер қалдырып, ішкі сенімін бекіте түседі.

Азан – намаздың ұлылығының белгісі, мұсылмандықтың ең айшықты рәмізі. Егер сіз балаңызға осы негізде толық тәрбие бере алсаңыз, олар да азан шақырған кезде көздері жасаурап, бойын үреймен қоса сүйіспеншілік билеп айрықша толқыған сәтіне куә боласыз.

Қорыта келе айтарымыз, үйімізде жасайтын ғибадатымыз ешқашан үзілмеуі тиіс. Баланың ойына ұялаған дінге, руханиятқа қатысты қандай да бір күмәнді сұрақтарына дереу тұшымды жауаптар берілуі керек. Шаңырағымызда Алла Тағалаға жақындай түсетін, жарқын үмітке толған жанарымызбен Ұлы Жаратушыға иек артып, көңіліміз қайғы-мұңға толып толқитын белгілі бір уақытымыздың болуы қажет. Сол сағатта баламыз бен әйеліміздің жүзінде үйімізге Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) бас сұғатындай әсер болуы керек.

Бала берген тәрбиеңіз арқылы дарыған баға жетпес құндылықтардың жемісін болашақ өмірінде көріп, сізге шынайы алғысын білдіріп, дұғасын арнайтын болады.

Қасиетті ұғымдарға құрмет – дінде ұлықталған құндылықтарды сіздің де сөз жүзінде әрі іс жүзінде қадір тұтуыңыз. Сонда ғана олардың дінге деген дұрыс ой-пікірі қалыптасады. «Аллаһу әкбардағы» Алла ең ұлы деген сөз шын мәнісінде жүректеріне жетеді. Сонда ғана сіз өзіңізді бақытты сезінетін боласыз.


[1] Табәрани, Мүжәмул-Кәбир, 8/90; Али әл-Мұттақи, Кәнзул- Ұммал, 15/777.
[2] «Зариғат», 51/56.
[3] Құртуби, әл-Жамиу ли Ахками-л Құран, 17/55.
[4] «Ибраһим», 14/7.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру