БАЛАҒАТ СӨЗ АЙТУДЫҢ КҮНӘСІ ҚАНДАЙ?

21 қараша 2023 2642 0
Оқу режимі

Балағат cөз (боқтау, боқтық cөз) – ащы, зәрлі, тұрпайы сөздермен қатар, ұятты іске және адам денесінің ұятты жерлеріне қатысты қолдануға қатаң тыйым салынатын жаман сөздер.

Балағат сөздерді айту адамгершілікке және діндарлыққа лайықты емес. Ол ар-намысты, ұятты кетіреді және өзгелерді ашуландырады. Тіпті шариғатымыз ерлі-зайыптылар арасындағы жыныстық қатынасты, дәрет бұзуды және нәжісті ашық түрде емес, ауыспалы мағынадағы сөздермен айтуға бұйырады. Мысалы, Құран Кәрімде «жыныстық қатынас» деген мағынаны ауыспалы «ләмс» (жақындау, қосылу) сөздерімен қолданған («Ниса» сүресі, 43-аят). 

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үлкен күнәлардың ішінде ең ауыры кісінің өз ата-анасына лағынет айтуы», – деді. Сонда одан бір кісі: «Уа, Алланың елшісі! Адам қалай өз ата-анасына лағынет айтуы мүмкін?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Кісі біреуді әкесінен сыбайды. Ол да оны (өз кезегінде жауап ретінде) әке-шешесінен сыбайды (осылайша біреу арқылы өз ата-анасын боқтаған болып отыр)», – деп жауап береді (Бұхари). Осыдан боқтау мен боғауыз айтудың күнә екені байқалады.

Сондай-ақ Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға иман еткен кісі – міншіл емес, қарғап-сілеуші емес, жаман жүрісті емес, былапыт, балағат сөзді емес», – деді (Тирмизи). Аталмыш хадисте өзін мүмин санайтын әрбір кісі өз бойындағы осындай сүйкімсіз қылықтардан тазалануы керек екендігі ашық айтылған.

Тағы бір хадисте: «Қиямет күні кісінің таразыға ауыр басатын нәрсесі – көркем әдебі. Алла Тағаланың былапыт сөз айтатын кісіге ашуы келеді», – делінген (Нәсаи). 

Баяғыда қазақы ортада жосықсыз балағат сөз айтып, адамды немесе адамдарды қорлағандар әдеттік заңның нормалары мен принциптеріне сәйкес жазаланып отырды («Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабы, 2014).

 

Хасан АМАНҚҰЛ,

«Мұнара» газеті, №2, 2023 жыл

 

Пікірлер Кіру