БЕРЕКЕ

19 сәуір 2024 1954 0
Оқу режимі

"Алла істеріңнің берекесін берсін". Бұл - дұға. Біз бұл дұғаны алдымызға келген асқа да, жаңадан көтерілген шаңыраққа да қатысты қолданамыз. Мән берсек, ынтымақ та берекесіз болмайды. Себебі... Дұрыс. Жоғарыда келтірілген дұғада мәлім болғанындай, берекені беруші - Алла. Ал ол берекені Алла қай кезде береді? Ол үшін әуелі береке сөзінің өзіне мән берейік. Әуелгі түсінік. Берекеде - Алланың қалауы тұрады. Демек, ол сөзде Аллалық мән бар. Мән дегеніміз - Аллалық сипат. Алла мына әлемді сол өзіндік берекемен бөлеп тұр. Біз табиғи үндестік деп қабылдайтын нәрсенің бәрі - Алланың берекесі. Ол ешқашан түгесілмейді. Себебі... Дұрыс. Береке дарыған. Бұдан берекенің өзгені қуантатын өзіңдегіде болатынын түйсінеміз.

Шамалы түсініксіздеу болып кетті,ә? Ендеше "тәпсірлейік". Бұл ұғымдағы "өзіңдегінің" иесі бізбіз. Ұғынықтылық үшін айтайық. Дастарқан жайып, қонақ шақырдық делік. Біз иелік ететін "өзіңдегі" - ортадағы табақ. Береке - сол табаққа дариды. Ал ол береке дару үшін, әлгі біз иелік ететін нәрсе - өзгені қуанту керек. Жүйе осы. Бұл жүйе барлық берекелі істерге тән.

Мынандай бір тәмсіл бар.

Ілгергі дәуірде ағайынды екі жігіт болыпты. Екеуінің ынтымағына жұрт сүйсінеді екен. Үлкені - Халил үйленген, бала-шағалы екен де, кішісі - Ибраxим әлі бойдақ екен. Бір жылы екеуі бірлесіп бидай егеді. Шыққан бидайды орып, екіге бөледі. Ағасы інісіне: "Сен осында күте тұр. Мен бидай таситын қаптарды алып келейін" дейді. Ағасы қапқа кеткенде інісі "Ағамның бала-шағасы бар, оған үлестің көптеу болғаны жөн" деп, өз бидайынан алып, ағасына қосып қояды. Інісі бидайын арқалап кеткенде ағасы: "Інім әлі үйленген жоқ. Сондықтан оныңкі көптеу болсын" деп ол да өз бидайынан алып, інісіне қосып қояды. Осылайша бірініңкі екіншісініңкінен азайып қалғандай көріп, бидайларын бір-біріне қайта-қайта қосып қоюмен болады. Олардың бұл ісі Аллаға ұнайды. Сондықтан олар бидайына береке бергені соншалық, қанша күн тасыса да таусылмай қояды. Екеуінің де бүкіл қоймалары астыққа толады.

Осы тәмсілден де мәлім болғанындай, береке дегеніміз: "Өзгеге қуаныш сыйлаған өзіңдікі" екен. Ал береке болмаған жерде әлгі "өзіңдікі" өзгеге күйік болады. Ол "күйік" материалдық тұрғыда көп сияқты көрінгенімен, онда береке болмағандықтан ол ешкімге қуаныш сыйламайды.Сондықтан біз неге иелік етсек те Алла соның берекесін берсін!

 

Құдияр БІЛӘЛ

Пікірлер Кіру