Бауыржан Талғатұлы Мырзақұл
1992 жылы 22-желтоқсанда Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Жылысу ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетін тәмамдаған. 2015-2017 жылдары Нұр-Мүбарак Ислам мәдениеті университетінің Дінтану мамандығы бойынша магистрлік білім алған. Сондай-ақ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Әдебиеттану мамандығы бойынша магистрлік білім жетілдіру үстінде.
Бірнеше республикалық жыр мүшйәралардың жүлдегері атанған. Қазіргі таңда Алматы Орталық мешітінің баспасөз хатшысы және Azan.kz сайтының тілшісі.
Жүректердің емшісі
Уа, Мұхаммед пайғамбарым, асқақ сенің есімің,
Мен өзіңе жыр арнадым, тілеп Хақтан кешірім.
Шапағатың бізге болсын, уа, Алланың елшісі,
Көңілдердің көктемісің, жүректердің емшісі.
Күллі ғалам жаратылды сенің ғасыл нұрыңнан,
Нұр үстіне нұр болсын деп жарық шаштым жырымнан.
Тектілік пен тазалықтың тұғырысың, төрісің,
Нәбилердің ең соңғысы – пайғамбарлар мөрісің.
Адамзаттың асыл тәжі, тура жолдың бағдары,
Уа, Хабибім, Сен ғанасың екі дүние Сардары.
Тәлім берген тағылымды Құдай сөзі – Құраннан,
Адамзатты айықтырған надандықтай мұнардан;
Сен ғанасың, досы түгіл сүйсінетін дұшпаны,
Сені бір рет көрген жанның басылмайтын құштары.
Сен ғанасың барлық жанды сағындарған, сүйдірген,
Пәруанадай қанаттарын от-жалынға күйдірген.
Бақыт таппақ сенің ғана жүрген жандар жолыңмен,
Уа, Хабибім, ішкізе гөр кәусар суын қолыңмен.
Уа, Мұхаммед пайғамбарым, арта берсін құрметің,
Сансыз сәлем, салауатын саған жолдар үмбетің.
ҚҰРБАНДЫҚ ХАҚЫНДАҒЫ ҚОС ТӘМСІЛ
І
Иләһ тұтып иесін ұлы күштің,
Бай – Аллаға басыңды и құлы – міскін.
Біл, мәңгілік бақытсыз бейбақ сол-дүр,
Кебін киген кім болса ібілістің.
Ол озбырға жаралған оты – мақтан,
Болғандықтан болды ойы осы баққан:
«Мен Адамнан (а.с.) абзалмын, басымды имен,
Жаратылған, өйткені, ол – топырақтан».
Шайтан солай өзін тым санады артық,
Қалмай құны бойында бағалар түк.
Алла үкімін екі етіп, арқасына
Азап жүгін алды өзі қалап артып...
Бұл тәмсілден аңғар, дос, бір мәнді ұлы,
Мұнда тарих, тағылым тұр барлығы.
Алыстаған Алладан шайтан малғұн,
Менмендіктің болған соң құрбандығы.
ІІ
Екінші тәмсіл енді «Абыл-Қабыл»,
Жайында болады деп дабыл қағыл!
Екеуі – Адам ата (ғ.с.) балалары,
Қарындас – егіздері жанында жүр.
Қабылдың қарындасы көрікті еді,
Кетердей егізі үшін өліп тегі.
Деді оған Адам ата (ғ.с.) бір күні кеп:
«Сен оның бола алмайсың бөрікті ері».
Заң солай шариғаттың бұйырғаны,
Ал, бірақ, іс одан да қиындады.
Абылдың қарындасын жаратпай тек,
Қалауы Қабылыңның құйындады.
Деді Адам (ғ.с.) теңдей көріп баласын бар:
«Демеймін сүйекке иттей таласыңдар.
Төреші Тәңірімнің өзі болсын,
Сондықтан бір құрбандық шаласыңдар!».
Көрікті кетпесе де егізге ойы,
Аллаға атады Абыл семіз қойын.
Ал, Қабыл астығының ең нашарын,
Шығарды билеп дүние-қоңыз бойын...
Белгілі кімнің жеңіп, жеңілгені,
Әрине, ізгі ниет жеңілмеді.
Насырға шауып бірақ істің арты,
Болмаған қылмыс болды өмірдегі.
P.S.
Иә, адам, Рахмани нұрға бетте,
Тоқтау сал, қан жүктеген бұл ғадетке.
Иә, Алла, бізді бейбақ Қабыл менен
Шайтандай қызғаныштың құрбаны етпе.
Дереккөз: muslim.kz