БЕРЕКЕ НЕ, БІТЕ НЕ?

19 тамыз 2022 4016 0
Оқу режимі

Қазақ үшін дәстүр мен дін ­– егіз. Тозығы жеткен дәстүрлерімізді есептемегенде, озығы барлардың діннен тамыр алатынын күнде көріп жүрміз. Дәстүр мен дінді жетік білетін адамға бұл анық байқалады.

Мәселен, тамақ ішу әдебі де қазақтың «дәстүрлі әдебіне» айналған. Ендеше осы мәселеге қатысты дәстүріміз бен дінімізді қыздың бұрымындай етіп өріп көрейік.

Айша анамыздан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім тамақтанатын болса, алдымен «бисмилләһ» деп Алланың атымен бастасын. Егер ас-ауқат ішуден бұрын Алла Тағаланың есімін атауды ұмытып кетіп, аузына ас түскенде ғана есіне түссе, «бисмилләһи әууәлләһу уә әхираһу» (Астын алдында да, соңында да Алланың есімін айтамын) десін», ­– дейді. Қазақтың «Бісміллә, бісмілләсіз іс қылма!» деп тамақты ғана емес, жалпы барлық игі істі Алланың атымен бастауды өсиет ететін қара сөзі барын білеміз.

Сахаба Уахши ибн Харб (р.а.) былай дейді: «Бірде сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Біз қанша тамақтансақ та тоймайтын болдық», – деп Пайғамбарымызға (с.а.у.) келеді. Алла Елшісі (с.а.у.): «Бәлкім, сендер бір-біріңнен бөлек отырып тамақтанатын боларсыңдар», – деп сұрайды. Олар: «Иә», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ендеше бірге отырып ауқаттаныңдар һәм Алланың атымен асқа қол созыңдар. Сол кезде ішкен астарың берекелі болады», – дейді».

Демек, бөліскен аста береке болады екен де, ал бөліспей ішкен аста ше? Бұған да қазақ сөз тапқан. Қазақ: «Бөліскен аста береке бар, бөліспей ішкен аста біте бар» дейді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбасында «Берген аста береке бар, бермеген аста біте бар» деп, бұны Шоң биден қалған сөз деп, соның нақылына жатқызады. Ол былай дейді: «Құдай рахмат қылсын: «Шоң би айтады екен: «Берген аста береке бар». «Береке» деген періштенің аты. Берген үйдің асына періштесі береке береді. «Бермеген аста біте бар». «Біте» деген шайтанның аты. «Бермеген үйдің асын «Біте» деген шайтан сорып құртады» дейді.

Жалпы, қазақ «біте» деп теңқанаттылар отрядына жататын жәндікті атайды. «Википедия» сөздігінде бітенің дүниежүзінде 12 тұқымдасқа бірігетін 2500-дей түрі белгілі екені және дене тұрқы 0,5 – 6 мм. болатын жәндік екені жазылған. Бітенің ең көп тараған түрлері алма бітесі, мақта бітесі, сондай-ақ, жүзімнің аса қауіпті зиянкесі – филлоксера екен. Яғни, біте – өсімдіктердің арасында вирустық ауру тарататын зиянкес.  

Ел арасында біте алаша, текемет, кілемнің жауы ретінде «қара күйе» деген атаумен де танылған.

Демек, бөліспей ішкен ас біте түскендей жұғымсыз, берекесіз, қарынға түскен соң іштегі құрт жегендей тойымсыз болатыны содан болса керек. Осыны қазақ дәл аңғарып, «бөліспей ішкен аста біте бар» деп тауып айтқанын көрмейсіз бе? Бұл да Пайғамбар өсиетінен шыққан сөз екеніне ешкім дау айта алмас. Сондықтан да, қазақ қашанда ортаға сары табақпен ас тартып, дөңгелек үстелді қоршап, дөңгеленіп отырып ас ішкен.

Ақтамберді жыраудың:

«Өзім бір бөлек жайласам,
Жігіттен нөкер сайласам,
Ойпаң жерге он отау,
Қыраң жерге қырық шатыр тігіп,
Қонағымды жайғасам!
Пышақтан малым кетпесе,
Қазаным оттан түспесе,
Ауылдан топыр үзілмей,
Ошақтың оты өшпесе!
Май жемесе қонағым,
Қан жемесе барағым,
Он кісіге жараса,
Бір кісіге арнап тартқан табағым!» – деп бір адамның асын он адам ортақтасып ішуін аңсайтыны содан ғой.

Бала күнімізде әке-шешеміз табақтың әр шетіне қол жүгірте бергенімізде «Өз алдыңнан же, бөтен біреудің алдына қолыңды созба» деп тыйып отырушы еді. Бұл сөз де қазақтың тыйым сөздерінің қатарынан орын алғанын «Ырым және тыйым сөздердің танымдық-тағылымдық мәні» деген тақырыпта ғылыми жұмыс жазып жүргенде көрдім. Сөйтсем, бұл да Пайғамбар өсиетінен келген тыйым екен-ау дедім. Алла Елшісінің (с.а.у.) Омар ибн Әбу Сәләма (р.а.) есімді өгей ұлы былай дейді: «Бала күнімде Алла Елшісінің (с.а.у.) қамқорлығында болдым. Тамақтанғанда қолымды табақтың әр жеріне бір созатын жаман әдетім бар еді. Бірде Алла Елшісі (с.а.у.) маған: «Балақай! Алдымен «бисмиллә» деп Алла Тағаланың атын ата, содан кейін оң қолыңмен және өз алдыңдағы астан жегін», – деп ескертті». Жоғарыдағы тыйым сөздің төркіні осыдан шыққаны айтпаса да түсінікті.

Қазақтың тартылған сары табаққа салалы саусақтарын салып жеуі де Пайғамбар сүннетінен. Кағб ибн Мәлик: «Алла Елшісінің (с.а.у.) үш саусағымен (бас бармақ, сұқ саусақ, ортан қол) тамақ жегенін, содан соң үшеуін де тамақтың жұғынын да рәсуа етпей ұқыптылықпен, жақсылап жалағанын көрдім», – дейді. Кейбір жұрттың «бес бармақты» қайдан шығарып жүргенін түсінбеймін.

Қазақтың астың соңында «тон жағасыз, ел ағасыз, дастархан батасыз болмас» деп ас қайыруы да Алла елшісінен қалған өсиет. Пайғамбарымыз дастарханнан тұрарда: «Аллаға сансыз, риясыз, берекелі, толассыз мадақ пен шүкір айтамын. Ол – біздің Раббымыз!» – деп ас қайыратын. Қазақтың астан соң «Аллаһу әкбар!» деп бет сипау әдеті осыдан қалған.

Міне, дәстүрді діннен бөліп, мансұқ еткісі келетіндерге осы да жауап болар ма дер едім. Екеуі бір-бірінен ажырамас тұтас дүние екеніне бұдан артық не керек?

Салтан Сайранұлы

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру