Балаларға арналған дәстүрлер ТҰСАУ КЕСУ ДӘСТҮРІ

09 қаңтар 2025 198 0
Оқу режимі

Тұсау кесу – қазақ халқының сәбидің алғашқы қадамын құттықтап, оған ақ жол тілеу үшін өткізілетін дәстүрлі жол-жоралғысы. Бала бір жасқа толып, тәй-тәй баса бастағанда, ата-анасы оның әрбір басқан қадамы құтты болсын деген ниетпен арнайы той жасайды. Бұл дәстүрде сәбидің аяғын тұсап, белгіленген адамға тұсауын кестіріп, балаға сәттілік пен өмірлік ақ жол тілейді.

Тұсау кесу жолы

Тойға ауылдағы көңілдері жақын адамдар, туыстар мен құрметті қонақтар шақырылады. Тұсау кесу жолы басталғанда, баланың екі аяғын ала жіппен немесе малдың тоқ ішегімен тұсайды. Осы жіптермен тұсау кесудің өзіндік мағыналық тереңдігі бар. Жіптермен тұсалған сәбидің тұсауын ауылдың сыйлы, ардақты әйелдерінің бірі кеседі. Бұл әйелдің ел арасында абыройы, жеңілдігі мен жүйріктігі болуы маңызды саналады, өйткені баланың өмір жолы да дәл сол қасиеттермен жалғассын деген сенім бар.

Ала жіп пен тоқ ішек қолданудың мәні

Ала жіп баланың болашақта біреудің ала жібін аттамай, адал жүріп, жарық өмір сүруін тілеумен байланысты және өмірдің ақ-қарасында адаспай жүрсін деген жақсы ырымның нышаны. Ал малдың тоқ ішегі арқылы жасалған тұсау, баланың сүрінбей жүріп, қадамы сәтті, алыс сапарға шықса аман-есен оралуын тілеумен және бай қуатты болсын деген ізгі тілекпен жасалған жақсы ырым. Көк шөппен де тұсау кесетін салт бар. Ол бала өркенді болсын, өмірі ұзақ болсын деген жарқын ниеттен туған жақсы салт. Кейде тұсау кесер жолында әйелдерді жарыстырып, жүйрік келген әйелге баланың тұсауын кестіреді. Бұл ырым арқылы бала жүйрік болсын, алғыр анасына тартсын деген ниет білдіреді.

Тұсау кесушіні таңдау

Қазақ халқы тұсау кесетін адамды ерекше мұқият таңдайды. Бала сүріншек, жалқау, ұйқышыл, олақ, қатыгез, өсекші сияқты жағымсыз қасиеттерге ие болмас үшін осындай сипаттағы адамдарға тұсау кестірмейді. Тұсау кесетін әйел ерекше қадірлі, игі қасиеттерімен ерекшеленген болуы шарт.

Тұсау кесер жыры мен баталар

Тұсау кесу тойында жиналған әйелдер баланы айнала қаумалап, оны қуанышпен қолдап, ән-жыр шырқайды. «Қаз-қаз, балам, қаз балам» деп басталатын «тәй-тәй» жырын айтып, баланың алғашқы қадамын тойлайды. Бұл әнде баланың өз қадамын нық, батыл басып, болашағы жарқын болсын деген тілек жатыр:

Қаз-қаз, балам, қаз балам,

Қадам бассаң мәз болам.

Тағы-тағы баса ғой,

Тақымыңды жаза ғой.

Қаз баса ғой, қарағым,

Құтты болсын қадамың!

Тұсау анаға құрмет көрсету

Той аяқталар кезде тұсауын кескен анаға құрмет көрсетіліп, киіт кигізіледі, кәде жасалады. Бұл әдет арқылы ата-аналар баланың алғашқы қадамын қолдап, оны батыл әрі адал болуға шақырғаны үшін ризашылық білдіреді. Сонымен қатар, тұсауын кескен адамға “тұсау ана” деген құрметті атақ беріледі, ол осы баланың өмір жолында қолдаушы әрі тәлімгер саналады.

Тұсау кесу – қазақ халқының балаға деген ақ ниеті мен шынайы тілегінің көрінісі. Бұл жол-жоралғы арқылы ата-аналар баласына алдағы өмірінде адалдықты, нық қадамды, сәттілікті тілеп, оның алғашқы қадамын мерекелейді. Тұсау кесу дәстүрі тек әдемі салт қана емес, сондай-ақ тәрбиелік мәні терең жол-жоралғы болып табылады.

Болат БОПАЙҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру