БЕС УАҚЫТ НАМАЗ
Ең алғаш дәрет алған адам Адам (а.с.) пайғамбар. Адам (а.с.) жер бетіне түсірілгенде жәннатта жеген тыйым салынған жемістің кәффараты ретінде дәрет алады.
Таң намазын алғаш рет оқыған да Адам (ғ.с.) пайғамбар. Өйткені ол жұмақта ешқашан түнді, қараңғылықты көрмеген еді. Жерге түсірілгенде оны түн қараңғылығы басып, есінен танып қалады. Таң рауандап атып, таңның нұрын көргенде, бұған шүкірлік етіп, екі ракағат намаз оқиды.
Түскі уақытта алғаш болып намаз оқыған Ибраһим (а.с.) пайғамбар. Ол ұлын құрбандыққа шалар кезінде төрт қиындыққа тап болады. Бұлар – ұлын құрбандыққа шалудың қиындығы, баласының қиындық көруі, әйелінің уайымы және Раббысының разылығына жете алмаудың қамы. Сөйтіп, Ибраһим (а.с.) пайғамбар Алла тағаланың барлық қиыншылықтарын кетіргеніне шүкірлік етіп, түскі уақытта төрт ракағат намаз оқиды.
Екінті намазын алғаш болып оқыған Сүлеймен (а.с.) пайғамбар. Алла тағала оған мал-мүлік пен салтанатын қайтарып бергенде, шүкіршілік ретінде екінті уақытында төрт ракағат намаз оқиды.
Иса (а.с.) пайғамбар ақшам уақытында бірінші болып намаз оқыған пайғамбар. Ол өзі жайлы «ол үш құдайдың үшіншісі», деушілердің сөздеріне кәффарат болу үшін кешкісін үш ракағат намаз оқиды.
Юнус (а.с.) пайғамбар құптан уақытында алғаш болып намаз оқыған пайғамбар. Ол балықтың ішінен жағаға шығарылғанда, түн болатын. Осыған шүкіршілік етіп, ол төрт ракағат намаз оқиды.
Алла тағала Мұхаммед үмметіне осы пайғамбарлардың алған сауаптарына ие болу үшін осы бес уақытта дәрет алып, намаз оқуды нәсіп етті.