Бақыттың бір кілті – «Асыр» сүресі

19 қыркүйек 2018 25785 0
Оқу режимі

Қасиетті Құран Кәрімнің адам баласы үшін таусылмас қазына, сарқылмас бақыт, теңдессіз насихат, түбі жоқ терең ілім қайнары екендігі даусыз. Ондағы әрбір сүре, әрбір аят, тіпті әрбір әріп қасиетті. Қасиетті кітабымыз сан ғасырдан бері үздіксіз зерттеліп-зерделеніп, ол жайлы миллиондаған том еңбек жазылып келе жатса да, оның сырлары толық ашылмаған. Қиямет күніне дейін ашылып бітпек емес. Бүгін Құранның «Асыр» сүресі жайлы қысқаша әңгіме қозғамақпыз.

«Асыр» – Құранның ең қысқа сүрелерінің бірі. Небәрі үш-ақ аяттан тұрады. Алайда, қысқа болса да, бүкіл Құран насихаттарының мазмұнын қамтыған. Имам Шафиғи бұл сүре жайлы: «Құрандағы басқа сүрелер түспегенде, осы сүренің өзі адамдардың дүние мен ақырет бақыты үшін жетіп артылар еді» деп тұжырым жасаған. 

Ғұлама ат-Табаранидің айтуынша, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабаларынан екі кісі жолыға қалса, екеуінің бірі осы «Асыр» сүресін соңына дейін оқымай тарқамайтын. Сүреде бүкіл адам баласы теп-тегіс зиянда екендігі, ал одан тек қана иман келтіріп, ізгі істер жасап, ақиқат пен сабырды насихаттайтындар құтылатыны айтылған.

Бисмилләһир-рахманир-рахиим.

  1. «Уақытқа серт!:
  2. Шындығында адам баласы зиянда.
  3. Бірақ иман келтіріп ізгіліктерді жасағандар, бір-бірлеріне ақиқат пен сабырды насихаттағандар бұдан тыс болмақ».

Сүре «Ғасырға ант!» деп басталады. Мұндағы «асыр» сөзін ғалымдар уақыт, замана, екінті намазының уақыты деп түсіндіреді. Оны сүйікті Пайғамбарымыз өмір сүрген алтын ғасыр немесе ақырзаман деп түсіндіретіндер де бар. Алла Тағала өте маңызды, ұлы нәрселерге ғана ант етеді. Демек, түн мен күннің алмасуынан, қараңғылық пен жарықтың алма-кезек ауысуынан, адамзаттың басынан кешкен небір ұлы оқиғаларға толы уақыт көші адам баласы үшін ең маңызды дүние.

Алла Тағала осынау заман атаулыға ант етіп, содан соң: «Шындығында, адам баласы зиянда» деп ескерту жасайды. Демек қай дәуірде болмасын көпшілік адамдардың ақиқаттан мақұрым қалып зиян шегіп жатқаны, ұтылып жатқаны, өмірлері ақиқаттан ада күйде, күнә мен жаманшылықтың құрсауында ғапылдықпен өтіп жатқандығы бұл сүреде анық білдірілген.

Адамдардың ең үлкен қазынасы  – өмірі десек, сол өмірді олар зая өткізіп жатыр деген мән де бар. Міне, қарап отырсақ, замана ағымындағы адам баласының шын бейнесі осындай өкінішті кейіпте. Ал, өзінің сондай өкінішті күйде екенін білмеу, парқына бармау, тіпті, өкінішті. Ал, енді осындай күйден аман қалатын пенделер жоқ па? Шындығында, теп-тегіс жұрттың бәрі құрдымға батқаны ма деген сұраққа Алла Тағала келесі аятында жауап береді. Онда былай делінген: «Бірақ иман келтіріп ізгіліктерді жасағандар, бір-бірлеріне ақиқат пен сабырды насихаттағандар бұдан тыс болмақ». Осы аяттың астарына үңілсек, әлгінде айтылғандай зияндық пен ғапылдықтың, адасудың, өкініштің құрсауынан төрт артықшылығы бар адамдар ғана құтылып шыға алатынын байқаймыз. 

1. «Иман келтіргендер».  Алланың бір және хақ екендігіне, періштелеріне, қасиетті кітаптарына, Пайғамбарларына, Ақирет күніне, Тағдырға және өлгеннен соң тірілуге сенуді бір сөзбен иман келтіру деп атауға болады. Демек мұсылман адам осы аталған ақиқатар жайлы ізденіп, кітаптар оқып, сенімін күшейтуі керек.

2. «Ізгіліктерді жасағандар». Ізгілік жасау да мұсылман үшін өте маңызды нәрсе. Имандарын тек тіл мен ғана айтып қоймай, сол сеніміне сай игі істер жасау өкініш пен зияндықтан құтылудың екінші шарты. Жақсылықты адам өзі, отбасы, туыстары, елі, тіпті жалпы адамзат бақыты үшін жасайды. Адам иман келтірген болса, бұл жақсылықтарының бәрі сауапты құлшылық ретінде жазылып отырады. Алланың бұйрықтарын орындау мен күнәлі істерден бойды аулақ ұстау да осы ізгілі жасауға жатады. Сондай-ақ ізгі амалдардың ең басында намаз құлшылығы жататынын естен шығармауымыз керек. Тұрмысы нашар жандарға берілетін садақа мен зекет те салихалы амалдар қатарында аталады.

3. «Хақты насихаттағандар». Үшінші артықшылық адамның хақты, ақиқатты насихаттауға күш-жігер жұмсауы. Олай болса, халықты ақиқатқа шақырып, жақсылыққа баулып, жамандықтан тыюға күш салу да мұсылман адамның зияннан құтылуына себеп болары сөзсіз. Қоғамның әрбір мүшесі өзі ғана бақытқа жетемін демей, туралық пен әділдікті өзгелерге де насихат етуі тиіс.

4. «Сабырды насихаттағандар». Ақиқатты насихаттау оңай шаруа емес. Ақыл айтқан адамды жұрттың бәрі жылы қабылдап, насихатына құлақ аса бермеуі мүмкін. Құлақ асу былай тұрсын, ақиқатты айтқан адамның өзіне ұрсып дүрсе қоя беретіндер аз емес. Дініміздің асыл құндылықтарын насихаттайтын адам сол қиындыққа шыдауы керек. Одан бөлек, бүкіл өмірдің өзі сан алуан ауыртпашылықтарға толы. Біреудің денсаулығы нашар, біреудің перзенті жоқ, біреудің бала-шағасы тастап кеткен, біреу ата-анасынан айырылған, біреу жұмысынан айырылған, біреудің ішер асы мен киер киімі жоқ деген секілді өмірлік қиындықтар аз емес. Мұсылман адамдар осындай жағдайларда бір-бірін сабырға шақырып жүреді. Құлшылық жасауға да сабыр керек. Тәтті ұйқыны қиып, таңғы намазға тұру, бір күнде бес намазды қым-қуыт тіршіліктің арасында қиюын тауып уақтылы оқу, ертелі-кеш ретін тауып Алла Тағалаға алақан жайып дұға ету – мұның бәрі төзімді қажет ететін шаруалар. Сондықтан, өзара сабырға шақыру ұтылыстағы өмірден құтылудың негізгі төрт тірегінің бірі. Сөз соңында, төрт артықшылықты тағы бір атап өтелік. Адам баласы екі дүниеде қайғы-мұңға батыратын өкініші мол өмірден иман келтіріп, ізгі амалдар жасап, өзара ақиқатқа және сабырға шақырғандар ғана құтылады. Кім біледі, бәлкім біздің ата-бабаларымыз «Төртеуің түгел болса төбедегі келеді» деп осы төрт ақиқатты меңзеген болар.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, екі дүниеде бақытты болуды қалаған жандар осы сүренің мән-мазмұнына терең үңіліп, оны өмірде іске асыруға тырысқандары жөн.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру