БАҚЫТ ТУРАЛЫ АҚСЕЛЕУ АҒАНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

29 шілде 2024 1422 0
Оқу режимі

Қазақ "Бақыт балақтан кіріп, басқа қонады" дейді.

Осы сөздің мәнісі қалай?

Қазақ халқының Бақыт туралы түсінігі қандай болған?

Сол жөнінде есте жоқ ескі заманнан жеткен бір әңгіме бар.

"Ой-хой, дүние-серуен, адам бір көшкен керуен" дегендей, дүниеге келіп-кетіп

жататын адамзат ұрпағының қайсысының бақытты

болғысы келмейді дейсің?!

Бәрінің де бақытты болғысы келеді. Құсқа қанат, балыққа су қандай қажет болса, адамға да Бақыт сондай қажет.

Бір ғажабы, сол Бақыт дүниеге келіп-кетіп жататын адамзат ұрпағының ешқайсысын алаалмайды екен дейді.

Солай болуға да тиіс қой, алаласа оның несі Бақыт?! Адамзат әулеті үшін туу ортақ, өлу ортақ болған соң, ішкен су, жұтқан ауа ортақ болған соң, шынында да, біреуден біреуді артық санаудың, яки кемітудің қисыны да жоқ қой.

Сондықтан да БАҚЫТ ешкімді алаламаса керек.

Ең алғаш адам баласы өзінің адамдық тұлғасын танытып, табанын жерге тигізіп, маңдайын күнге сүйгізіп, өз тіршілігінің тізгінін өз қолына алған кезде БАҚЫТ сол адамның балағынан келіп кіреді екен дейді. Бақыттың балақтан кіруі мұң екен, әлгі адам қуса жететіндей, қашса құтылатындай күй кешеді. Өзінен-өзі тықыршып, ауыздығымен алысқан тарландай қиқулы бәйгені аңсайды. Төңірегіндегілерге шаң қаптырып, шалдырмай озып кетуге ұмтылады. Талайлардың жігерін жасытып, намысын тасытып, озып та жүреді.

Бірақ мұның бәрі балақтан кірген БАҚЫТТЫҢ құдіреті екенін екінің бірі біле бермесе керек. Сонсоң да өмірдің ұлы дүбір бәйгесінде біреуден мойын оздырып, біреудің намысын қоздырғанға мәз болатын сәттері жиі кездеседі. Жерде ізі қалмаса, жер басқанның өткінші екенін қайдан білсін? Сөйтіп жүріп бір жерде тұяғын алдырса, келесі бір жерден кірген БАҚЫТТЫ байлағанмен тең. Мұндайда БАҚЫТ сол балақтан әрі аса алмай, жоғары қарай көтеріле алмай, өзінен-өзі қожырап, қалып қояды екен. Ал егер балақтан БАҚ кіргенде табаныңды тасқа тілдірмей, сирағыңды тұзаққа ілдірмей, ақырын жүріп, анық басатын болсаң, БАҚЫТТЫҢ мәртебесі асып, мерейі тасып, жоғары қарай көтеріле бермек.

Мұнан әрі бақыттың бір байырқалайтын жері кісінің белі болса керек. БАҚЫТ белге жеткенде бойға белдескеннің белін үзетіндей, тірескеннің тізесін бүгетіндей жойқын күш бітеді. Қарсыласқан пендесін оң-тегісі демей, алып та жығатын, шалып та жығатын болады. Мұндайда қара күшке арқа тіреп, пана іздейтіндер де көбейеді, арбасып пәле іздейтіндер де көбейеді.

Жаушылар батырым болса деп сөз салады, арулар байым болса деп көз салады. Әрине, "Өзін-өзі билеген ел бақытты, өзін-өзі билеген ер бақытты" дегендей, қара күшті қарақан басының қамына жұмсаса оның несі батырлық?

Басым бұлтқа тиер деп бұқпаса, кесірім жұртқа тиер деп ықпаса, қазақ айтады "қазан бұзар үй тентек" дейді. Ал тентек өзін дәуге балайтыны, жантақ өзін бауға балайтыны белгілі. Сондықтан ел дегенде иіліп, жұрт дегенде жұмыла алмаса, белге жеткен БАҚЫТТЫҢ тауы шағылып, меселі қайтпақ. Мұндайда БАҚЫТ белден әрі көтеріле алмай, қожырап кетсе керек. "Беліңнің мықтысы - бір басыңа, еліңнің мықтысы - мың ғасырға" деген сол, әне.

Егер "Жүк ауырын нар көтереді, ел ауырын ер көтереді" дегендей, белге біткен БАҚЫТТЫ елдің әжетіне жаратса, онда БАҚЫТТЫҢ мәртебесі асып, мерейі тасып, адам бойы мен әрі қарай көтерілсе керек қой.

Балақтан кірген БАҚЫТТЫҢ белден асып барар жері - қарын. Әрине, БАҚ шіркін қарынға жеткенде мына дүние жалғаннан жүзіп жүріп қанасын, орып жүріп тоясың. Бір ғажабы, БАҚЫТ адам бойын өрлеген сайын ие болуы қиындай түспек.

Сондықтан да, қарнына БАҚЫТ жеткен адам жүзіп жүріп шөлдейтін болады, орып жүріп қарны ашатын болады. Мұндайда ердің ері, егеудің сынығы ғана қу құлқынның обыр күшіне қасқайып

қарсы тұра алады.

"Ауру - астан һәм дау - қарындастан" дегендей,

"Қанағат қарын тойғызады

һәм дау қанағатсыздық жігітке жалғыз атын сойғызады".

"Күйісің жаман болса тәнің азады, көңілің жаман болса жаның азады", "Арамдық қып ішкен ас, ішіңе барып болар тас" деп дана халық осындайда айтқан. "Дәніккеннен құныққан жаман", "Барын місе тұтпаған арын жейді". Сөз жоқ,

арын аттап, аранын ішіп, қу құлқынға құл болған пенде кешікпей-ақ қарынға біткен БАҚЫТТЫ бір бұтаның түбінде қалдырады.

Абзалы, жоқ болсаң, жасымағанға, тоқ болсаң, тасымағанға не жетсін?! Мұндайда БАҚЫТТЫҢ да мәртебесі асып, мерейі тасып, қарыннан жоғары көтеріледі дейді.

Қарыннан жоғары тұрған - кеуде. Кеудеге БАҚЫТ жеткенде көкірегің күмбірлеп күйге толады. Мынау кең дүние, жарық жалғанның ауызбен айтып жеткізе алмас небір шадыман қызығын да, қитұрқы құлағын да жүрегің жазбай танитын, жаңылмай сезетін болады. Мұндайда жақсыны балақтап, жаманды қарақтай алған "көкірегінде көзі бар" атанып, төңерегіне қадірлі болмақ.

Әлгі "Кеудесі жақсылардың - алтын сандық" дейтін сөз осындайда айтылған. Тіршіліктің шым-шытырық шимайлы жолы өрге де бастайды, орға да жығады. БАҚЫТ кеудеде түрғанда сол шимайлы жолдан шаршамай өтіп, мақсатыңа шалдықпай жетесің. Рас, дүниеге келген пенде шіркіннің арманы таусылған ба, еңістен өрге, өрден қырға, қырдан қияға, қиядан құз-шыңға шықсам деп тырбанумен болады. Кеудеге қонған БАҚЫТҚА қауіп-қатер осы жолда ұшырасады. Өйткені аспандап-асқақтай берген пенде жерден ұзап кетсе, БАРСАКЕЛМЕСКЕ кетеді. Кеудедегі БАҚЫТТЫҢ бағы осылай байланады, меселі осылай қайтады. Кісінің "кеудемсоқ", "өркөкірек" атанатыны да осы кез.

Әрине, "Кішіпейіл болғанмен кішірейіп кетпейсің, өркөкірек болғанмен ұлылыққа жетпейсің", кеудеге БАҚЫТ қонды екен деп өзіңді зор, өзгені қор тұтпағанға не жетсін. БАҚЫТЫҢДЫ өзгемен бөліскен сайын бақытты бола түсесің. Мұндайда кеудедегі БАҚЫТТЫҢ да мәртебесі асып, мерейі тасып, кісінің бойын өрлеп, жоғары қарай көтеріле бермек. Көтеріліп барып бір тоқтайтын жері - тіл көрінеді.

БАҚЫТ тілге байлана бермейді, байланып байырқалады дегенше, ондай жанның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болады. Көп ішінде сөйлеп, көсем атанады, көпке сөзі ұнап, шешен атанады, айтқаны келіп, "аузы дуалы" атанады. Қаһарланып сөйлесе, қамал алады, небір қиынның қисынын келтіріп, амал табады. Қылышынан қан тамған батырды тілінен бал тамған ақын алады.

Халықтың - "Өнер алды - қызыл тіл" дегені де сондықтан.

Алайда "Басқа пәле - тілден" дегендей, тілге байланған БАҚЫТҚА ие болу екінің бірінің қолынан келмейді. Адам көңілінен азады, тілінен жазады. Өйткені бал тамған тілден у да тамады, қысыр сөздің, қырсығы көп болады, орынсыз сөзің өзіңді орға жығады, омақаса құлатады.

Ең тәтті де - тіл, ең ащы да - тіл, ең жұмсақ та - тіл, ең қатты да - тіл. Сондықтан сөйлер сөзіңді түйеден түскендей емес, өлшеп ішкендей етіп жеткізбесең, айтылған сөз - атылған оқ пішкендей етіп жеткізбесең, айтылған сөз - атылған оқ сиықты, қайтара алмайсың. "Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады" деп сондықтан айтылған.

"Ауыздан шыққанша сөз сенің тұтқының, ауыздан шыққан соң, сен сөздің тұтқынысың". Сайып келгенде, сөздің қадірін білмеген, өзінің қадірін білмейді. Тіл - қылыштан өткір, қылдан нәзік, байқамаған кесіп те, үзіп те алады. Ал тілдің кескені жазылмайды, үзгені жалғанбайды. Әдетте, мұндай зауалдың кесірі көпке тиеді. "Аяғы жаман төрді былғайды, аузы жаман елді былғайды" дегендей, байқап сөйлемей, шайқап сөйлеген жан тіліндегі БАҚЫТТЫ оп-оңай шашып-төгіп алады. Ауыздан шыққан дауасыз, пәтуасыз сөзбен бірге БАҚЫТ та желге ұшып, ізсіз-түссіз, зым-зия жоғалады.

"Бас - кемеңгер, жүрек - ер, құлақ - бұлақ, аяқ - пырақ, қол - мұрап, тіл-тілмаш, кілтін тап та сырын аш" деген емес пе, ала сөйлеп, ұлыққа жаққанша, адал сөйлеп, жұртқа жақсаң, тілге біткен БАҚЫТТЫҢ мәртебесі асып, мерейі тасып көзге жетеді дейді.

БАҚЫТЫ көзіне ұялаған жан жеті қақ көкте, жеті қақ жер астында болып жатқан не хикметтің бәрін қолмен ұстап, көзбен көргендей тарататын болады. Ақылдының ойындағысын, алаяқтың ішіндегісін айтқызбай біледі, алданбай сезеді. Көзінде БАҚЫТЫ бар жан арттағы жолын айшылық жерден, алдағы жолын күншілік жерден көріп, жетер жеріне бұралаң жолды шиырламай, елден бұрын жетер жеріне бұралаң жолды шиырламай, елден бұрын жетіп отырады. Дана халықтың "Көп жасаған білмейді, көпті көрген біледі" дейтіні содан.

Алайда жер өлімге тоймайды, көз көруге тоймайды ғой, сондықтан бүгінгі көргеніңді ертеңіне сабақ ете алмасаң, сол көзің оң көзіңе қарауыл болмаса, жылтырағанның бәрін алтын екен деп алданып қалуың оп-оңай.

"Ақылсыз басқа адырайған көз бітеді, ақымақ басқа сылдыраған сөз бітеді" дегендей, ала-шұбар дүниенің қызылды-жасылды қызығына алақтап жүріп от басасың.

От басасың да опынасың.

Сол кезде көзге біткен БАҚЫТ өкініш жасы болып көзден төгіліп қалады екен дейді.

Ал егер көзбен көргеніңді көңіліңе тоқып, өміріңе сабақ ете алсаң, ақтан қараны ажыратар болсаң, онда көзге ұялаған БАҚЫТТЫҢ мәртебесі асып, мерейі тасады дей бер. Мұнан әрі БАҚЫТ басқа жетіп, мәңгілікке тұрақтап қалады дейді. Иә, БАҚЫТТЫҢ аяқты шалдырмай, белді талдырмай, қарынды жарғызбай, кеудені кергізбей, тілді талдырмай, көзден өкініш жасы болып ағып түспей аман-есен адамның басына жетуі қиын. Аман-есен жетті дегенше ол адам кемеңгер болады. Дана халықтың "БАҚЫТ балақтан кіріп, басқа қонады" дейтіні содан болса керек. Шын бақыт - басқа қонған БАҚЫТ.

Ондай БАҚЫТ тепкілесең кетпейді...

 

Ақселеу СЕЙДІМБЕК

"Ана тілі", номер 30,

05/08/2022 жыл

Пікірлер Кіру